» » » Халықтан шыққан үнге үнсіздікпен жауап беруге болмайды

Халықтан шыққан үнге үнсіздікпен жауап беруге болмайды

Геннадий Шиповских,мәжіліс депутаты:
    Геннадий Геннадийұлы Шиповских 1989 жылы Арал ауданы, Сексеуіл кентінде туған. 2010 жылы Қазалы аудандық №5 кәсіптік колледж3н машинист көмекшісі мамандығы бойынша бітірген. Колледжді үздік аяқтап, Қызылорда локомотив депосында жылжымалы құрамды слесарь ретінде жұмыс істеген. 2013 жылы локомотивтерді пайдалану Қызылорда депосында машинист көмекшісі болып ауысады. Көптеген облыстық және қалалық әлеуметтік шараларға белсенді қатысушы болған ол «Қазақстан темір жолы» АҚ «Эволюция» КТК мүшесі. 2016 жылғы 24 наурыздан бастап VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі.
– Геннадий Геннадийұлы, деподан депутаттыққа өттіңіз. Қарапайым еңбек адамының халық сөзін сөйлеуі қаншалықты қиын? Жалпы біздің қоғам еңбек адамын қалай құрметтейді?
– Рақмет. Дәл осындай жағдайға жеткеніме, біріншіден, ата-анама мың алғыс. Екіншіден, ұлтым орыс болғанмен, жаным қазақпен бірге. Қазақы ортада өстім, сонда тәрбиелендім. Сұраққа келсек, мен мұның алдында жастарға қатысты шаралардың бәріне қатыстым. Сол кезде сайлау басталар бұрын партиялық іріктеу болды. Онда жастар мен мемлекеттік тіл мәселесінде еркін сөз қозғай алатын, ұлты басқа бола тұра, қазақ елінің болашағына бей-жай қарамайтын жігіт Елбасының көзіне түсті деп ойлаймын. Оның алдына 2015 жылы Қазақстан халқы ассамблеясында мемлекет басшысының алдында сөз сөйлегенім бар. Сөйтіп, сайлауға түстік, партиялық тізімге ендік, артынша парламентке табан тіредік. Шүкір, әу бастан мамандығым – слесарь, одан кейін машинист болсам да, халыққа қызмет ету жағына келгенде жанымды салуға тырысып келем. Ең жас әрі еңбек адамы болғандықтан, халық сенімінің үдесінен шығуға тырысамын. Халық бай-бағланға емес, еңбек адамына қашанда жақын. Жұмысымызға да баға беретін – халық. Өзге ешкім емес. Сондықтан халықтан шыққан үнге үнсіздікпен жауап беруге болмайды. Онда қадіріңнің қашқаны, ел сенімінен айырылғаның.
– Өзі қазақ бола тұра ана тілінде ауызекі сөйлеуде сүрінетін әріптестеріңіз көп. Қазақша қалтқысыз сөйлеуді қалай үйрендің деген сұрақ қазақы аймақта, оның үстіне қазақ отбасында өскен сізге артық болар. Дегенмен оқырман ойымен санассақ. Тіл үйрену соншалықты қиын ба? Қанша тіл білесіз?
– Мемлекеттік тілді өз ана тілім деп есептеймін. Ес білгелі өз төл тілім  қазақ тілінде еркін сөйлеп келем. Тіл үйренем дегенге тек ниет болса болғаны. Орта әсер етуі мүмкін, бірақ адам ден қойса, дегеніне жетпей ме?! Қазір мен ағылшын тілінде курстарға қатысып жүрмін. Өзіме қажет болғандықтан. Енді тәжірибе аздау. Оқып-жазуға, ағылшынша сөйлеуге, диалог жасауға арнайы орта керек сияқты. Сонда да тіл сындырып, ағылшынша ауызша сөйлеп келем.
– Жалпы халықпен, оның ішінде жастармен тығыз байланыстасыз. Осы кіші буынға қатысты қандай мәселе сізді
алаңдатады?
