Электронды цифрлық сауаттылық – өмірді дұрыс ұйымдастырудың алғашқы қадамы
Айдын Қайруллаев,
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры:
– Айдын Бөкенбайұлы, өзіңіз де жақсы білесіз, бүгінде ең жиі айтылатын ұғым еліміздегі цифрландыру мүмкіндіктеріне саяды. Осыдан бірер ай бұрын біріккен үш департаменттің цифрландыру бағытындағы жұмысы бірін бірі қаншалықты толықтырады?
– Дұрыс айтасыз, жалпы цифрлық сауаттылық дегеніміз – бұл адамның ақпараттық технологияларды күнделікті өмірде пайдалана алу қабілеті мен білімі. Адам капиталын дамыту мақсатында Елбасының бастамасымен қолға алынған бағдарлама бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» тарапынан белсенді жүзеге асырылуда. Бүгінде кез келген құжат біздің мекеменің қатысуымен орындалады. Сондықтан бұл сала ақпараттық жүйенің соңғы үлгідегі артықшылықтарын енгізуді қажет етеді.
Мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру бастамасы бойынша дамыған елдердің үздік тәжірибесіне сүйене отырып құрылған корпорация қазіргі таңда бірнеше саланың басын біріктіріп, қызмет көрсету аясын кеңейтті. Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру, мемлекеттік қызмет көрсету, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу саласындағы түрлі қызметтерді көрсетіп қана қоймай, оларды заман талабына сай оңтайландыруды ұдайы жалғастыруда. Аясы кең үш саланы бір арнаға тоғыстыра отырып, біз өзімізге жүктелген міндет – мемлекеттік қызмет көрсету үрдісін үнемі дамыту үстіндеміз. Бұрын халық «бір терезе» қағидатының игілігін көрсе, бүгінде корпорация бұл бағыттыодан әрі ықпалдастыра отырып, «бір өтініш» қағидатына қол жеткізді.
– Мысалы...
– Мысалы, электрондық үкімет порталында кәсіпкерлердің игілігі үшін композиттік қызмет іске қосылды. Енді жеке ісін ашқысы келетін азаматтар үш қызметті бірден ала алады: заңды тұлғаны тіркеу, банктік шот ашу және сақтандыру туралы келісім-шарт жасау. Бұл – мемлекеттік қызмет көрсету барысында «бір өтініш» қағидатын қолданудың үлгісі. Осы уақытқа дейін азамат заңды тұлғаны тіркегеннен кейін банктік шот ашып, ҚҚС бойынша есепке қою үшін салық органына, содан соң сақтандыру компаниясына баруға тиіс еді.
– Жақында «Азаматтарға арналған үкімет» аудандарды аралап, электронды қызметтің жаңа мүмкіндіктерін түсіндіріп қайтты. Не байқадыңыз? Цифрландыру мүмкіндігін елді-мекенге ұсынуда қандай мәселелерге назар аударар едіңіз?
– Иә, филиалдың қала, аудандардағы фронт және бэк офистеріндегі мәселелі сұрақтарды анықтап, олардың оң шешілуі бағытында іс-шаралар кестесі бекітілді. Мұндағы мақсат – шалғай орналасқан елді-мекен тұрғындарына мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының аудан орталығына жол жүру шығынын қысқарту және уақытын үнемдеу. Біздің назар аударғанымыз, халықты әлі де барынша ақпараттандыру керек. Үйде отырып-ақ бітіруге болатын нәрселер үшін азаматтар әлі де халыққа қызмет көрсету орталықтарына келеді. Мәселен, электронды цифрлық қолтаңбаны ұялы телефонға жүктеу арқылы өзіне өзі қызмет көрсету секторының қызметін пайдалануға болады. Осыған байланысты жыл басында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында облыстық әкімдікпен бірге жасалған жоспар бойынша қысқа мерзімді оқыту аясында 20 мыңға жуық азамат цифрлық дағды мен электронды үкімет порталының қызметін пайдалануды үйренді.
– Жалпы, халыққа қызмет көрсетудің барлық саласын электронды форматқа көшіру ісінде қандай қиындықтар бар?
