» » » ЖЫЛЫ КАБИНЕТ, ЖҰМСАҚ ОРЫНДЫҚ ПОЛИЦЕЙЛЕР ҮШІН ЕМЕС

ЖЫЛЫ КАБИНЕТ, ЖҰМСАҚ ОРЫНДЫҚ ПОЛИЦЕЙЛЕР ҮШІН ЕМЕС

    Бектұр СӘТЕНОВ, ҚІБ, ЖПБ 1 рота, 1 взвод командирінің орынбасары:
Біздің анықтама: Бектұр Сәтенов Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қарағанды полиция академиясын үздік бітірген. Жол патрульдік полициясының үздік қызметкері. 2010 жылы Елбасының "Ерлігі үшін" орденімен марапатталған. 
Беке, полиция қызметінің жүгі ауыр. Бұл салаға кездейсоқ келмеген шығарсыз?
  • Бала күнімнен әскери қызметкер болып, Отан қорғауды армандадым. Әскери киім киген ұнайтын. Сол арман мектеп бітірген соң Қарағанды академиясына алып келді. Академияны үздік бітіріп, туған жерге оралдым. Қазіргі кезде бала күнгі арманым орындалып, егемен еліміздің нығайып, айбыны артуына өз үлесімді қосып келемін.
  • – Жаздың аптабында, қыстың аязында тапжылмай күннің көзінде, желдің өтінде қызмет етудің ауыртпалығы сырт көзге де жақсы таныс. Осындай міндетке мойымай, табанды болудың жауапкершілігін қалай сезінесіз?
  • Қай қызметтің де өз жауапкершілігі бар. Ал, біз ант қабылдап, оның жауапкершілігін әрдайым көтеруге міндеттіміз. Сондықтан жол  қауіпсіздігін қадағалау, бақылау біздің тікелей жұмысымыз. Келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатында қауіпсіздік шараларын қолданамыз. Біздің басты міндетіміз – адамдардың амандығы үшін күресу. Қызметіміз ауыр болғанымен, жауапкершілікті жете түсінеміз.
– Жол полициясы қызметкерлеріне қойылатын ең басты талап қандай?
Ең біріншіден, жол полициясы қызметкерлерінің жұмысы халықпен тығыз байланысты. Таңертең жұмысқа келіп, сапқа тұрып, киімдерімізді тексеріп, күн тәртібіндегі тапсырмалармен танысамыз. Ауа-райының ыстық-суығына қарамастан, халықтың тыныштығына
жауаптымыз. Жол полициясы жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден өткені үшін де жауап береді. Адамдар да қызық, көп жағдайда белгіленген жерден өтпей, көлік жүргізушілеріне қолайсыздық туғызады. Көлік жүргізушілері де жол жүру ережесін өрескел бұзады. Бізге жүргізушіні тоқтатқанда әрқайсысынан кәсіби түрде заңға сәйкес құжаттарын тексеру міндет. Жүргізушілер әртүрлі болады, біреулері бірден ашу шақырып мазаланса, біреулері түсіністікпен қабылдайды. Кейде наразы жүргізушілер де кездеседі. Осындай жағдайларда психолог болуға тура келеді. Полиция қызметкерінің өз өмірін тәуекелге тігетін кездері көп. Сондықтан тәртіп сақшысы қызметін таңдаған адамның тынымсыз түндер мен мазасыз күндердің қиын сәтіне төзе білуі аса маңызды. Қажет болған жағдайда қоғам қауіпсіздігі жолындағы қандай да болмасын, қауіп пен қатерге де қарсы шыға алатындай рухани биіктік пен адами беріктікті бойына ұйыта білуі шарт.
  • – Жұмысты жеңілдету барысында соңғы технологиялар қолданысқа енгізілуде ме?
  • Қазір жол тәртібі ережелерін бұзудың алдын алуға байланысты неше түрлі құрал-жабдықтар шығарылған. Тиімді пайдалана білсек болғаны. Қызмет бабында мініп жүрген көліктеріміз жаңа технологиямен жабдықталған. Оның ішінде жол бақылауға арналған құралдар жеткілікті. Байланыс құралы жақсы. Жұмыс барысында келіспеушілік жағдайлар көп кездеседі. Құқық бұзушылар сақшы қызметкерлерге жала жабатын сәттер де жиі кездеседі. Сол кезде соңғы технология бойынша портативтік жетон шыққан, соны пайдаланамыз. Ол болған мән-жағдайды бейне-жазбаға түсіреді.
– Жол көлік оқиғаларының болуына қандай жағдай себеп болады?
  • Жол ережесін бұзу арқылы қайғылы жағдайларға тап болып жатамыз. Жол апаты негізінен қарсы жолға шығып кету әрекетінен туындайды. Жылдамдықты шектен тыс арттырудың аяғы да апатқа әкеліп соғады. Көлік тізгіндеушілер арасында ішімдік ішкендер де кездеседі. Жол ережесін қатаң сақтап, өзінің де, өзгенің де өміріне қауіп тудырмайтын жүргізушілер болады. Ондай жүргізушілерге алғыс айтамын. Ал, жол ережесін бұзғандарды еріксіз тоқтатамыз.
  • – Түнде қылмыскермен бетпе-бет келген сәттер болды ма?
