АҚ ОЛИМПИАДА АЙШЫҚТАРЫ
Төрткүл дүниенің назары Пхенчханға ауды. Ақ Олимпиаданың алауы кезекті рет тұтанып, ерекшелігімен есте қалды. Несімен ерекше дейсіз ғой? Дәл осы олимпиада кезінде Оңтүстік пен Солтүстік Кореяның арасы жылығандай болып, бірлесе бәсекеге түсіп, ымыраға келуі көпшілікті таң қалдырды. Яғни, спорт – татулық құралы деуге саяды. Жалпы, бұл аламанға елімізден 46 спортшы бабын байқатуға аттанды. Дегенмен, басым көпшілігі тәжірибе жинақтап қайтатын секілді.
Биатлоншыларға бәйге бұйырмады
Олимпиаданың алғашқы жарыс күнінде шорт-трекшілер мен биатлоншыларымыз бәсекеге түсті. Алпенсия биатлон орталығында әйелдер арасындағы 7,5 километрлік спринт жарысында Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы Галина Вишневская ел намысын қорғады. Рас, Галинадан жүлде күткеніміз жасырын емес. Бірақ Вишневская спринттік жарыста бірінші ату кезеңінде бес нысананың екеуіне тигізе алмай екі айып айналымын жүгіріп, біраз уақыт жоғалтып алды. Ал екінші ату кезеңінде бес нысананың барлығына дәл тигізді. Бірақ алғашқы екі қателіктің кесірінен ол спринттік жарысты тек 30-нәтижемен аяқтады. Галина, осы сайыста чемпион болған германиялық Лаура Далмайерден 1 минут 46 секундқа қалып қойды.
Енді Галина Вишневская спринтте 30-орын алған спортшы ретінде алдағы із қуу жарысында сөреден кешігіп, 30-болып шығады. Бұл жүлде алуға тағы кедергі болары сөзсіз. Сонымен қатар спринттік жарысқа қатысқан қазақстандық биатлоншылар Дарья Климина, Ольга Полторанина, Алина Райкова елулікке ене алған жоқ. Үшеуі де ату кезінде екі-үш қате жіберді.
Сәтсіздікке ұшыраған спортшылар
Шорт-трекке ойыссақ. Қазақстан құрамасының мүшесі Нұрберген Жұмағазиев 1500 метрлік жарыстың финалына шыға алмады. Іріктеу сынында өз тобында екінші келе жатқан Жұмағазиев мәреге екі-үш айналым қалғанда мұзға шалынып, сәтсіздікке ұрынды. Осылайша жарысты ерте аяқтады. Осы қашықтықта сынға түскен тағы бір қазақстандық Денис Никиша да финалға өту жолдамасынан қағылды. Екі спортшы да алдағы жарыс күндері барын салмақ.
Тарихты түрлендірген тұлға
Қазақстан спортының тарихында шана спортынан олимпиадаға алғаш рет қатысып жатқан 19 жастағы Никита Копыренко де іріктеуде төмен нәтиже көрсетіп, финалға шыға алмады. Әйтсе де, Никитаға реніш жоқ. Ел спортында мұндай сайыс бұрын соңды болмаған еді. Сондықтан жүлде алмады деп «өкпелеуіміз» әбестік болар.
