БАБЫМА КЕЛГЕНДЕ БАС ЖҮЛДЕНІ МЕН ДЕ АЛАМЫН
Нұрдәулет Аманқосов, Жалаңтөс баһадүр атындағы облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледжінің студенті, дзюдодан Қазақстан және Азия ойындарының жүлдегері:
Жаттығу залына кіргенімде оқушылардан бөлек бір топ жас белдесіп жүр. Айтпақшы бұл қай зал десеңіз, Жалаңтөс баһадүр атындағы облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының залын айтып отырмын. Биыл қыркүйектен бастап мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі статусын алған бұл шыныққан шымырлардың ордасынан елге белгілі, әлем, Азия чемпиондары мен олимпиада жүлдегерлері түлеп шыққанын білетінбіз. Бүгінде бұл мектеп-интернат колледж болып құрылғалы 20 студентті қабылдап, «спорт жаттықтырушысы» мамандығы бойынша білім беруді бастап кетті. Арнайылап алғашқы шәкірттермен де танысып үлгердік. Солардың бірі – дзюдо бөлімінің студенті Нұрдәулет Аманқосов. Жаттығуға қарамастан шәкірт ағынан жарылып, әңгімелесуге уақыт тапты.
– Нұрдәулет, колледждің алғашқы түлегі болуыңмен құттықтаймын. Әрі бұл өз мектебіңнің жанынан ашылғаны тосын сый болған шығар?
– Рақмет.Иә, қатты қуандық. Туған жерде спорттық додаға тыңғылықты дайындалуға жақсы мүмкіндік туды. Биыл біз осы спорт колледжінің алғашқы студентіміз. Осында биылғы түскен 20 қыз-жігіт спорттың әр түрінен түрлі тактикасын меңгеріп, шетелде, өзімізде болатын сайысқа еркін дайындалып, спорттық білім жетілдіреміз. Менің осындағы достарым да колледж ашылғанына қатты қуанды.
– Кез келген спортшы Олимпиада шыңын бағындырсам дейді. Дзюдода жүрген шәкірт, әрі жас Нұрдәулет бұған не дейді?
– Мен алғашында әкемнің қолдауымен 4-сыныпта қазақша күреске келдім. Өзім Қармақшы ауданында туғанмын. Сонда Бақберген Тәтімбетов ағай күрестің алғашқы тәсілдерін үйретті. Кейін әкем күреске қатты қызығатынымды байқады ма, қолымнан жетелеп, 7-сыныптан бастап осы спорттық мектепке тапсырды. Содан бері Қален Қалиұлы, Рашит Бурлов, Рамазан Мұстафаев сияқты ұстаздардан дәріс алып келем. Болашағым алда деп есептеймін. Бабыма келгенде Олимиададан бас жүлдені мен де алам. Сол үшін көп дайындалуым керек.
– Қазіргі жастардың көбісі болашағын шетелмен байланыстырғанды жақсы көреді. Сен ше?
– Әкем үнемі айтады: «өз Қазақстаныңнан басқа ел де, жер де саған құт болмайды» деп. Сол сөз әрдайым ойымда.
– Мысалы, өнер адамдары бір шығарманы дүниеге әкеліп немесе орындап, содан өз жұмысының ләззатын сезініп жатады. Ал сенің спортқа деген махаббатың қалай? Бейнелеп айтып бере аласың ба?
– Әр жаттығудан өзінше бір әсерлі. Бапкерлермен бірге дайындалған қатты ұнайды. Жаныма жақыны да осы дзюдо күресі. Әр күнімде жаттығу залына бармасам, өзімді жаман сезінем. Жаттығу залы менің екінші үйім десе де болады. Кейде жаттығуға белгілі себептермен қатыса алмай қаламын. Ондайда үйде, тұрмыста қолданатын жаттығу түрлерін жасап, сергіп аламын. Бәрібір, залдағыдай болмайды. Ең бастысы, жарысқа қатысып, жүлде алып, біздің елдің жалауын көргендегі спортшының күйі ерекше. Мен оны сезінгем.
– Жарыс жолында жүргенде үнемі есіңде жүретін жағдайлар бола ма?
– Үнемі есімде жүретіні, ағайлардың ақыл-кеңесі. Сосын әр жарысқа барған сайын туған үйімді, әкемді көп ойлаймын.
– Жарақат алып көрдің бе? Жабырқамадың ба? Спортшылардың спорттан кетуге бірден-бір себеп те осы деп естиміз.
– Бір-екі рет қолымды шығарып, аяғымды қайырып, ауырсынған жағдайлар болған. Біздің дзюдода онсыз болмайды да. Өзім де барынша әр жарыста сақ болуға тырысам.
– Әңгімелескеніңе рахмет, Нұрдәулет! Жеңісті күндерде жолығайық!
– Сізге де рақмет!
Сұқбаттасқан: Ержан БЕКМЫРЗАҰЛЫ
Суретке түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Рашит Бурлов, Дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы: Нұрдәулеттен үмітім көп. Жеңісті жолдарына қарасақ, дзюдодан Қазақстан чемпионатынан қола медаль жеңіп алды. Одан соң жасөспірімдер арасында Азия біріншілігінде күміс жүлдегер атанды. Бұдан өзге Ташкентте өткен халықаралық жарыста үшінші орыннан көрінді. Бұдан өзге жетістектері өте көп. Біз әр турнирге барған сайын Нұрдәулет жүлдесіз қайтқан емес. 17-ден енді асқан шәкіртімнің алар белесі әлі алда деп білемін. Сыр бойының атын шығаратын Нұрдәулет сияқты шәкірттер ғой.