» » » Ең құнды әпсаналар қазақ халқында сақталған

Ең құнды әпсаналар қазақ халқында сақталған

  БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Мұхит Төлегенов − Жалағаш ауданы, Бұқарбай Батыр ауылының тумасы. №33 орта мектептің түлегі. Алғаш мектеп жасында қазақ эпостарын жатқа айтып, республикалық «Алтын сақа» телевизиялық жобасының бас жүлдесін жеңіп алды. Әл Фараби атындағы ҚҰУ-де жоғары білім алып, Қожа Ахмет Яссауиатындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде магистратурада оқыды. Бүгінде Түркиядағы Ержиес университетінің Әлеуметтік ғылымдар институтында «Дін психологиясы және этнопсихология» бағытында PhD докторантура білім алуда. Гауһар есімді жарымен бірге үш ұл тәрбиелеп отыр.



Мұхит ТӨЛЕГЕН, Түркиядағы Ержиес университетінің докторанты:


 − Қазір қандай тақырыпта зерттеу жасап жүрсіз?
− Қазіргі кезде «Қазақстандағы мифологиялық діндарлық феномені қалыптасуының психологиялық платформасы және функциясы» деген тақырыпта ізденіп жүрмін. Докторлық диссертация негізінде өткен жылы Ержиес университетінің арнайы ғылыми жобасын ұтып алып, Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан мен Өзбекстанда зерттеу жүргіздім.
− Сіздер дайындаған әдебиеттер елімізде кеңінен таралып, жұртшылықтың ықыласына бөленді. Толығырақ айтып берсеңіз?
 − «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының жобаларымен тең авторлармен бірге осы уақытқа дейін жеті кітап жарияладым. Олар «Әлдиден эпосқа дейін», «Салт-дәстүр сөйлейді», «Сияр Шәріп», «Логотерапия немесе өмірге құштарлық», «Яссауи феномені», «Махаббаттың мәні», «Мың сұрақ». Бұл кітаптар бүгінде оқырмандардың жылы лебізіне ие болып үлгерді. Менің Түркияда жасап жатқан ғылыми зерттеулерімнің, кітапханалардан, архивтерден тапқан мәліметтерімнің осы кітаптардың шығуына қосқан елеулі үлесі бар.
− Жуырда «Жүз жаңа оқулық» жобасына қатысқаныңызды білдік.
− Иә, «Ұлттық аударма бюросының» ұйымдастыруымен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында «Әдебиет теориясы» атты әлем әдебиетінің көптомдық антологиясын ағылшын тілінен қазақшаға аударуға атсалыстым. Әдебиет теориясы жинақтары 2019-2020 жаңа оқу жылына дейін 10 мың дана таралыммен еліміздегі 112 жоғары оқу орнына таратылады. Сонымен қатар осы оқулықтар негізінде дайындалған онлайн курстар «Қазақстанның ашық университеті» платформасына жүктеліп, еркін қолданысқа берілді.
«Салт-дәстүр сөйлейді» кітабыңызда қызықты деректер бар. Құнды дүниелерді Қайсеріден таптыңыз ба?
− 2013 жылдың қазан айында Түркияның Қайсері қаласындағы Ержиес университетіне докторантураға оқуға түстім. Қолым қалт еткенде «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабына қатысты тың деректер іздей бастадым. Нәтижесінде түрік ғалымдарының қазақ салт-дәстүрлеріне, аңыз-әпсаналарына қатысты бірнеше еңбектері қолыма түсті. Көбі тың дүние еді. Бажайлап қарасам, зерттеудің дені 1991-1993 жылдары жүргізілген екен. Яғни, Қазақстан экономикасы күйреген кез. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» дейтін шақтың нақ өзі. СССР-дің шеңгелінен әрең құтылған қазақтың ұлттық құндылықтарын түгендеуге мұршасы болмай жатқан уақыт. Тәлім көрген, иманға көңіл берген қарттардың да тез сиреп жатқан кезі. Көбі жиған қазыналарын ұрпағына бере алмаған күйі өмірден өтіп кетті. Қисапсыз рухани қазына олармен бірге көміліп кетті. Бірақ сол кезде арнайы жобалармен келген түріктің бірнеше ғалымдары құйма құлақ қарттарға жолығып, әңгімелерін хатқа түсірген. Олар Ататүрік атындағы тіл және тарих қоғамының қолдауымен кітап болып басылып шыққан. Жалпы түрік елі түркі халықтарының дүниетанымын зерттеуге тәуелсіздікті енді алған жылдардан бастап ықыласпен кіріскен. Бұл зерттеулер олар үшін ғана емес, біз үшін де пайдалы болып отыр. «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабына ең мәйекті қиссаларды енгізудің сәті түсті.