– Жастарға келетін болсақ, Құдайға шүкір, көкірегі ашық, көзі ояу, жүздері жарқын. Біздегі кемшілік – жастардың әлі де болса жұмыспен дұрыс қамтылмауы. Үкімет тарапынан көптеген жақсы іс жасалып жатыр. Өзіңізге белгілі, Елбасы 2018 жылдың 5 наурызында қос палатаның отырысында елге қажет 5 әлеуметтік жобаны ұсынды. Оның ішінде тұрғын үй, салық жүктемесін азайту, кәсіпкерлікті дамыту, білім беру мәселесі айтылды. Осыларды алып қарасақ, жастарға көмегі зор. Көптеген өндіріс ошақтарында техникалық мамандар жетіспей жатыр. Ал, біздікілер мектеп бітірген соң, былғары креслоға жақындау мамандықты таңдайды да, ақыр соңында жұмыссыз қалуына әкеледі. Онсызда ол салада жүрген мамандар жеткілікті ғой. Сондықтан жастарға заман талабына сай белгілі бір мақсат керек сияқты.
– Жайдарман ойындарынан жиі көреміз. Әзілдің кей тұстары әріптестеріңізге бағытталып жатады.  Сіздің пікіріңіз?
– Жайдарманда болатын әзілдің түбінде қашанда шындық жатыр. Қандай да бір мәселені уытты шымшымамен айтып, халық көңілін тауып жатқан жастардың бас қосқан, үлкен ортасы десек те болады. Ондағы әзілдің сапасы жылдан-жылға артып келеді. Өз басым олардың сенбі, жексенбі күндері болатын барлық сайыстарына қатысып, солармен бірге болуға тырысамын. Өзім де жастардың ортасынан шыққан соң маған бұл ұнайды. Ал егер менің әріптестерім болсын, басқа да тұлға болсын, өзін сол жайдарман әзілдерінен көрсе, онда бұл әзілкештердің сын садағының дәл тигені деп айтуға болады.
– Галстукті һәм лауазымды қызметкерлердің көбі болмаса да бірен-сараны заңсыз әрекетке барып, соңында ұсталып жатады. Сіздің көзқарас бұған не дейді?
– Өкініштісі осы. Тіпті, айтуға ұят. Бір қарын майды бір құмалақ шірітетінін менен де жақсы білесіз. Кейбір әріптестеріміздің осындай кір суда жүзіп, олардың тамшылары бізге де тиіп кетіп жатады. Мемлекеттік қызметкерлердің бәрі болмаса да, бір-жары осындай заңсыз жолмен ақша алуға итермелейтін нәрсе – мүмкін жетіспеушілік, мүмкін ашкөздік. Қазір мемлекеттік қызмет істері агенттігі (Алик Шпекбаев) осы қызметкерлердің сапасын арттырудың тиімді жағын қарастырып та жатыр. Парақорлықты жоюды, сонымен қатар мемлекеттік қызметкер деген лауазымның деңгейін  үлкен этолонға айналдыру. Бізде көзқарас мынадай, әкімшілік қызметкері, ол демек, сыбайлас жемқорлыққа жақын деген сөз. Агенттік қазір осындай көзқарасты өзгерту бағытында жұмыстар атқарып жатыр.
– Сыбайлас жемқорлықты мемлекеттік қызметкердің жалақысын өсіру арқылы тежеуге болады дегенге сенесіз бе? Сондай пікір қоғамда бір кездері айтылды да емес пе?
 –. Бұл өте дұрыс нәрсе. Менің ойым да осы. Кейде менің көзіме осы кейіпкерлер ашкөздіктен емес, жетіспеушілік, кейбір қажеттілікпен баратын сияқты болып көрінеді. Айлығың жоғары болып тұрса, мемлекет барлық жағдайды жасап тұрса, ол адам онда пара алып несі бар деген ой да туады. Мемлекеттік қызметкерлерге жағдай жасалса жағымсыз іске бармайды дегенге сенем. Ал құныққандар туралы әңгіме ол бөлек.
– Осы депутаттық мандатты пайдаланып, өзіңіз не туған-туысқа қандай да бір мәселе шешуде араласқан кезіңіз болды ма?
– Жоқ. Мен сіздің ойыңызды түсіндім. Тіпті ондай жағдай болғанда да бас тартар едім.
– Рухани жаңғыру бағдарламасына ойыссақ, латын әліпбиіне сіздің көзқарасыңыз?
