» » » ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ

ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ


 «Ойшыл жан біркүндік, пендешілік қарекеттің аясында қалмайды, ол өткен заманға бойлайды, бүгінгі күнді ойлайды, тарих ғылымына сүйеніп, болашақ туралы толғайды. Ойшылжан бір ұлттың перзенті емес, адамзат  перзенті». Бұл жазушы-публицист Герольд Белгердің сөзі. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқыған соң мен жазушының айтып отырған ойшыл адамын тапқандай қуандым.
Әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу мемлекетіміздің басты мақсаты. Жаһанданудың бұл жаңа қадамы рухани жаңғырудан басталып отыр. Бұған дейінгі «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» бағ­дарламалары аясында көптеген  тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық. Әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға тың деректерді жинадық. Мемлекет басшысы мықты, әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қа­лай қадам басуымыз керегін жазды және бұқаралық сананы өзгерту туралы көзқарасын ортаға салды. Әуелі Ұлт көшбасшысы «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» бағамдады. «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», - деді Н.Назарбаев. Болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтынын ашып айтты. Жаңғыру көне жәдігерлерімізді ұмыт қалдырмауы керек. Замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттары ретінде қарау керегін жеткізді. Жаңғыру, жаңа кейіпке енумен бір. Жаңашылдыққа қадам басу елдің ұлттық-рухани тамырынан басталмаса, адасу болатынын айдан анық. Сол үшін де Тұңғыш Президент тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртуға қажет бірнеше бағытты атап өтті.
Бүгінгі қоғамның басты талабы - бәсекелік қабілеттілік. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, әрбіріміздің бәсекелік қабілетімізбен айқындалады. Сондықтан, ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуды қазірден қолға алу керек. Мысалы,  компьютерлік сауаттылықты арттырып, шет ел тілдерін меңгеріп, мәдени ашықтық қай-қайсымыздың да алға басуымызға қажетті факторлар.
Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу. Прагматикалық педагогика көптеген елдердің, əсіресе АҚШ-тың мектептік білім жүйесінің қалыпқа түсіп, өркендеуіне зор ықпал еткен. Прагматизмнің аса көрнекті өкілі- американдық ғалым Дж.Дьюи бала белсенділігін дамыту, бала оқуының ықпалды мотиві қызығуға дем беру принциптерінің орындалуын білім игертудегі басты міндет деп есептеді.
Ғалым оқу процесінің негізі баланың жекеленген іс-əрекеттік тəжірибесінде болатынын уағыздады. Адам өз əрекет-қылығын басқаруда алдын ала жоспарланған принциптер мен ережелерге тəуелді болмай, нақты жағдай мен көзделген мақсатқа орай белгілі əрекетке кірісуі қажет. Жеке табысқа жету жолында жəрдем бергеннің бəрін прагматистер ізгілік нышаны ретінде таниды.
Мақалада Елбасы бүгінгі қоғамдағы прагматизімді ашық талдап,  халқымызды мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге шақырды. Бүгін алға ұтымды қадам жасап ұмтылмаған ұлт, ертең енжарлығы үшін ұтылары анық.
         Мұнан соң ұлт көшбасшысы ұлттық бірегейлікті сақтауға айрықша тоқталды. «Ұлттық жаңғыру ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту» деп ашық жазған. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ұлттың коды дегеніміз не? Орыстар мақтанғанда жерін, елін, ғарышты бағындырғанын, соғыста жеңгенін айтады, коммунизмнің қаһарынан өзімізді ғана емес, Еуропаны, Американы азат еттік дейді. Қытайлықтар ұлттық ұстанымдарын ұмытпай әрбір мәдени шараға ұлттық киіммен қатысады. Салт-жоралғыларын да қалт жібермейді. Жері тар, сыймай отырса да тарихи-мәдени жәдігерлерін көзінің қарашығындай сақтап отыр. Ұлттық кодтың негізі – отансүйгіштік. Қазақ ұлтының коды – қазақылығы. Біздің мақсат ата-баба мұрасын қастерлеп, мирасына сызат түсірмеу. Қазбек би: Дұшпанның аяғына жаншылмаған елміз, Басымыздан намысты асырмаған елміз, адалдықты әрқашан жасырмаған елміз, атаның өсиетін балаға, баланың өнерін атаға айтып, тарата білген елміз, құлақтың құрышын қандырып, әділ сөзді халыққа айта білген елміз, - деді. Ұлттық код − осы елдігімізді сақтау. Бойымыздағы қазаққа ғана тән рухани қуатымызды сақтау. Өзіңе, өз еліңе, өз таңдауларыңа деген құрмет.
