VILLAGE LIFE

  Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көрсетілген мектеп туризмін дамыту бағыты бойынша облыстық тарихи-өлкетану музейі «Village life» жобасын ұйымдастырды. 16 мектеп бойынша 800 оқушыны қамтыған ауылға сапар маусым айында басталып, осы аптада нәтижелі аяқталды.
Оқушылар жоба аясында Сырдария ауданының Бесарық ауылы мен Шиелі ауданындағы Ы.Жақаев ауылына арнайы барып, қазақы салттан қол үзбеген тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтты. Жаһандану заманында ауыл мен қаланың аражігін ажыратпау ‒ түпнегізді, қазақы болмысты сақтаудың басты жолы. Осындай мақсатты көздеген ұстаздар мен оқушыларға Ы.Жақаев ауылының құрметті ақсақалы Нұрлан Махмұтұлы мал шаруашылығын жіті түсіндіріп, кеңінен таныстырды. Ал өлкетанушы, Бесарық ауылының құрметті азаматы Жұмабай Байзақұлы атқа мінудің үлгісін көрсетіп, салт-дәстүр, ырым-тыйым тақырыбына баса назар аударды. Оқушыларға көненің көзіндей болған дүниелерді таныстырып, ауыл жайлы танымын кеңейткен екі кісі де жоба басталуға бір апта қалғанда қажылық сапардан оралған екен. Ұйымдастырушылар қорытынды кеште ауыл ақсақалдарының осы қуанышын да тілге тиек етті.
    ‒ Төрт түліктің бәрі қолымызда болған соң, оның етін жеп, сусынын ішіп қана қоймай бүгінгі буынға ата кәсіпті таныстырып, білгеніммен бөлісу парызым деп түсінемін. Әсіресе қала баласы қазақылықтан алыстап бара жатқан тұста ауылдың қадірін  ұғындыру маңызды деп ойлайтын ақсақалдың бірімін. Әрине мал бағу оңай емес. Заман өзгерді, жер жекешеленді. Соған қарамастан қолдағы жылқы тұқымын халықаралық жарыстарға баптап, мал өрісін кеңейтіп отырмыз. Жылқы ‒  азаматтың сәні мен салтанаты, ердің қанаты. Оқушылар ауылға келгенде жылқы баптауды, атқа мінуді, ертоқым жабылауды шамам жеткенше көрсеттім. Оқушыларға ендігі айтарым, заманға сай білім алыңдар, бірақ ата-баба дәстүрін ұмытпаңдар, ‒ деді Нұрлан ақсақал.
       Ал «Village life» жобасының бас жүлдесін жеңіп алған Нұрай ауыл өмірін тұңғыш рет көргенін айтады.
       Нұрай ЗИАДИН, №7 мектеп-лицейінің 8 сынып оқушысы:
‒ Бұл жобаға дейін  қазақ тілі әдебиеті пәнінен жарысқа қатысып,  «Сыр сүлейлері» тақырыбында ғылыми жоба дайындадым. Осы жылы облыстық эссе байқауында маған «ХХІ ғасырдың ауылы қандай болу керек?» деген тақырып берілді. Шынымды айтсам, ауыл тақырыбы келеді деп мүлде ойламаған едім. Сол жарыста сөздік қорымның арқасында екінші орынды иелендім. Білесіз бе, ауыл дегенде менің ойыма алдымен ақсақалды ата мен өреге құрт жаятын әже келетін. Бірақ нағыз ауылдың болмысын Бесарыққа барғанда сезіндім. Жоба соңында, көрген-түйгенімді өлең жолымен суреттеп, жеңімпаз атандым, ‒ дейді ол.
Гүлдана ЖҰМАДИН
02 қараша 2019 ж. 1 036 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930