– Бізде қазір мемлекеттік органдар мен азаматтардың арасында тікелей байланыс болдырмау міндеті сәтті жүзеге асып келеді. Дәлірек айтқанда, 600-ден аса қызметтің 450-дейі электронды форматқа көшті. Бұндағы негізгі мәселе, жерге қатысты туындайды. Мәселен, жер сатып алған азамат міндетті түрде сол жердің аист базасына енгізілген не енгізілмегенін анықтау керек. Оны электронды түрде анықтауға мүмкіндігі бар. Жер заңдылығын рәсімдемей тұрып, қандай да бір мақсатқа пайдалану кейін иесіне қиындықтар туғызуы мүмкін және мұндай дау сот деңгейінде ғана шешіледі. Қазір облыс әкімдігі мен мемлекеттік қызмет арасындағы жерге қатысты кейбір құжаттарды электронды түрде реттеудің мәселелері қаралуда.
– Биыл зейнетақы саласында да бірқатар өзгеріс бар ғой...
– Өздеріңізге белгілі, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнеақы тағайындаудағы өзгерістерге сәйкес зейнетақы азаматтардың еңбек өтіліне қарай тағайындалады. Бүгінде аймақта 71470 зейнет жасындағы азамат бар, енді бұл азаматтарға 1 шілдеден бастап көбейтілген базалық зейнетақы төленеді. Мысалы, еңбек өтілі 10 жылға дейін 15274 теңге, 20 жыл болса 20931 теңге, яғни 5657 теңге қосылды. Ал жұмыс өтілі 33 жыл болса 28284 теңге, яғни қазіргі алып жүрген зейнетақысына 13010 теңге қосылды.
– Бала тууды ынталандыру аясында қандай нәрсе қаперде болу керек?
– Өзіңіз де білесіз, бала күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде әкесі немесе асырап алған адамның да атына рәсімдеуге болады. Осы ретте білуге тиісті бір сұрақ: декреттік – бұл жүктілікке байланысты демалыс, сондықтан мұндай демалыс тек қызметтегі жүкті әйелдерге беріледі, тиісінше декреттік төлемдер де соларға тиесілі. Ал, бала бір жасқа толғанға дейінгі оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайдағы ай сайынғы жәрдемақы жұмыс істемейтін әйелдерге тағайындалады. Бұл ең төменгі жалақының он еселенген мөлшерінің 40 пайызынан аспауға тиіс. Тағы бір айта кететін мәселе, биылғы 2 шілдеден бастап енгізілген өзгерістерге сәйкес 1 жасқа дейінгі балаларға берілетін жәрдемақыны егер ер адамның атына тағайындайтын болса, онда ол азамат бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шығуға міндеттеледі және табысынан айырылғанын растайтын анықтама тапсыру қажет. Көбінде осыны білмегендіктен түсініспеушіліктер туындап жатады. Заң білмеу сізді жауапкершіліктен құтқармайды.
– Қазір электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦП) алу керектігі барлық деңгейдегі жұмыс істейтін адамдарға міндеттелуде. Ал, жұмыссыздарды қалай қамтисыздар? Мұнымен қоса осы қолтаңбаның мүмкіндігі туралы да айтып өтсеңіз.
– Қарапайым тілмен айтқанда, электрондық цифрлық қолтаңба – қол қоюшы тұлғаның өзi қойған қолымен тең. Қазір мемлекеттік органдардан анықтамалар алу, мемлекеттік сатып алуларға қатысу тек электронды түрде жүргізіледі, бұл – заман талабы. Мен айтар едім, ЭЦҚ кілтін алу өз уақытыңызды, бизнесіңізді, тіпті өміріңізді дұрыс ұйымдастырудағы алғашқы қадам деп. Себебі, мемлекеттік корпорация адам туғаннан бастап, оның өміріндегі бүкіл кезеңдерді осы электронды кілт арқылы сүйемелдейді. Мысалы, ЭЦҚ-ның көмегімен перзентханадан шықпай-ақ барлық құжаттарға қол жеткізуге болады. Содан соң қарапайым мекен-жай анықтамасын алудан бастап, дәрігердің қабылдауына жазылу, жәрдемақы мен зейнетақы төлемдерін рәсімдеу, тіпті көлік жүргізу куәлігін ауыстыру мен көлікті өз атыңа рәсімдеу және басқа да көптеген қызметті онлайн-режимде алуға болады. Белгілі бір мемлекеттік органға тікелей шығу «Виртуалды қабылдау» да осы цифрлы кілттің көмегімен жүзеге асады.
Электронды цифрлы қолтаңбаны алу әр азаматтың өз еркінде. Бұл қызметтегі немесе жұмыссыз адамдарға деп бөлінбейді, бәріне бірдей қолжетімді, тегін беріледі. Жеке мәліметтердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында ЭЦҚ 1 жылға беріледі. Уақыты келгенде мерзімі қайта ұзартылады.
