Жедел жәрдем қызметі үшін әрбір секунд бағалы
Ғалымжан АМАНОВ, Қызылорда медициналық жедел жәрдем стансасының фельдшері:
Ғалымжан Сәбитұлы Шиелі ауданы, Майлытоғай ауылында 1995 жылы дүниеге келген. Кейін Қызылорда қаласына қоныс аударып, №176 мектепте білім алады. Бала күнінен спортқа жақын өскен Ғалымжан Алматыдағы Т.Ахметов атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектебінде оқуын жалғастырады. Тек спортпен шектеліп қалмай, уақыт өте келе медицина саласында білімін ұштайды.
Ауруы асқынып, дерті дендеп, дел-сал күй кешкен жан «Жедел жәрдем» қызметіне жүгінеді. Өйткені олар науқастарға қас пен көз арасында құстай ұшып, дерттің алдын алуда аянбайды. Жылдамдық пен шыдамдылықты, кәсіби біліктілікті қажет ететін медицинаның бұл саласында қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осындай қатаң талап, қатал тәртіпке мойымаған «Жедел жәрдем» қызметінің емдеу ісі маманымен мереке қарсаңында сұқбаттасып, медицина саласындағы маңызды мәселелер жайында ой бөлісудің сәті түсті.
– Кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Медицина саласы өз қалауыңыз ба?
– Отбасымда үш ағайындымыз. Ата-анам үшеумізді түрлі сала маманы боласыңдар деп бағыттап отыратын. Мені жастайымнан "Медицина маманы болсаң жерде қалмайсың, елдің алғысын аласың" тәрбиеледі. деп миыма тоқып отыратын. Бірақ өзім спортқа бір табан жақын болдым. Елдің абыройын асқақтатсам деген арман жетегінде жүріп велоспортпен айналыстым. Көрсеткіштерім де жақсы болды. Мәскеуде, Түркияда, Кореяда өткен жарыстарда бақ сынап, жүлделі орындарды еншіледім. Қазақстанның бірнеше дүркін спорт шебері атандым. Бірақ жарыс барысында қатты жарақат алып, спортпен қош айтысуыма тура келді. Сөйтіп, анамның ақыл-кеңесін тыңдап, Қаламыздағы "Болашақ" медициналық колледжінде «Емдеу ісі» мамандығына оқуға түстім. Балалық шағымда өмірімді медицинаға арнаймын деп ойлаған да жоқпын. Тіпті фельдшердің дәрігерден немесе медбикеден қандай айырмашылығы бар екенін ажырата алмайтынмын.
– Алғаш мейірбикелікті Флоренс Найтингейл қайырымдылық қызметі ретінде ашқан. Нәтижесінде соғыс жылдары жауынгерлер өмірін 42 пайыздан 2 пайызға төмендеткен. Бүгінде бұл саланың қандай артықшылықтары бар?
– Қызылорда қалалық жедел жәрдем қызметі бірыңғай автоматтандырылған жүйеге көшіп, оның құрамына санитарлық авиация қызметі қосылып, жол бойындағы апатқа да жедел жетуге мүмкіндік жасалды. Мамандандырылған медициналық бригадалар саны артуда. Енді аймақтың кез келген нүктесінде тұрып, 103 нөміріне телефон соққан жағдайда, қоңырау бірден орталыққа түседі. Шақырту дереу сол аумаққа жақын бригадаларға жүктеліп, жылдам жөнелтіледі. Мәселен, биыл 3 ай аралығында жедел-жәрдем стансасы 57082 шақырыс орындады. Оның ішінде кенеттен ауруға шалдыққан – 35078, жазатайым оқиға – 2835, босану мен жүктілік патологиясы бойынша – 3702 шақыру. Ауруханаға 15029 науқас апарылып, 7251 науқас ауруханаға жатқызылды. Сонымен қатар, әрбір бригадалық топ заманауи құралдармен жабдықталған.
