» » » Бірге болған жақсы

Бірге болған жақсы

   Сәті түскен сұқбат
    Жанболат пен Жазира. Сахнада жұбы жазылмаған әншілер. Көрермен көзайымы. Оларды жиі тойға шақырады. Соның арасында біз де аз-кем тілдесіп үлгердік.
Тілші:
 Биыл шаңырақ көтергендеріңізге 22 жыл болды. Отбасы татулығы, беріктігінің құпиясы неде?
Жанболат:
Қазақта «үйлену оңай, үй болу қиын» деген мақал бар ғой. Міне, біз де бірден бақытты отбасы бола қойған жоқпыз. Басымыздан көп қиын сәттер өтті. Бастысы, қандай қиындық болса да қол ұстасып, шешімін бірге табуға тырыстық. Біз бір-бірімізді көзімізбен ұғамыз. Махаббатымыздың өзгелерге үлгі болатыны қуантады. Мен Жазирасыз, Жазира менсіз өмір сүре алмайды. Біз құдды бір-біріміз үшін жаралғандаймыз.
Жазира:
Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай қоймайды. Жанболат айтқандай, көп қиындық көрдік. Арты жақсылыққа ұласты. Шүкір, ел мақтанатын отбасына айналдық. Қазір жас отбасы арасында ажырасу белең алып барады. Жастарда сабырлылық, төзімділік деген түсінік жоқ. Отбасы болуға бел байлаған екенсің, ащы мен тәттісін бірге татуың керек қой.
Тілші:
Әлеуметтік желілерге көз жүгіртсек, кейбір сайттар сіздерді ажырастырып жатады. Неге алып-қашпа әңгіме көп...
Жанболат:
Қазіргі таңда сайттар рейтинг қууға жұмыс істейді. Халыққа жұлдыздардың өмірі қызық. Сондықтан әншіге қатысты қандай да бір ақпарат болса, оқылымы да артады. Сайт мамандары соны алға тартса керек, әйтпесе біз ұйып отырған шаңырақпыз. Ажырасып, өзге біреумен шаңырақ құрамын деп елестете алмаймын.
Жазира:
Журналистер алып-қашпа әңгімелерге құлақ асатын болды. Сайттар да болмашы нәрсені жазады. Барлығына өнер адамдарының өмірі қызық. Десе де сұраған екенсіз жауап берейін, мен ешқашан Жанболатты өзгеге бермеймін.
Тілші:
Өмірде не маңызды? Бақытты қалай түсінесіздер?
Жанболат:
Бала кезде кез келген нәрсені бақыт деп есептейтінмін. Ал қазір қарасам, бақыт ол ата-анаңның, отбасыңның денінің саулығы екен. Маған байлық, мансап қажет емес. Алдымызға жайылған дастарқандағы асқа қанағат тұтамыз. Тек өмірімізде қиыншылық болмаса екен.
Жазира: Мен үшін бақыт – отбасымның амандығы.Баламның болашағы.
Тілші:
Баламның болашағы деп қалдыңыз? Балаңыздың болашақта кім болғанын қалайсыз?
Жанболат:
Ұлымның таңдауы өзіңде. Егер әке жолын қуып, өнер жолына аяқ басса да қарсылық білдірмеймін.
Жазира: Ұлым түзу жол тандайтын жасқа келді. Болашақта да адаса қоймас деген үміттенемін. Ол спортпен айналысқанды ұнатады. Бос уақытында футболға барады.
Тілші:
– Бала демекші, сіздердің балалық шақтарыңыз қалай өтті. Бір сәт шегініс жасап көрсек...
Жанболат:
Балаларға қосылып көп бұзақылық жасадық. Рогатка атып, көршінің терезесін сындырған сәттер  болды. Сабақтан да қашатын едік. Сосын мұғалімнен таяқ жейтінбіз. Ол кезде сенікі дұрыс болса да болмаса да сөзіңді жақтамайтын. Қазір ғой, мұғалім абыройының аяқасты болып жатқаны.