– Осы орайда «Paperfree – анықтамасыз қызмет көрсету» жобасы жайлы білсек...
– Иә, қағазбастылықтан құтқаратын «Анықтамасыз қызмет» (Paperfree) сервисі іске қосылды. Мысалы, жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында барлық мектеп оқушыдан мекенжай анықтамасын сұратады, нәтижесінде миллиондаған ата-ана халыққа қызмет көрсету орталығына ағылады. Егер «Paper free» сервисі енгізілсе, оқу орындары электрондық үкімет порталынан қажетті құжатты сұрата алады, ал қызмет алушы, яғни, ата-ана SMS-хабарлама арқылы электрондық анықтама алуға бір реттік рұқсат бергенін растап, фронт-офиске бару міндетінен құтылады. Бұл сервисті қолдану үшін мобильді азаматтар базасына тіркелу қажет.
– Азаматтардың жеке мәліметтерінің қауіпсіздігі де жиі айтылып жүр қазір. Қауіп неден болуы мүмкін?
– Ел арасында электронды қызметке қатысты сан алуан пікір бар. Бірі сенімсіздікпен қараса, бірі өз уақыты мен ақшасын үнемдеп, сәтті пайдаланып келеді. Жеке мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету біз үшін аса маңызды мәселе. Бір ғана мысал, қазір «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясымен бірлесіп, жеке мәліметтерге қолжетімділік функциясын бұғаттау жобасын енгіздік. Әрбір электронды портал қолданушысы осы функция арқылы жеке мәліметтеріне қолжетімділікті қоса алады және жауып тастай алады. Бұл орайда тыйым салу функциясын тек жеке кабинет арқылы ғана қосуға болады. Айта кету керек, бұл сервисті қолдану үшін азаматтар ХҚК орталығына келіп, мобильді азаматтар базасына тіркелуі тиіс. Сондай-ақ, болашақта қызметтерді алуды жеңілдету үшін биометриялық деректер, яғни адамның тұлғасын растау кезінде бет келбеті мен саусақ бедері қолданылады. Азаматтарды бет-әлпет, саусақ таңбасы, дауысы, көздің сыртқы мөлдір қабығы сияқты биометриялық мәліметтері арқылы сәйкестендіру қазіргі таңда ақпараттық технологиялар саласындағы тренд екені рас. Бұл азаматтарға жеке басын куәландыратын құжаты болмаған жағдайда қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
– Жақында облыстық «Кызылординские вести» газетінің тілшісімен сұқбат барысында жыл аяғына дейін электронды халыққа қызмет көрсету орталығы ашылатынын айтыпсыз. Бұл өзінше бөлек ғимарат бола ма?
– Жоқ, бұл қазіргі ғимаратты қайта жабдықтау арқылы жоспарланған. Бүгінде бұл мәселе орталық аппаратта қаралу үстінде. Мұндай орталықтар еліміздің Астана, Алматы секілді ірі қалаларында тиімді қызмет көрсетуде.Оның ерекшелігітолық автоматтандырылған және онда азаматтар қызметтерді өздігінен оператордың қатысуынсыз алады. Орталықта өз өзіне қызмет көрсету секторы «Connection point» және арнайы стенд-павильондарда планшеттер орнатылады. Сонымен қатар, мұнда азаматтардың цифрлық білімін жетілдіру сыныптары жұмыс істейді. Кез келген адам осы сыныптарда электронды порталмен жұмыс жасап үйрене алады.
– Жұмыс – жұмыспен. Енді жай қарапайым адам ретінде бір-екі сұрақ: күнделікті қат-қабат тіршілікте не нәрсе қанаттандырады сізді?
– Шынымды айтсам, халыққа қызмет көрсету саласындағы жетекші мекеме ретінде қысқа уақыт ішінде сапалы қызмет көрсете алатынымызға қуаныштымын. Жылдам әрі сапалы қызмет – біздің күнделікті ісімізге қанат бітіреді.
– Осыдан бес жыл бұрын біздің газетке берген сұқбатта алдағы болашаққа қатысты отбасылы болсам деген едіңіз. Шүкір, отағасы атанып, әке болыңыз. Ендігі арман қандай?
– Көп балалы отбасы болу. Құдай денсаулық берсе, өмірден өз орнын тапқан ұрпағыңның қызығын көруден артық бақыт жоқ сияқты меніңше.
Әңгімелескен: Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