«Білімдіге дүние жарық. Білімсіздің күні кәріп», - деп халқымыз бекер айтпаса керек. Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – қанымызда бар қасиет. Күн сайын тың дүние жарыққа шығып отырған жаһандану уақытында табысты болудың ең іргелі факторы білім екенін Елбасы тағы да еске салды. Әсіресе жастарды білімге басымдылық беруге шақырды.
 Сананың ашықтығы «от басы, ошақ қасы» төңірегінде қалып кетпесе екен деп алаңдаушылығын жеткізді. Тіл үйрену - жаһандық әлемге еркін кіріп, жұмыс істеудің басты шарты.  «Сананың ашықтығы зерденің үш ерекшелігін білдіреді. Біріншіден, ол дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Екіншіден, ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Үшіншіден, бұл – өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі», -деп таразылап берді. Зеректігімен әлемді таңқалдырған жапондықтар, ойлап таппайтыны жоқ қытайлықтарға тек қызығып жүре бермей, біз де алға ұмтылуымыз қажет.  
Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті таяу жылдардағы міндеттерді де талдап, таразылапты. Бұған дейін «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керегін» мәлімдеген еді.
Енді қазақ тілінің әліпбиін өзгертудің тарихы негізін, нақты саяси себептермен айқын­дап көрсетіп берді. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көші­ру­дің нақты кестесін жасауды тапсырды.
Мұнан бөлек Елбасы Ұлттық аударма бюросын құру, «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» атты жаңа жобаларды қолға алуды тапсырды. Бүгінде кітаптардың алдыңғы легі аударылып қолымызға тие бастады. Басты мақсат тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихын жастардың өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ету. «Бұл мақсаттар халқымызды шын мәнінде ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі болмақ. Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы», - деді Елбасы.
«Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу» деді Ұлт көшбасшысы. Қазақ ұлтын жігерлендіріп, мақсатын айқындап, алға жетелеп рухани күш берген мақалада ұлттық код, прагматизм, білімді жастар, бәсекеге қабілеттілік, баянды болашақ кеңінен сөз болды. Бұл жолы біз Елбасы айтқан ұлттық бірегейлік пен бірлікті сақтау туралы сөз еткіміз келеді.
Тәуелсіз мемлекетіміздің басты жемісі де, жеңісі де – ұлттар достығы. Бүгінде мемлекетімізде саны жүз мыңнан асатын тоғыз ұлт диаспорасы (орыс, өзбек, украин, ұйғыр, татар, неміс, түрік, корей, әзірбайжан) бар. Түрі бөлек болса да, тілегі бір халықтардың бірлігі, ынтымағы мығым. Мемлекетіміздің осылайша жарасым тауып жаңғыруға қадам басқанына қызыға да, қызғана да қарайтындар көп. Қазақ елінде халықтар достығының идеологиясы дамыған. Ата-бабамыз жер аударылып келген әрбір халықты жатсынбай қабылдап, бір нанды бөліп жеді. Бұл қиын кезеңдегі оқиғалар халқымыздың эмпатиясы дамыған ұлт екенін көрсетеді. Эмпатия латын тілінен аударғанда – өзгелердің қайғы-қасіреті мен қиыншылықтарына ортақтасып, оларға жанашырлық білдіру, сол арқылы өзгенің ауыр психикалық жай-күйін өз басынан кешіргендей халге түсу. Қазақ халқы «ақсың, қара, сарысың» деп ешқайсысын бөлмеген. Жат жұртқа жанашырлық білдірген елімізде ынтымақ пен бірліктің жарасым табуы қазақ ұлтының ерекше қасиеттерінің көрінісі. Мемлекетімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің азаматтық құқықтарына қамқорлық жасалып келеді. Сондықтан болар мемлекетіміздің өркендеуі жолында қазаққа зиян келтіріп жатқан өзге ұлттың ұл-қызын көрмейміз. Керсінше, «Менің Отаным - Қазақстан» деп жалынды еңбек етуде. Шетелде білім алса да, ата-бабасының құтты қонысына қайта оралып жатыр.
«Туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды» деді мемлекет басшысы. Расында да біз ұлы ұлттың перзентіміз. Ұлтымыздың ұлылығын аңғартар бір ғана қасиеті бауырмал жылы құшағы. Жуырда Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен облысымыздағы бір топ өзге ұлт диаспорасының өкілдерінен құралған  «Ұлы Дала Елі» тарихи-танымдық экспедициясы саяхатқа шықты. Оңтүстік Қазақстан облысындағы тарихи орындарды аралап, мол мәдени мұрамызбен танысқан топ мүшелерінің бірі Галина Щербакова: «Тарихымызды танып, жас ұрпаққа жеткізу басты міндетіміз» дейді. 
− Ата-бабамыз қазақ жеріне алғаш келгенде бұл ұлттық қандай қамқорлық жасағанын, қолдау білдіргенін біз жақсы білеміз. Біз  осында тудық, осында білім алып есейдік. Бала күннен мейірімге бөленіп, қазақ балалармен қатар  ойнап, бірге білім алдық. Үлкендеріміздің бұл ұлтқа деген ризашылығы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табары сөзсіз. Себебі бауырмал ұлттың берекелі шаңырағы туралы жиі айтылатын. Қазақ елі - біздің Отанымыз. Туған еліміздің тарихын тереңірек білуіміз керек. Ежелгі халықтың өмір жолын, тұрмыс-салтын, ерлік істерін жас ұрпаққа жеткізу бізге міндет. Айқын мақсатқа жету үшін Қазақстан мемлекетінің дамуына қалтқысыз еңбек етудеміз, − дейді «Славьяне» қоғамдық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Галина Щербакова.
«Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту» деді Елбасы мақалада. Ұлттық болмыстың өзегін сақтау міндеті алдымызда тұрса, біз қатігез, тас жүрек болуға тиісті емеспіз. Себебі біздің қанымызда қазақтың адалдығы, бауырмалдығы, ақжарқын жомарт қасиеттері бар. Ұлттық коддың негізі де оның өзіне ғана тән болмысы. «Біз - қазақ деген мал баққан елміз, Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз». Қазыбек бидің бір ғана осы өлең жолдары біздің ұлтымыздың болмысының дара қасиеттерін жеткізеді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы өзекті ойдың бірі елдің бірлігін, ұлттардың достығын сақтай отырып, тек қазаққа тән  ұлттық рухымызды бойымызда мәңгі сақтап қалу.
Сынаптай сырғыған уақыт алға шақырады. Ұлттық жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғасатын кезең. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы болмақ. Тарихтың шаңына көміліп қалмас үшін мемлекетіміздегі әрбір ұлт өкілімен жалғасқан достығымызды ту етіп, бірлігі бекем, бірегей ұлт ретінде батыл қадам басуымыз керек. Елбасының мақаласында мол тағылым бар. Мақала болашаққа деген сенімімізді еселеп, жігерлендірді. Өмір сүру үшін бүгіннен бастап өзгере білуіміз керек. Көнбесек тарихтың шаңына көміліп қаларымыз анық. Елбасының әрбір парасат пайымы, жүйелі жоспары мен озық ойы ол кісінің өркениет өрісін көрген, ата-баба мұрасының ең асылын терген, қарымды, қайратты жан екеніне тағы бір көзімізді жеткізді.
Гүлбану МАҚАЖАН
15 қыркүйек 2019 ж. 458 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031