– Дәл осы бағдарлама 2017 жылдың 12 сәуірінен бастап жарыққа шыққалы бері Қазақстанда қаншама игі іс атқарылып жатыр. Елбасымыздың осы бағдарламасы – тарихи құжат. Неге десек, халық қазынасын, рухани байлығын түгендеп, жаңғырту бұл керемет дүние. Көптеген тілшілерге сұхбат бергенде мен айтамын: «біз латын әліпбиіне көшпейміз, біз сол тілге ораламыз» деп. Себебі, кезінде осы әліпбиді біздер қолдандық. Сонымен қатар, бұл – заман талабы. Меніңше, латын әліпбиі өз тілін білмейтін қазақтарға қазақ тілін меңгеруде керемет мүмкіндік. Әрі ұрпақ үштілділікке өту мен меңгеруде бұл әліпбидің маңызы зор. Біз енді бұған кезең-кезеңімен 2025 жылға дейін өтіп боламыз.
– Елге келдіңіз. Биыл – қаламызға 200 жыл. Өзгеріс байқай алдыңыз ба?
– Енді бұл жерде жақсының жақсылығын айту керек. Бұған 2013 жылдан бері қарай облысты басқарып келе жатқан Қырымбек Елеуұлының еңбегі зор. Оған дейін де жағдай жаман болған жоқ.  Бірақ соңғы бес жылда аймақтың тыныс-тіршілігі, қала келбеті күрт өзгерді. Меніңше, оны өзгелер де жоққа шығара алмайды. Қала бойынша емес, облыс бойынша дамып жатқан жоспарлар мен жобаларға куә болып жүрміз. Сырттан инвесторлар тартып, жұмыс көзін табуда еңбек еткен облыс азаматтарына халық атынан алғысым шексіз. Тұрғын үйлер мен жұмыс орындарының көптеп ашылуы да халық пен қала келбетін аша түседі деп ойлаймын. Көп облысқа қарағанда, біздің аймақ көшбасшылар қатарында. Соны мақтаныш тұту керек.
Қызылордалық қоғам белсендісі Болат Нұрқожаевтың уақыт белдеуіне байланысты мәселе қозғағанына біраз болды. Ондаоблыстың сағатына өзгеріз енгізу жайында айтылды. Сіз бұдан хабардарсыз ба?
– Болат ағамыз өте батыл пікірлерімен, қоғамдық ой қозғауымен маған өте таныс. Осы уақыт белдеуіне байланысты жан-жақты зерттеу жүргізген адам деп айтсам қателеспеймін. Осы мәселе бойынша Сыр өңірінен шыққан бір топ депуттаттар мәжілісте қозғау салып, сауал жолдағанбыз. Мен бұл мәселеге өзім толықтай қосылам. Алдағы уақытта шешілуге тиіс. Жақсы өзгерістер күтем.
– Депутаттар арасында мінберде өткір сөйлеп, өзекті мәселе көтеретін әріптесіңізден кімдерді айта аласыз?
– Мұндай кісілер өте көп. Өзіміздің жерлесіміз, қазалылық Бақытбек Смағұл мен Абзал Ералиев ағамызды ерекше айтуға болады. Қарағандыдан шықса да бар қазаққа танымал, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан және  Атырау өңірінен шыққан Бақыткүл Қайыржанқызын атап бере аламын. Айта берсек, бұл тізім кете береді. Осы кісілерге қарап, тіл мен елге жаны ашитын азамат ретінде осылардан үлгі алам әрі құрметтеймін.
– Ақ жаға мен галстукке құмартып, оқуын бітіре сала басшылық қызметке ұмтылатын кей жастарға бұрынғы теміржолшы қандай жол сілтейді?
– Бірден басшылыққа келгісі келетін жастар жетерлік. Тек оның ниет-пейілі өзгермесін деп тілейік. Менің өз ұстанымым – кім болсаң да адамдық келбетіңді жоғалтпа. Мейлі, арбакеш бол, мейлі министр бол, жұрт жадында жақсы адам боп қалу керек. Мен осы жолда жүріп, қайта машинист болып, майға түссем де халық мен туралы жаман пікір айтпайтындай жұмыс жасауға тырысам. Жас күнімнен солай.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұқбаттасқан: Ержан ҚОЖАС
30 тамыз 2018 ж. 1 218 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031