Жазира:
Жасыратыны жоқ. Мен ерке болдым. Ата-анам бетімнен қақпайтын. Таңнан кеш батамын дегенше далада ойнап кететінбіз. Бір аңғарғаным, бүгінде көшеде ойнап жүрген баланы көрмейсіз. Барлығы әлеуметтік желіде отырады.
Тілші:
Өнер адамының істеген ісі, сөйлеген сөзі барлығы халық алдында таразыдан өтеді. Жалпы сынға қалай қарайсыздар?
Жанболат:
Адамның аузына қақпақ бола алмайсың. Біздің өміріміз өзгеге қызық болса, айтсын. Сынасын. Мұхтар Әуезовтың «азаматты жылы сөз ширатпайды, қатты сын ширатады» деген сөзі бар. Осы сөзді ұстаным етемін.
Жазира:
«Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөз бар. Шынын айтсам, басында жылайтын едім. Сол сәтте Жанболат басу айтатын. Қазір сыннан нәтиже шығаруға тырысамын. Бірақ, бір аңғарғаным, халық біздің өнерімізге тәнті. Өзге әріптестеріме қарағанда көп сын айтылмайды.
Тілші:
Ерлі-зайыптылардың бір салада жүруінде қиындық жоқ па?
Жанболат:
Біз халықтың алдында өнер саласында жүрген жұппыз. Таңдаған жолымыз, бағытымыз бір. Киімді де, айтатын әнді де бірге таңдаймыз. Көп уақытымыз бірге өтеді. Кімнің не істеп жүргенін жақсы білеміз. Бұның ешқандай да қиындығы жоқ.
Жазира:
Бұл қиындық емес – нағыз бақыт. Мен Жанболатпен бірге қайда болса да қол ұстасып жүре беремін. Махаббатым көз алдымда болады емес пе?
Тілші:
– Ене мен келін арасында түсінбеушілік көп туындайды. Бір үйде екі келін тұра алмайды деп жатады. Жалпы абысындарыңызбен сыйластығыңыз қандай?
Жазира:
Ене мен келін арасындағы дау-дамай жиілеп кетті. Ене – ол сенің екінші анаң. Күйеуіңді жақсы көріп, өміріңнің соңғы сәтіне дейін сонымен өткізуге бел байлаған соң анасын да, отбасы мүшелерін де сыйлаған дұрыс. Ал абысынға келер болсақ, «абысын тату болса, ас көп» демей ме, келін болып ақ босағаны аттаған сәттен бастап, ұрысып көргеніміз жоқ. Тіпті жеңіл сөзге де келіспей қалған емеспіз. Абысындарыммен тату-тәттімін. Сыйластығымыз енемнің бізге берген тәрбиесінің арқасы.
Тілші:
Екеуіңіз де өнер адамдарысыздар. Үй шаруашылығы, келіндік міндет. Бәріне қалай үлгересіз?
Жазира:
Үй жұмысын бұрын өзім істейтінмін. Тапсырыстың көбейгеніне байланысты үйде көмекші қыздарым бар. Үй жұмысына да, шығармашылыққа да үлгеріп жүрмін деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Өнер адамы әр қалада жүргенде үй шаруашылығына үлгеруі мүмкін емес. Келіндік міндетке келер болсақ, менің ақ босаға аттағаныма биыл – 22 жыл. Қазір өзімнің қайныларымның келіншектері бар. Олар сәлем салып, сыйлап жатады.  Келін болып сыналатын сәттен өттім деп ойлаймын.
Тілші:
Болашақ келініңіздің қандай болғанын қалайсыздар?
Жанболат:
Тандау ұлымның өз еркінде. Жүрегі кімді қалады, соның келін етіп қабылдауға дайынмын. Қанша десе де келін қыз бола алмайды ғой, бірақ барынша әкелік махаббат сыйлаймын.
Жазира:
Болашақ келініме білмегенін үйретуге дайынмын. Бастысы, адал болғанын қалаймын. Ұлымның көңілін тауып, екеуі отбасы болып, аяқтан тұрып кетсе, менің басқа қояр талабым жоқ.
Сұқбаттасқан: Мөлдір Кенжеғұлова
23 тамыз 2018 ж. 1 580 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930