» » » Егіс басындағы ерлік

Егіс басындағы ерлік

  Жас агроном жол бастады. Соңынан жалғыз аяқ жолға ілесе кеттік. Білімдар екені көрініп-ақ тұр. Әрбір тыңайтқыштың ерекшелігін, өсімдікке пайдасын айтып, аузы бір тыным таппады. Бәлки, ізденісі зор жан болды ғой деп топшылағаным рас. Жаңылыспаппын. Агрономия ғылымдарының магистрі екен. Жастайынан туған жерге кіндігін байлаған Рүстем Сматов еді бұл. «Шаған Жер» ЖШС агрономы. Бір сәт уақытын босқа жібермейтін маман.

– Біз биыл 2872 гектар күріш ектік, – деді ол бас киімін қисайтып күнге қарап тұрып. – Дәл осы күнге 455 гектарын ордық. Бастырылған көлем – 220 гектар. Орташа өнім көлемі гектарына 52 центнерден келіп тұр. Ал тұқымды дәрілеп еккен жерлер өнімді жоғары беріп жатыр. Мұндай әдіспен 400 гектар жерге дән септік. Бұл әдіс күріштің тез өнуіне ықпал етіп, әлсіз кезінде инфекцияларға қарсы тұру күшін арттырады. Мұндай жерден 73, 60 центнерден өнім алып жатырмыз. Әлі 320 гектардай жер бар. Бұл әдістің тағы бір ерекшелігі тұқымды үнемдеуге көмектеседі.
Рүстем Нұржанұлы осында келгелі тыңайтқышты үнемдеп себу идеясын қолға алды. Былайша айтқанда, шағын ұшақпен немесе делтапланмен екі мәрте сепкеннен тыңайтқыштың екі түрін араластырып, бір-ақ рет себеді. Біріншіден, уақыттан үнем. Екіншіден, жанар-жағармай да аз кетеді. Ал техниканы жалға алатындарға үлкен пайда.
– Менің дипломдық диссертациямның тақырыбы да – тыңайтқышты үнемдеп себу идеясы. Нәтижесінде өнімділікке 5-7 центнерден қосып отыр. Былтыр 24 гектарға тәжірибе жасап едік, биыл барлығына сол әдіспен ектік. Бұл – биологиялық тыңайтқыштар: биодукс пен псевдобактерин. Бұлар өсімдіктің бойын өсіреді, төзімділігін арттырады. Қолайсыз жағдайларға бейімдейді. Оған қоса, ауруға төтеп беру қабілетін арттырады. Екеуі қатар жүреді. Биыл бұл тыңайтқыштарды барлық күрішке қолдандық, – дейді маман.
Жер-жерде суды үнемдеу жайы көп қозғалды. Биыл «Шаған Жер» серіктестігі қашыртқыдағы суды насоспен кері айдап қайта қолданысқа жұмсады. Онысы біраз шаруашылыққа үлгі. Бұл су тапшылығы дегеннен гөрі, табиғаттың кәусар байлығын үнемдеу дегенге көбірек келеді.
– Жаңашылдық деген ұғым ауыл шаруашылығына керек-ақ. Қазір агродрон деген техника бар. Тыңайтқышты да себесің, дәнді де себесің. Қай жерге қанша мөлшер керек екенін компьютер сканер арқылы анықтайды. Ақысы да әжептәуір. Бір данасы өзін 3-4 жылда ақтайды. Бұл егіс аумағы 400-500 гектар болатын шағын шаруашылықтарға тиімді. Біз 3 мың гектарға жуық күріш егеміз. Бізге оның бірнешеуін алу керек болады. Бізге тиімдісі – делтаплан мен ұшақ, – деді күріш сабағын қолына ұстаған күйі агроном.
Айтпақшы, «Шаған Жер» серіктестігі шаруашылықта әртараптандыру бағытын ұстанған. Биыл егіннің қасына жылыжай кәсібін де қосады. Бір ай уақыттың бедерінде құрылысы толық аяқталады. Тұқымы, тыңайтқышы, топырағы да дайын. Тек егін бітіп, құрылыс жұмыстары аяқталса, іске кіріседі.
– Бұл жылыжай бір ауылды қамтамасыз етеді. Күз бітіп қыс келгенде жаңа жұлынған қияр жеудің өзі – бір керемет. Көкөністің қат кезінде егіп шығарып, халыққа ұсынамыз. Баға тұрақтылығының тиімділігі жоғары. Бұл жылыжайдың ашылуына қатысарсыздар, сол кезде жаңа технологияларымыз бен әдіс-тәсілдерімізге қанық боласыздар, – дейді Р.Сматов.
Рүстемнің жалын атқан көздері әлі де тынбай елге қызмет ететінін аңғартқандай. Ауыл тақырыбына ойысқанда жүзінде нұр ойнап, күнұзақ егіс даласында тер төккенін де ұмытады екен. Елге, туған жерге деген махаббат оның нұр ойнаған көзінен көрінді.
– Менімен бірге оқығандар қазір белді қызметтерде жүр. Бірақ айырмашылығымыз, олар галстук тағады. Жалақылары да менің жалақымнан көп емес. Қазір еңбектің бағаланған дәурені. Менің өз ортамда абыройым бар, отбасымды асырауға жететін жалақым бар, тұрақты жұмысым бар. Алдымда мақсатым, асқақ арманым бар. Мен толыққанды тұлғамын, – деді елжанды азамат.
Рүстем Нұржанұлы ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп, биікке қадам басуына көп еңбек етіп келеді. Осы ауылдың маңдайалды механизаторы Нұржан Сматовтың тәрбиесін алған ұлы емес пе?! Бүгінде әкелі-балалы екеуі серіктестікке серпін сыйлап жүрген жандардың қатарында.