Түрік ғалымдары қазақ халқының көне мұралары туралы деректерімен бөлісті ме?
− Иә, мысалы, Метин Ергүн есімді түрік ғалымы 1993 жылы Ататүрік атындағы түрік тілі және тарихы қоғамының грантын ұтып алып, «Түркі халықтары әпсаналарындағы құбылу сарындары» деген тақырыпта үлкен жоба әзірлеген. Оның әрқайсысы 600 беттен тұратын кірпіштей екі том кітабында жиырма бестен астам түркі халқының аңыз-әпсанасы енгізілген және автор кейіннен жарияланған докторлық диссертациясында түркіге ортақ көне мұраларды талдай отырып, былай деген екен: «Түркі халықтарының ішіндегі ең құнды, ең бай әпсаналар қазақ халқында сақталған. Тыңдаған сайын құмартып, оқыған сайын құштарлана түсетін бір кереметі бар. Әсіресе олардың аңыз, қиссаларды өмірлік салтына, дүниетанымына айналдырып алғаны ғажап. Түрік халқының көнеріп, елеусіз бола бастаған кейбір дәстүрлерінің төркінін мен қазақ мифтерінен тауып алдым». Айтса айтқандай, Метин Ергүн қазақ даласын шарлап жүріп, көне көз қариялардан көптеген аңыз, хикаяларды қағазға түсірген. Әсіресе ол Оңтүстік Қазақстан, Сыр өңіріндегі, Батыс өлкесіндегі, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстандағы көнекөз қариялардан көптеген құнды деректер жазып алыпты. Ғалымның игі ісіне қол ұшын беріп, жәрдемдерін аямаған информанттар Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Қарабұлақ ауылынан Мәкей Аязбаева, Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Сарыбұлақ ауылынан Биған Таубаева, Алматы қаласынан Баян Битөреева, Шымкент облысы Түлкібас ауданынан Алтынай Пірімбетова, Шымкент облысы, Созақ ауданы, Созақ ауылынан Оразәли Баймұратов, Созақ ауданынан Гүлнар Смағұлова, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданынан Мәдина Досжанова, Сағидолла Көшімбаев, Күлайша Оразбаева, Байғонақ Жылқыбаев, Айша Әменқұлова сынды жандар. Ғалымның айтуынша, олардың барлығы да ел-жұрт арасында абыройлы, сыйлы  кісілер.
«Әлдиден эпосқа дейін» атты еңбектеріңізде көптеген салт жоралғыны түрік ғалымдарынан білдік. Этнограф ғалым Яшар Калафат туралы айтып беріңізші?
− Яшар Калафат − Түркі халықтарының салт-дәстүрлерін жинап, зерттеуде ерекше қайрат көрсеткен, Түркияда ғана емес, әлемде мойындалған этнограф ғалым. Түркі халықтарының салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын зерттеген бұл кісінің қаламынан қырық кітапқа жақын қыруар дүние шыққан. Ең алғашқы еңбегін ашып оқи бастағаннан кейін-ақ ғалымның қажырына, сабырына қайран қалып, басымды шайқаған едім. Себебі ол жол азабына, түрлі мехнат-машақаттарға, қауіп-қатерлерге қарамай, басын бәйгеге тіккен. Қазақ, түрік, қырғыз, түрікмен, т.б. халықтардың жойылып бара жатқан дәстүрлерін тірнектеп жинап, түгендеп, кітап етіп бастырып шығарған. Ғалым «Түркі әлеміндегі халықтардың салыстырмалы наным-сенімдері», «Балқаннан Ұлы Түркістанға дейінгі халықтардың жоралғылары, қазақтар, татарлар, түркімендер» атты он томдық еңбектерінде қазақ салт-дәстүрлерінің де арғы тегін зерделеген. Атап айтқанда, «Бесік жырының шығуы», «Бата беру» салттары, «Иткөйлек кигізу», «Тұзды төкпеу» ырымдарының илләһи төркіні бар екендігін алға тартқан. Кітабында қазақ халқына ерекше ілтипат білдіріп, түркі халықтарының ішіндегі ең бір қонақжай халық екендігіне назар аударады. Ең маңыздысы, Яшар Калафат түбі бір түркі жұрағатының салт-жоралғыларының өте-мөте ұқсас болып келетіндігіне қайран қалады. «Бір кереметі, халық дәстүрлерінің мәні мен мәйегі өте тереңде. Ырым-тыйым, салт-жоралардың бастауында әулие-әмбиелердің тұратындығы таңғалдырады. Бұл әлемдік өркениет үлгісін солар жасап кетті дегенді білдірсе керек» деп жазады. Жердің жүзін шарлап, ортақ мирасты хаттаған ғалымның бұл тұжырымымен келіспеске болмайды. Одан басқа, Юсуф Өзаслан, Шинаси Гүндүз, Али Булач сынды зерттеушілерді де атап өткеніміз жөн.
