» » » «Болашақ» бағдарламасы – жастар үшін жаңа баспалдақ

«Болашақ» бағдарламасы – жастар үшін жаңа баспалдақ

     Ғалымжан Қараманұлы Бәйімбет Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың түлегі. 2000 жылы жоғары оқу орнын бітірген ол қоғамдық және облыстық «Қызылорда» телеарнасында жұмыс істеген. Одан соң «Қазақстан» РТРК АҚ-да редактор, аға редактор, редактор-сценарист, қойылым режиссері, 2008 жылдан бастап «Қазақстан» РТРК АҚ облыстық филиалы «Қызылорда» телеарнасының орынбасары қызметін атқарған.
2005 жылы Астана қаласында өткен жас таланттардың «Шабыт» халықаралық фестивалінде «Үздік режиссура» және «Үздік бағдарлама» номинациясы бойынша лауреат атанды. Көптеген телевизиялық жобалар, телехабарлар мен ток шоулардың авторы Ғалымжан Қараманұлы «Болашақ» бағдарламасы негізінде Шотландияның Глазго қаласында «медиа-менеджмент» мамандығы бойынша магистратурада білім алды. Оқуын үздік тәмамдап, бүгінде «Хабар24» арнасының Ұлыбританиядағы меншікті тілшісі қызметін атқаруда. Туған жерге келген әріптесімізбен аз уақыт болса да дидарласып үлгердік.
 – Журналистика саласына қалай келдіңіз?
– Бұл салаға келгенім кездейсоқтық емес. Мен жоғары сыныптарда оқи жүріп «кім болам» деген сұрақтарға жауап іздедім. Телеарналарды жиі көріп, сол жұмысқа деген қызығушылығым оянды. Оған дейін «Ұлан», «Дружные ребата» газеттеріне мақала, әңгімелерім шығып жүретін. Сонымен қатар мектепте қабырға газетін шығару менің мойнымда еді. Соның барлығы әсер етті деп ойлаймын. Нәтижесінде осы саланы таңдап, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің журналистика мамандығына оқуға түстім. Бір жағынан, менің бала күнгі арманымның орындалғаны деп есептеймін.
Шетелде білім алдыңыз. Сырт елдің журналистикасы мен  қазақ бұқаралық ақпарат құралдарының айырмасы қалай?
– 2015 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбритания қаласын таңдап, Шотландияның  Глазго қаласында «медиа-менеджмент» мамандығында оқыдым. Неге бұл мамандықты таңдадым, себебі менің бұрын тәжірибем болса да, осы салада білім алғым келді. Бізде көбіне БАҚ үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге таптырмас құрал. Ал, шетелде бұл сала көбіне ақша табудың, сәйкесінше, сол мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтудің, жалпы ішкі өнімді арттырудың бірден-бір жолы. Яғни, сол арқылы бизнес жасайды. Өзге мемлекеттердің тәжірибесінде осы ақпараттық құралдар арқылы қалай ақша табуға болады және қалай ілгерілетуге болады деген сияқты мәселелер бойынша оқытушылар көп нәрсені үйретті. Нәтижесінде, «медиа-менеджмент мамандығының магистрі» деген атақ алып, оқу орнын ойдағыдай аяқтадым. Тәжірибеден Еуропалық қайту құру және даму банкінен өттім. Бұл банктің комуникация департаментінде төрт айға жуық жұмыс істеп, жалақы алдым. Осы оқу-өндірістік тәжірибе мен үшін үлкен жетістік ретінде бағалы. Енді біздегі ақпарат құралдары мен шетелдік БАҚ-ты салыстырсақ, бізде көбіне журналистеріміз бесаспап, яғни бір адам бірнеше тақырыпта жұмыс істей алады. Телевидение саласы болса, оператор, монтожер т.б. жұмыстарды журналист қосымша атқара береді. Ал шетелдік журналист тек өзінің кәсібін ғана біледі. Шетелдік журналистің соңында бірнеше адам жүреді. Оның дыбыс режиссері, продюсері, гримеры, операторы, тағысын тағылар. Олардың бәрі журналистің сапалы жұмыс жасауына көп көмек береді, бірақ солай бола тұра компания үшін үлкен шығын. Бірақ арнайы қаржы бөліну жағы тиімді қарастырылған. Бізде де осы бағытта жұмыс істеу толық болмаса да, енді қолға алынып келеді. Болашақта біздің журналистиканың шетелдіктермен терезесі тең  боларына менің сенімім зор.
– «Болашақ» бағдарламасының тиімділігі жайлы айтсаңыз?