Қызмет барысында әртүрлі жағдай кездеседі. Қанды қол қылмыскерлер кездесе қалса, ешқандай қорқыныш сезімі болмайды. Ондай жылпос қылмыскерлермен де бетпе-бет кездесеміз. Жан беру оңай ма, қолға түспей құтылғысы келеді. Әрлі-берлі бұлқынады. Бірақ біздің міндет – қолға түсіру. Өйткені ол менің ел алдындағы борышым.  Одан әрі мәселемен тиісті орындар шұғылданады.
– Ерлік ерге ғана жарасады. Сіздің ерлігіңізді ел біледі. Оны Елбасы да жоғары бағалады. Сол оқиғаны тағы бір еске түсірсек...
– Ол оқиға осыдан бірнеше жыл бұрын болған еді. Әйтеке би көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің бірінен газ баллоны жарылып, өрт шығады.  Оқиға орнына тап келіп, дереу адамдарды аман алып қалуға кірісіп кеттім. Өрт бет қаратпайды, жалыны күшті. Тайсалмай бірнеше кісіні ажал аузынан аман алып шықтым. Ерлік ескерусіз қалмады, Елбасы Жарлығымен  «Ерлігі үшін» медалі тапсырылды.
  • – Қолыңыз қалт еткенде қандай шаруамен айналысқанды ұнатасыз?
  •   Негізі бос уақытым аса көп бола бермейді. Бола қалса, спортпен айналысқанды жаным сүйеді.
  • – Байқасам, уақытыңыздың басым бөлігін  қарбалас жұмыста өткізесіз. Отбасы мәселесіне қаншалықты мән бересіз?
Қызмет барысында жүрсем де отбасыма аса жауапкершілікпен қараймын. Мен үшін отбасым бірінші орында. "Отбасы шағын мемлекет" демекші, сүттей ұйыған, тату-тәтті, бірлікте өмір сүріп жүрген қарапайым қазақ отбасыларының біріміз. Сондай-ақ, балаларыма дұрыс тәрбие беру – менің негізгі міндетім. Тәрбиенің өзі имандылық. Баламыз тәрбиелі болмай – ұлт тәрбиелі болмайды. Ұлттық тәрбиемен сусындаған бала есейгенде сол әдебін сақтайды. Жанұяма бар жағдайды жасауға тырысамын.
– Бүгінгі қоғамның кей жастары оңай ақша тауып, табысқа кенелетін жол іздейді. Замандастарыңыздың қандай мәселесіне алаңдайсыз?
Халқымыз қашан да ұл-қызын «қызмет қолдың кірі» деп тәрбиелейді. Ондағы мақсаты – әркез азаматтық ар-ожданын биік қойып, халқына адал қызмет етсін, қызметін асыра пайдаланбасын дегені. Бүгінде қалталылар мен ықпалдыларға қызығатын жастар қөп. Алайда адал еңбекпен тапқан нан ғана тәтті болмақ.Бүгінгі қоғам ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді көтермейді. Еңбек етіп, ақша табамын, ел қатарлы бақуатты өмір сүремін деген жасқа барлық қолдау бар.
– Бектұрдың бүгінгі борышы не?
–Борышым – елге, Отанға адал қызмет ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды анықтау, қылмыстың алдын алу. Азамат ретінде халықтың амандығын, қоғамның тыныштығын тілеймін.
Сіздіңше, нағыз қазақстандық полицей қандай болу керек?
  • – Қазақстандық полицейдің басты міндеті – елін-жерін қорғау. Осындай азаматтарымыздың көбі қуантады мені. Ал Сыр өңіріне келер болсақ, өз ісіне мығым сала мамандары жеткілікті. Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлері қызметтік міндеттерін адал орындайды. Ерлік жасап, марапат алған азаматтар аз емес. Антқа адалдық үшін біздің полицейлер де ажал аузына түсуден жүрексінбейді. Міне, нағыз сақшы деген сондай болу керек! Мен әріптестерімнің осындай әлеуетті әрекетіне, қызметтік борышын адал атқарған еңбегін мақтаныш санаймын. Алға қойылған міндеттерді жоғары кәсібилікпен, сапалы әрі тиімді орындайтын полиция қызметкерлері қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілікті үлкен абыроймен атқаратынына нық сенемін. Саптағы сақшыларға деген сенімге селкеу түспесе, қоғамда тыныштық орнаса екен деп тілеймін. Жалпы, полиция қызметкері жылы қабинетте, жұмсақ орындықта отыру үшін емес, бұқара халықпен етене араласатын, күнделікті бетпе-бет келетін, қоғам тыныштығы үшін үздіксіз қызмет ететін жауапты маман. Сол себепті тәуліктің қай кезінде де қоғам ортасында жүретініміз рас.
  • – «Генерал болуды армандамаған сарбаз сарбаз емес»  деген ең ізгі арманыңыз қандай?
  • Әрине, генерал болуды аңсамайтын адам жоқ шығар. Қызметтің өскені жақсы. Десек те қай нәрсенің сәтті шағы келеді. Генерал атанбасақ та, иықтағы жұлдыздар көбейеді деген үміт бар.
  – Сұқбатыңызға рақмет. Халықтың қамын ойлайтын азаматтар көбейсін!
Сұқбаттасқан:
 Ерасыл Шәрібек
21 маусым 2018 ж. 876 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930