» » » Тез дегеніміз жай, бірақ үзіліссіз

Тез дегеніміз жай, бірақ үзіліссіз

  Абзал  Іскендір, физика пәнінің мұғалімі:
 Біздің анықтама:
Абзал Іскендір 1984 жылы Қазалы ауданы Басықара елдімекенінде дүниеге келген. №182 орта мектепті 2001 жылы аяқтап, Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне оқуға түседі. Білімін одан әрі жетілдіру үшін шетел асып, «Болашақ» бағдарламасы арқылы Жапонияның Осака қаласында ядролық физика мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған. Қазір Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі №234 орта мектепте физика пәнінен сабақ береді.
          – Абзал Жандәулетұлы, күншығыс елінде қанша уақыт оқыдыңыз? Стипендиат атанғанда неше жаста едіңіз?
– Болашақ стипендиаты атанғанымда 28 жаста едім. Оқу-білім іздеген адамға жас ерекшелігі кедергі емес деп ойлаймын. Ауданымызға «Болашақ» стипендиясы туралы қатынас қағаз келді. Соны естігенде-ақ шетел білімін алуға деген қызығушылығым артып, «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырдым. 2015-2017 жыл аралығында Жапония елінің Осака қаласындағы Осака университетінде, физика факультетінің ядролық және бөлшектік физика саласы бойынша оқыдым.
– Оқуды бітіргеннен соң сол елде қалсам деген ой болды ма?
– Жоқ, ондай ой мазалаған емес.
Шет тілін үйрену қиынға соқпады ма? Бүгінде қанша тілде еркін сөйлей аласыз?
  Әрине, 30 жасқа келгенде жаңа тілді үйрену оңай емес. «Болашақ» бағдарламасы бойынша құжат тапсырарда ағылшын тілінен сабақ
беретін әріптестерімнің көмегіне жүгіндім. Сөйтіп, алғашқы IELTS сынағында 3,5 балл жинадым. Ол кезде “Болашақ” гранты үшін 3 баллдың өзі жеткілікті еді. Ал қазір бұл меже 5 баллға көтерілді. Шетелдік оқу орнында техникалық мамандық бойынша білім алу  үшін IELTS сынағынан 6.0 балл жинау қажет. Ұлыбританиядағы тіл курсынан кейін қайта сынақ тапсырып, 6,5 ұпай жинадым. Тіл үйренуде Ұлыбританиядағы орта әсер етті деп ойлаймын. Дүкендер мен қоғамдық көліктерде, университетте бәрі ағылшын тілінде сөйлеседі.Тілдік курсты сәтті аяқтаған соң, Жапониядағы Осака унивеситетінде бір семестр жапон тілін оқыдым. Қазір жапон тілінде аты-жөнімді айтып, отбасым туралы әңгімелеп бере аламын. Одан терең бойлай алмаймын, себебі өте қиын тіл. Ондағы әліпбидің үш түрі бар: хирагана, катакана және кандзи. Хирагана өз әріптері, кандзи – Қытайдан алынған болса, катакана жазуымен – халықаралық терминдерді, кірме сөздерді жазады. Бір қызығы, жапон тілінде “Л” әрпі жоқ, әріптестерім мен достарым Абзал деп атымды айтуға тілі келмей, “Абзару” деп атайды (күліп).
         – Үлкен компаниялар аудармашы немесе өзгеде лауазымды қызмет ұсынған жоқ па?
         – Өмірлік мақсатым ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеу болғандықтан аса қызығушылық танытпадым. Өзге тілді білімімді жетілдіру үшін ғана үйрендім. Ал ақша мен дүние ешқашан жеткізбейді. Ең бастысы, қанағат, адал еңбек, жақындарыңның амандығы.
– Жапон елі тегеурінді технологиясымен танылған ел. Бұл елде оқуға түсу қиын ба, әлде оқу қиын ба?
– Екеуі де оңай болған жоқ (күліп).
– Жапон еліне білім алуға отбасымен бардыңыз. Үйренісу қиын болған жоқ па? Бұл ұлт несімен ерекше?
– Рас, Жапонияға отбасыммен бірге бардым. Алғашқы жылы университет жатақханасында тұрдық.  Екінші жылы пәтер жалдадық. Оның бағасы кампустан алыс-жақынына байланысты әртүрлі. Тағамға келсек, ұнның да, макаронның да түр-түрі бар. Дүкендері 24 сағат жұмыс істейді. Қазақ болғандықтан етті көп жегіміз келетін. Бірақ дүкен сөресіндегі етті алуға жүрексініп, халал сайттар арқылы тапсырыспен алдырттық. Мұнда балалар үшін барлық жағдай жасалған. Ұлым мен қызым аулада жапон балаларымен тез достасып кетті. Соған қарағанда, тілі шықпаған балалар бірін-бірі түсінетін сияқты. Ол жақта балабақша өте қымбат. Сондықтан жұбайым бала тәрбиесімен өзі айналысты. Бұл елдің бір ұнаған тұсы медицинасы жақсы дамыған. Мәселен, сақтандыру картасын ашып, ай сайын ақша төлеп тұрдық. Есесіне, емханаға барғанда ем-дом құнының болмашы бөлігін ғана төлейсіз де, қалғаны мемлекет есебінен төленеді. Бұл тәжірибе біздің елде енді енгізілуде.