– «
Болашақ» бағдарламасы ол үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл оқыған, жұмыс істеген жастың көкжиегін кеңейтеді. Жаңадан таныстар, достар табады. Білім алумен қатар барған сол елдің мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен танысады, тіл үйренеді. Бұл бағдарлама кез келген оқуға тускен жас үшін жаңа баспалдақ деп есептеймін. Өзімді ары қарай дамытқым келеді деген жас буын кез келген уақытта мемлекеттік грант арқылы осы бағдаламаны пайдалануға мүмкіндігі бар. Біз ренжіп жатамыз, мемлекет ештеңе жасамайды деп, бірақ осындай тиімді бағдарлама арқылы жақсылық жасап отыр. Сондықтан жай сынап-мінемей осындай мүмкіндіктерді пайдалану керек.
Біздегі журналистика саласының кемшін тұсы неде деп ойлайсыз?
– Меніңше, ондай көп емес. Бірақ цифрлы технологиялар дамыған заманда газетті аз оқимыз. Сараптамалық материалдар үшін ғана оқитындар бар. Интернеттің қол жетімді болуына байланысты барлық жаңалықтарды әлеуметтік желі арқылы біліп алады. Ал газет үйге келем дегенше ол ақпарат ескіріп қалады. Шынымен, интернет газет деңгейін түсіріп барады. Екіншіден, телевидениені айтатын болсақ, телеарналарды көретін адамдар азайды, барлығы жаңа ғана айтқанымдай, желіге байланған. Қазіргі көрермен – өте талғампаз көрермен. Көрерменді таң қалдыру керек. Демек цифрландыруға, модерназицияға көшетін уақыт жетті. Осы жұмыстарды қолға алу керек.
Туған өлкеге оралып, Сыр журналистикасын үлес қосу ойыңызда бар ма?
– Әлбетте. Мен қазір Хабар агенттігінің «Хабар24» телеарнасының Ұлыбританиядағы тілшісі қызметін атқарамын. Біріккен Корольдіктегі жаңалықтармен бөлісіп отырамын. Елге қайтып, осы салада жұмыс істеу бақыты бұйырса, қызықты ұсыныстар болып жатса, міндетті түрде Сыр журналистикасына үлесімді қосамын деген сенімім бар. Бұдан бөлек, жастарды оқытуға, университетте сабақ беруге дайынмын. Бұл мен үшін өз білгенімді өзімде қалдырмай, келер ұрпақпен бөлісуге, оларға үйретуге, жігерлендіруге, мотивация беруге үлкен мүмкіндік болар еді.  
Жас журналистерге айтар кеңесіңіз?
– Негізі, біз де жас болдық, өз қызметімізге деген үлкен қызығушылық болды. Мен өз мамандығымды өте қатты жақсы көрдім. Беріліп жұмыс істедім, тіпті ақысыз жүрген каздерім де көп болды. Осы еңбекке деген адалдығым өз нәтижесін берді деп есептеймін. Штаттан тыс қызметкер ретінде қабылданып, облыстық телеарнаның орынбасары қызметіне дейін көтерілдім. Бұл – менің ұстаздарымның еңбегі. Біріншіден, Қызылорда қоғамдық телеарнасының құрылтайшы директоры Шәкизада Әбдікәрімовтың, облыстың телевидение басшысы Жағыпар Қарабала мырзаның, университеттегі ұстаздардың үлесі зор деп білемін. Ең бастысы, жас журналистер өз мамандығын сүйе білу керек. Беріліп, ерінбей жұмыс істеу керек. Біз кезінде хабарларды түсіргенде түні бойы отырып, таң атқанға шейін эфирге үлгеру үшін тапжылмай жұмыс істейтінбіз. Сонымен қатар жастар трендтерден қалып қоймай, соңғы жаңалықтармен біте қайнасып жүру керек. Әріптестермен тығыз байланыс, тәжірибе алмасу, оқу мәселесі, әсіресе осы «Болашақ» бағдарламасымен ағылшын тілін игеріп, білім алуға кеңес берер едім. Адамда амбиция болу керек, егер адамда шынайы, ақылға қонымды амбиция болса, ол жас журналистің алатын асуы биік болады деп есептеймін.
Әңгімеңізге рахмет.
Сұқбаттасқан: Ержан ҚОЖАС
20 маусым 2018 ж. 2 057 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930