– Жаңа ережеге сәйкес, диспетчер мен жедел жәрдем қызметкерлерінің арасындағы талқылау уақыты – 5 минут. Осы уақыт ішінде сіздің жағдайыңыз туралы біліп, қажетті құралдарды алып жолға шығу керек. 4 категория бойынша жедел қоңырау шақыртылады. Алғашқы І,ІІ,ІІІ категориядағы қоңыраулар келген жағдайда автоматтандырылған тәртіппен қызмет жасалып, диспетчер арнайы жасақталған жедел жәрдем тобын жібереді. Диспетчер қоңырауды қабылдағаннан кейін жедел жәрдем І категория бойынша – 10 минут, ІІ категория – 15 минут, ІІІ категория – 30 минут ішінде, ал IV категорияда 60 минутқа дейінгі уақыт ішінде жету керек. Реформаның тағы бір жаңашылдығы – қабылдау бөлімінде жаңа дәрігерлік мамандықтың енгізілуі. Ол «emergency doctor» яғни қабылдау бөлімінің дәрігері деп аталады. Олардың міндеті – уақытылы жедел медициналық көмек беру. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда науқастың жай-күйін тұрақтандыру үшін алғашқы реанимациялық және басқа да ем-дом шараларын қолданады. Науқастың жағдайына байланысты жылдамдық жиілейді. Өйткені біз үшін әр уақыт, әр секунд бағалы.
– Жедел жәрдемді қай кезде шақыру керек?
– Осы тұста ескеретін бір нәрсе, халық бұл қызметті тек шұғыл көмек керек болған кезде ғана шақыру қажет. Науқастың жай ғана басы ауырып, қан қысымы мен дене қызуы көтерілсе, емханаға немесе өзінің учаскелік дәрігеріне қаралған жөн. Фельдшер оған барған күннің өзінде тек қан қысымын түсіріп бере алады. Ары қарай ем жасауға оның мүмкіндігі жоқ. Өйткені қобдишасындағы дәрілер мен құралдар тек шұғыл шақыртуларға арналған.
– Оқырманға қызық болып тұрғаны, сіздердің жазуларыңыз неге түсініксіз?
– (Күліп). Көбіне жол үстінде жүргендіктен және науқастардың көптігіне байланысты асығыс жазамыз. Дегенмен бір-біріміздің жазуымызды, дәрігерлер жазған нұсқаулықпен дәріханаға барсаңыз фармацевтер де түсінеді.
– Сізді денсаулық сақтау саласында қандай мәселе алаңдатады?
– Мені қазақтардың бейқамдығы қатты алаңдатады. Басқа ұлттар басы ауырып, балтыры сыздаса, емханаға тұра жүгіреді. Ал қазақтар әбден асқынып, көмек көрсетудің тәуекелі артқан кезде ғана жедел жәрдем шақыртады. Мұндайда кей нақастар дертінен айығып кетсе, енді бірі бірнеше ем-домнан кейін ғана беті бері қарайды. Әр адам жыл сайын тексеруден өтіп тұрса, кез келген ауруды бастапқы кезеңде оңай емдеуге болатынын ескермейді.
– Жедел шақыртулар кезінде қандай қиындықтар кезігеді?
– Жедел жәрдем ауыр халдегі науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, адам өмірін ажалдан арашалайды. Десе де, шұғыл медициналық қызмет жұмысында біршама қиындықтар орын алатыны жасырын емес. Мысалы, шақыру түскен мекен-жайға жеткенде үй иесі есікті ашпаған, кейде итті бос жіберіп, бізге қауіп төндіретін жағдайлар болды. Қазір көшенің мекен-жайлардың атауы, үйдің реттік нөмірі жиі ауысады. Соған байланысты көп уақыт іздеумен өтеді. Ал жолда ауыр науқасқа асықсаң, жүргізушілер жол бермей жатады. Осындай себептердің әсерінен жедел жәрдемнің уақытылы келмеуі немесе кез келген шақыртуларды қабылдай бермейтіні жайында арыз-шағымдар жиі кездеседі. Сондықтан әрбір тұрғын осындай олқылықтардың алдын алса дейміз.
– Қызметте бір күніңіз қалай өтеді?
– Әр топтық бригада 9-15 сағат көлемінде кезекшілікке түсеміз. Бір күнде 28-30 шақыртуға барамыз. Түрлі ауруларды көзбен көріп, түрлі ем-дом шараларын жасаймыз. Уақытымыздың барлығы жолда өтетін болғандықтан тамақтануға үлгермейміз. Жол бойында дүкендерден тамақ алып ауқаттанамыз. Басқа мамандық иелері түскі асқа бір сағат уақытын арнаса, бізде ондай мүмкіндік жоқ. Үнемі аттың жалында, түйенің қомында жүріп, қызмет етеміз. Қыста салқын тию, көктемде кене шағу, жазда ішек инфекциялары бойынша шақыртулар жиілейді. Дегенмен сауабы да, жауапкершілігі де зор бұл мамандықты қатты жақсы көремін.
– Әңгімеңізге рақмет! Ерен еңбектеріңіздің жемісін көріп, ұлт саулығы жолында аянбай еңбектене беріңіздер.
Сұқбаттасқан: Айгүл ӘЛІШЕРОВА