Қазақ әдебиетіндегі жаңалығы бар қандай жаңа шығармаларды атай аласыз?
Жаңа ғасыр басында қазақ әдебиетде постмодернистік ағым негізінде қалам тербеушілер легі қалыптасып еді. Әсіресе Айгүл Кемелбайдың «Мұнара» атты романынан, «Тобылғысай», «Ағаш үй» әңгімелерінен, Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романынан постмодернистік леп, сарын айқын сезіледі. Діни, мистикалық, психологиялық элементтердің көптеп кездесуі, адамның өткені мен бүгінін және келешегін біртұтас бірлікте сипаттау, санадағы архетиптерді жаңғырту осы авторлар шығармаларының көзге түсетін ерекше белгілері деп санаймын.
Ал дәл қазір стильдік жағынан ерекше бір шығармалар жазылып жатыр деп кесіп-пішіп пікір айту қиын. Дегенмен, замандастарым Қанат Әбілқайырдың, Алмас Нүсіптің дүниелерінде тәуелсіздіктен кейінгі толқынның өзіне тән жүрек лүпілі, батыл ойлары бар. Басқа да жас жазушылардың әңгімелерін, хикаяттарын шамам келгенше оқуға тырысып жүрмін. Жақында ғана Ырысбек Дәбейдің «Әкелеріміз айтатын әңгіме» мен «Мөлтіл» атты кітаптарын оқып шықтым. Оның мөлтек әңгімелерінің маған қатты ұнаған себебі: көңіл түкпірінде жатқан сезім ұшқынын оята біледі. Оның кейіпкерлерінің бәрі көзтаныс адамдар. Қазақтың табиғатын қаз-қалпында бейнелеуге талпынады. Айтқысы келген көркем ойдың түйінінде бір мән бар. Ең бастысы, осы талпынысы тежеліп, тоқтап қалмаса екен.
Қазіргі қазақ прозасында қандай тақырыптар жазылмай жатыр деп ойлайсыз?
− Жақында ғана бір әдебиет зерттеушілерінің «жалпы қазір сөз өнерінде қозғалмаған тақырып қалған жоқ. Бәрі жазылып қойды» деген сыңайдағы пікірлерін оқып қалдым. Адамның өмір-тіршілігі алға жылжыған сайын әдебиетте де жаңа мотивтер, жаңа тақырыптар туындайды. Яғни, шығарма арқауы адам болғандықтан, оның болмысын зерттеу-зерделеу тоқтап қалмайды. Өзім Түркияда білім алып жүргендіктен, түрік әдебиеті мен қазақ әдебиетін салыстырып, саралап отырам. Шамам келгенше, жаңа туындыларды, оқырман жоғары бағалап жатқан шығармаларды оқуға тырысам. Өмер Зүлфү Ливанелидің «Мазасыздық» (Huzursuzluk) , Орхан Памуктың «Қызыл шашты әйел», Хасан Али Топбаштың «Құстар асына кетер» деген туындыларын оқыдым. Көзім жеткен нәрсе, олар уақыт дөңгелегінен қалып кетпей, заман талабына дер кезінде жауап беріп отыруға тырысады. Бүгінгі күннің өзекті мәселесін сөз қылғандықтан, олардың роман, хикаяттарына деген сұраныс жоғары. Қазіргі қазақ прозасы үшін жазылмаған тақырыптар жетерлік. Солардың маңыздысы, экзистенциялық тақырып деп есептеймін. Яғни адамның рухани қасиеттері: ар-ұят, еркіндік, жауапкершілік, тәубе, махаббат мәселесі жаңа қырынан талқыланып, талдануы тиіс деп ойлаймын.
− Дін мен дәстүр бөлек дейтіндерге не айтасыз?
− Дін мен дәстүрдің ортақ желідегі үйлесімі әлемде сан мәрте зерттеліп, мыңдаған диссертациялар мен зерттеулерге арқау болған. Сондықтан біздің ойымызша, дін мен дәстүр бөлек деген пікірдің өзі мүлдем қисынсыз. Діннің мәдениетке, дәстүрге әсері болмаса, екеуі бір-бірімен домбыраның қос ішегіндей жақын тұрмаса, халықтың өмірінен мән кетері сөзсіз. Оны айтпағанда аңыз, қиссасы жоқ дін надандыққа бейім келеді.
− Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлбану МАҚАЖАН

05 шілде 2019 ж. 1 593 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031