Қоғалыкөлдегі алқапта 1000 гектардан аса күріш егілген. Бүгінде мұнда да Сыр салысына алғашқы орақ түсті. Десе де жұмыс енді басталған. Құлболды Ишан мазарының маңынан өте бере ауыл іргесінде жатқан Бидайкөл алқабы қарбаласқа толы. Берекелі маусымда шаруашылық жеріне көкөніс еккен ауыл еңбеккерлері де жексенбіде бір уақыт картоп-сәбізін қазып, қауын-қарбыз, асқабағын жинап жатыр. Соңғы уақытта жастар ауылға бетбұрыс жасап, ауылшаруашылығы саласына қомақты үлесін қосып жатыр. Солардың бірі – Жандос Есенбаев. Ол – сушы.
– Мектеп бітірген соң көпшілігі арман қуып алысқа аттанып жатады. Бәріміз кетсек, ауылда кім қалады? Мен ауылда еңбек даласына аттанатын болып шештім. Осылайша білек сыбанып кірісіп кеткеніме де қазір он жылдан асыпты. Биылдан бастап күріш егіп, сушы жұмысына кірістім. Күріштің шығымы жаман емес. Орақ енді түсті. Жұмыс жаңа басталған соң пәлен центнерден беріп жатыр деп айту қиын. Бұйыртса, үдеден шығамыз деп отырмыз, – дейді Жандос Байронұлы.
Осы алқапта Жамбыл Жаппаровтың басқаруымен Ораз Ермашев, Руслан Байдырахманов, Азамат Мотышев, Бақыт Көшербаев, Айдос Жақыпбеков тәрізді азаматтар жұмыс істейді. Олардың әрбірінің маңдай тері туған жердің төсінде тамып келеді. Елдің несібесін теретін науқанда бұлардан бөлек механизаторлардың еңбегі ерен. Олар таңның атысынан күннің батысына дейін, күннің батысынан таңның атысына дейін жұмыс істейді. Күндіз-түні гектар-гектар алқапты жауын-шашынға қалдырмай есен-аман жинап алу – олардың басты мақсаты.
Қызылорда қаласының іргесінде Қарауылтөбе атты ауыл бар. Елге белгілі Ы.Жақаев атындағы «Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС тәжірибе алаңы осында орналасқан. Бүгінде олар күріштің «Янтарь», «Лидер» сорттарымен қатар жаңадан «Сыр сұлуы» сорты да егілген болатын. Бұған дейінгі қолданыстағы сорттар 110-120 күнде пісетін болса, жаңа сорт 90 күнде толық дайын болады.
– Су тапшылығын жұртшылық күріш еккенімізбен байланыстырады. Бірақ күріштің өңір басты әрі экологиялық дақыл екенін естен шығарады. Күріш көлемін көп қысқартсақ, жер тұзданып кетеді. Ал тұзданған жерге басқа дақылдар шықпайды. Сондықтан ауыспалы егісті таңдаймыз. Күріш егілген жерге басқа дақылдар жақсы шығады. Біздің ойымызша, күріш алқабын 50 проценттен 25 процентке дейін қысқартуға болады. Оның орнына басқа дақылдарды егу мүмкіндігіміз бар. Бірақ суды үнемдеу ғылыми жобалардың негізімен ғана жасалуы керек, – дейді Ы.Жақаев атындағы «Қазақ күрішшаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның бас директоры Бақытжан Дүйсембеков.
Алқаптың төбесінде агродрон қалықтап жүр. Жаңашыл технологияны өндіріске енгізетін бұл серіктестікте шаруалар шығынға батпаудың жолын іздейді әрі өзгелерге ұсынады. Бұрын тұқым сепкіш құралдармен тым биіктен тыңайтқыш сепкенде сепкен дән желге ұшып әбігер болатын. Ал агродрон жер бауырлай ұшып, өнімнің үстіне жақындай себеді. Мұның тиімділігі жоғары.
– Биыл қаладағы ауыл шаруашылық саласы тың идеяларға толы болды. Агродронмен қатар, «Сыр сұлуы» сортының өзі ерекше. Басқа сорттардан 15-20 күн ерте піседі. Сабағы аласа болғанмен, дәні ірі. Гектарына 50 центнерден кем болмайды деп отырмыз. Бұдан бөлек, қант құмайын егуді қолға алдық. Одан 100 тоннаның үстінде малазықтық дақылын алуға болады. Су тапшылығы болған жоқ, – дейді Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дәулетбек Абдрасулов.
«...Тізілген тісі күріштен аппақ, Сырдан да жаны ерке еді...». Шәмшінің әнін ыңылдата айтып келемін. Жайқалған күріш – елдің ырысы мен берекесі, шаттығы мен мерекесі. Толқыны тулаған Сырдария жағасындағы алып шаһардың кіре берісіндегі «Сыр Ана» да күріштің символы. Иә, біздің ырысты, күрішті өңірде осы өнімді жоғары қоямыз. Мейліңіз, су тапшылығы мәселесі қылаң берген күннің өзінде біз мүлде бас тартпаймыз, тек көлемін азайтамыз. Өйткені Ақмешіт – ақ күріштің мекені... Сол шығар, маңдайдағы бақ бес елі.
Дәулет ҚЫРДАН
25 қыркүйек 2020 ж. 642 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031