Болашақ әлем чемпионы – Бейбарыс
Бейбарыс ШЫНТЕМІР, Жалаңтөс Баһадүр атындағы облыстық спорт интернатының оқушысы, зілтемірші:
Мені спортқа бейімдеген, тіпті алғашқы бапкерім – әкем. Ауылда лом темір, гір тасымен жаттығып, екі ай бокс үйірмесіне қатыстым. Бесінші сыныпты аяқтаған соң демалыста қалаға келгенмін. ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұржан Смаханов мені байқап қалып «Балаңды көрейін, жаттығу залына алып кел»,-деп әкеме тапсырады. Жарты сағат көлемінде жаттығулар жасатты. «Ұғымтал әрі икемі бар. Ертеңнен бастап жаттығуға келсін»,-деп бірден айтып, қуантып қойды. Қалада оқуыма осы жағдай себеп болды. №1 жоғары спорт шеберлігі мектебіне қабылданып, бір жыл дайындалдым. Қазір Жалаңтөс Баһадүр атындағы облыстық спорт интернатының 7-сынып оқушысымын. 45 келі салмақта жаттығып, бір жылда алты сайысқа қатыстым. Мұндағы күн тәртібі жауапкершілікке үйретті. Таңертең 7-де тұрып, 8-ден 10-ға дейін жаттығу жасаймыз, 10:30-да сабақ басталады. Түскі астан соң үш сабақ оқимыз. Сонан соң тағы да жаттығу. Іш бұлшықеттерін қатайту, арқа бұлшықеттерін жаттықтыру үшін турникке тартылып, орындықтан секіреміз. Қазір жұлқа көтеруден 42 кг, серпе көтеруден 57 кг-ды бағындырдым. Жаттықтырушым Нұрсұлтан Бахрадиннің айтқанын бұлжытпай орындаймыз. Жаттығусыз бір күннің өзі дайындыққа кері әсер етеді, сондықтан демалысты алдын ала жоспарлаймыз. Тіпті үш-төрт күн тамақтан бас тартқан кезім де болған. Ауылды алғашында қатты сағынатынмын. Бірақ әкем мен жаттықтырушылар мықты болуға үйретті. Мақсатым – ауыр атлетикадан Әлем чемпионы болу.
Жетістіктері:*Спорт шеберлігіне үміткер.
*Ауыр атлетикадан 2005-2006 жылы туылған жасөспірім ұлдар арасында өткен ашық біріншілікте – І орын.
*Ауыр атлетикадан 2005-2006 жылы туылған жасөспірім ұлдар арасында өткен Қызылорда облысының ашық турнирі – І орын .