– Жапон елімен біздің елдегі білім жүйесінде қандай айырмашылықтар бар? Онда қандай зерттеу жұмысымен
айналыстыңыз?
        – Жапониядағы магистратура ұзақтығы – 2 жыл. Біздегідей әр оқу жылы 2 семестрге бөлінеді. Ол жақта қазанның 1-інде сабақ басталады. Оқу өте қиын. Өзіме де 10 жылдан кейін қайта студент болу оңай болмады. Ядролық физика да оңай шағылатын жаңғақ емес. Олқылықтардың орнын толтыру үшін жата-жастана оқу керек болды. Зертханаға таңғы 8-де кіріп, түнгі 1-де шығатынмын. Апта сайын жетекші профессормен кездесу болады, бір кездесудің өзі 4 сағатқа созылады. Кездесуде бір аптада не істедің, немен айналыстың, келесі аптаға не жоспарладың барлығын баяндау керек. Менің зерттеу жұмысым Е07 эксперименті деп аталды. Онда KURAMA магнитінің реакциясын, тиімділігін зерттедік. Мұны тарқатып айту өте қиын, оны ядролық физика саласындағы мамандар ғана түсінеді.
– Жапондардың менталитеті қазақтарға ұқсас деп жатады. Шын мәнінде солай ма?
– Шамалы бет-әлпетіміз ұқсайтын шығар. Олар да біз секілді көмектесуге үнемі әзір, үлкендерге құрмет көресете білуімен ерекшеленеді. Мен олардың еңбекқорлығына риза болдым, әр күнімді жоспарлап, уақытты тиімді жұмсауды үйрендім. Бірақ олар дәл біздей ашық-жарқын, қонақжай емес. Жеке кеңістігіне өзгелерді кіргізе қоймайтын тұйық және салқынқанды ұлт дер едім.
– Ғаламтордағы суреттерде ұлыңыздың тұсауын жапон профессоры кескен көрінеді? Оларда мұндай салт бар ма?
–  Жапонияда ұлым бір жасқа келіп, жүре бастады. Енді кешіктірмей тұсаукесер ырымын жасау керек. Оған мен оқыған зертхананың басшысы профессор Тадафуми Кишимотоны лайық деп санадық. Профессордың жасы 65-те, көпті көрген, өте кемеңгер кісі. Қазақстанға, Алматыдағы әл-Фараби университетіне бірнеше рет барған. Ауылдағы ағайынмен ақылдасқанымызда “онда тұрған ештеңе жоқ, абыройлы, беделді адамға баланың тұсауын кестіре беріңдер” деп рұқсатын берді. Профессор да ұсынысымызды қуана қабылдады. Әйелім күріш басып, торт пен тәттілер пісірді. Ала жіпті қолдан тоқыдық. Профессор дастарқандағы көп тамақты көріп, басын шайқады. Тамақты көп істегенсіңдер, ысырап етпеңдер деді. Жапондар бос рәсуаны сүймейтін халық. Тұсау кескен адамға сый-сияпат жасау керек қой, профессорға сыйлық ұсынғанымызда өзі ыңғайсызданып қалды. Келесі күні мені кабинетіне шақырып, ұлыма ойыншық пен тәттілер беріп жіберді.
         – Шәкірт тәрбиелеуде нені басшылыққа аласыз?
– Ең бірінші адалдықты. Өйткені әр адам қаншалықты білімді болса да оның адамгершілігі болмаса білімінен еш пайда жоқ.  Оқушыларыма білімділердің заманы туғанын, дамыған елдерге барып көруді, оқу-біліммен қарулану қажетін айтып жүрмін. Одан бөлек, үш тілде білім беру аясында ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдердің жалақысы артады екен. Демек ағылшын тілін үйренгенім пайдаға асқалы тұр. 
– Жұмыстан шаршағанда ойды қалай сергітесіз?
Балаларыммен орталық алаңға немесе таза ауада бірге серуендеп шаршағанымды басамын. «Бала өмірдің мәні» деген осы екен!
– Жапондар «сұрау – бір минуттық ұят, білмеу – өмірлік ұят» дейді. Сіз тағы қандай  жиі айтатын  даналық сөзін білесіз?
Жапон халқының тілдік қоры бай. Оның ішінде олар тұрмыста "Тез дегеніміз – жай, бірақ үзіліссіз" деген қанатты сөзді көп қолданады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан: Айгүл ӘЛІШЕРОВА
08 маусым 2018 ж. 1 021 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930