Қола сыйлаған қайсар қыз
Қысқы спорттың күрделісі фристайлдың могул түрі. Шыңғымен қатпар-қатпар жолды бағындырып, акробатикалық тәсілмен айналу қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Бұл қауіптен Юлия Галышева қаймықпай өтті. Қазақстан бұл спорт түрінен Олимпиадада алғаш рет жүлде алды.Фристайлдың могул түрінде үш финалдық кезең бар. Бірінші финалда іріктеуден өткен жиырма спортшы сынға түседі. Үздік нәтиже көрсеткен 12 спортшы «екінші финалға» өтеді. Ал шешуші «үшінші финалға» (big final – «үлкен финал») жоғары нәтиже көрсеткен алты могулшы шығады. Галышева бірінші финалда жетінші орын алып, үздік он екілікке қиналмай енген. Ал екінші финалда алтыншы орын алып, шешуші финалға соңғы орынмен өтті. Шешуші үшінші финалға шыққан алты спортшының ішінен Галышева жарысты бірінші болып бастады. Төрешілер оған 77,40 ұпай берді. Одан кейінгі австралиялық Джакара Энтони 75,35 ұпай алып, Галышевадан қалып қойды. Үшінші-төртінші шыққан канадалық Жюстин Дюфур-Лапуант (77,56) пен франциялық Перрин Ляффон (78,65) жоғары ұпай жинап, Галышеваны үшінші орынға сырғытты. Алда іріктеу кезеңінде ең үздік нәтиже көрсеткен австралиялық Бритни Кокс пен канадалық Энди Науди қалған. Төменде екі қарсыласының шығар сәтін күтіп тұрған Галышева «бәлкім, бесінші орын...» деп басын төмен түсірді.
Австралиялық Бритни Кокс кедергілердің бірінде сальто айналғанда қателесіп, Галышеваны оза алмады – 75,08. Қазақстандық спортшы кем дегенде төртінші орын алмақ. Алда канадалық Науди қалды. Бірақ канадалық спортшы төменнен қатты жылдамдықпен ылдилап келе жатып, жылдамдыққа ие бола алмай трассадан шығып кетті. Ол жарысты орта жолдан тоқтатты. Осылайша, Юлия Галышева өзінің үшінші олимпиадасында қола медальға ие болды. Нәтижесін көргенде спортшы жылап жіберді.
– Ең қорыққан сәтім осы “екінші финал” болды. “Үшінші финалға” өте алмаймын деп ойладым. Тағы да жетінші орын аламын ба деп қатты уайымдап кеттім (Сочи олимпиадасында 7-орын алып, “үшінші финалға” өте алмай қалған ред) Себебі алтыншы орында тұрғанда алдымда әлі екі спортшы бар еді. Олардың біреуі менен озғанда финалсыз қалар едім. Бірақ екеуі де қателесті. Бақытыма орай, ақтық сынға жолдама алып, бақ сынадым. Финалда екі фоварит соңынан қалғанда жүлдесіз қалдым деген ой туындады. Ішімнен төртінші орын алғанша бесінші орын алғаным жақсы деп ойлап тұрдым. Себебі төртінші орын алсам, соққы болар еді. Ауа райы суық болғанымен қатты кедергі келтірген жоқ. Тек қолым ауырып тұр. Үш апта бұрын АҚШ-тағы жарыста қолымды сындырып алғанмын. Қазір бір қолым гипспен оралып тұр. Жарысқа гипспен шықтым, - деді қайсар қыз.
Журналистер сұрағына жауап берген соң олимпиададағы арнайы комиссарлар Галышеваны допинг тексеруге алып кетті.
«Алтын медаль талап еткен едім»
Галышеваны бұл жарысқа бірнеше бапкер дайындады. Ол командаластарымен бірге АҚШ, Еуропа, Алматы және Өскеменнің тауларында жаттықты. Пхенчхан олимпиадасында Галышеваның жанында болып, сөреден шығарып, кеңес беріп жүрген бапкері Елена Круглыхинаның қола медальға көңілі толмады.
– Кішкене жылдамдық жетпеді. Алтын болар деп едім және алтын талап еттім. Ал Юлияның өзі медаль алғысы келді. Бұдан да жақсы нәтижеге шамасы жетер еді. Жылдамдықты да көбейткісі келмеді. Тәуекелге барғысы келмеген шығар. Медальсыз қалғаннан қола алған әлдеқайда жақсы. «Үшінші финалға» соңғы алты орынмен ілінгенде біраз ұрысып алдым. Жігерлендіргім келді. Юлия өте қатты қобалжыды. Олимпиада ғой. Бірақ соңғы сәтке дейін медаль болатынына сендім. Ертең ерлер арасындағы жарыста екі медаль алғымыз келеді, - деді команда бапкері.
Қазақстан бір қола медальмен жалпы есепте 11-орында келеді. Олимпиада ақпанның 25-і күні аяқталады.