» » » Томирис роліне 15 мың үміткер ішінен Лия Фоминаны қалай таңдады?

Томирис роліне 15 мың үміткер ішінен Лия Фоминаны қалай таңдады?

Ақан Сатаевтың "Томирис" фильмінде сақ патшайымының бала кезін ойнауға 15 мыңнан астам үміткер ниет білдірген. Режиссер мен түсірілім тобы бұл рольге 10 жастағы Лия Фоминаны таңдап алды. Лия Алматыдағы №105 гимназияның 5-класында оқиды. Лия Фомина
Лия Фомина. Фото: Владислав Воднев/Sputniknews.kz


– Лия, фильмге түспей тұрып Томирис патшайым туралы білдің бе?

– Томирис деген патшайымның барын бастауыш класта оқып жүргенде анамнан естідім. Ал фильмнің кастингі басталғанда анам екеуіміз Томирис туралы оқи бастадық. Оның қандай батыл болғанын және халқын, жерін жаудан қалай қорғағаны туралы білдік. Соның нәтижесінде ежелгі дәуірде өмір сүрген адамдар туралы білімім толықты. Олар қалай өмір сүрді, қалай тамақтанды, қалай киінді – бәрі маған қызық болды.

– Мұның алдында ешбір фильмге түспеген екенсің. Роль сомдау қиын болған жоқ па?

– “Томирис” фильміне дейін отбасы құндылығы туралы әлеуметтік роликке түстім. Ол кезде қалыңдықтың сіңлісін ойнадым. Бұрын фильмге түспесем де, бірден үйреніп кеттім. Өйткені маған режиссер Ақан Сатаев, кастинг директоры Жайна Әбдиева бастаған түсірілім тобындағы барлық адам көмектесті. Сол кісілердің қолдауының арқасында кейіпкеріме, түсірілім жұмысына үйрену қиын болған жоқ.
Каскадерлардың да көп көмегі тиді. Олар маған батыл болуды, түрлі трюкті орындауды, жылқының үстінде секіруді, садақ атуды және қылыштасуды үйретті.
Лия Фомина
Фото: Ticketon.kz

–  “Томириске” қалай келгенің туралы айтып берші?

– Фильмнің кастингі басталғанда анам фотосуретімді ұйымдастырушыларға жіберді. Олар мені келесі кезеңге шақырды. Онда маған режиссер мен шығармашылық топ қоянды аулап жатқандағы сәтті көрсетуді тапсырды.
Содан кейін қатал әрі жауынгер адамның бейнесін де көрсету керек болды. Дәл сол кезде қатты шаршап әрі ашуланып тұрған едім. Сол себепті бұл тапсырманы орындау қиын болған жоқ. Шынына келсек, менің жай ғана жолым болып кеткен сияқты.
Лия Фомина
“Томирис” фильмінің кадры. Фото: Ticketon.kz

– Фильмге түскен соң өмірің өзгерді ме?

– Ештеңе өзгермеген сияқты, сол баяғыдай мектепке барамын, бұрынғыдай ойнаймын. Бірақ мінезім өзгерді. Сабырлы, жауапты бола бастадым. Уақыт пен еңбектің не екенін түсіндім.
Күн сайын түсірілімге 500-ден астам адам жиналатын. Оларды күттірмеуің керек. Содан уақытты бағалай бастадым. Өйткені өзге адамның да уақытын, еңбегін сыйлау маңызды. Түсірілімінен кейін кітапты көбірек оқып, білуге құмарта түстім.

– Түсірілім кезіндегі қандай оқиға есіңде қалды? Не нәрсе ерекше әсер етті?

– Түсірілімнің әр күні, әр сәті есімде және оны жақын арада ұмытпаймын. Өйткені маған киноға түсу ерекше әсер сыйлады.
Әсіресе, менің фильмдегі әкем Спарғапты қоластындағы адамдардың  сатып кетіп, жабылып өлтірген сәттегі түсірілім жұмысы қатты ұнады. Өйткені онда көп актер болды, каскадерлар неше түрлі қиын трюк орындады. Сценарий бойынша сол кезде көп адам өлді және соның бәрін өз көзіммен көрдім.
Түсірілім кезінде суретші Айбек аға екі гантелді ұстап, грифон болғаны есімде қалды. Грифон – ертегілерде басы бүркіт, денесі арыстан бейнесіндегі құс. Оны кейін монтаждап, “нағыз” грифонға айналдырды.

– Фильмде ересек актерлармен бірге ойнадың. Саған кімнің кеңесі көбірек көмектесті?

– Түсірілім кезінде көп уақытты Еркебұлан Дайыров пен Мұрат Бисенбинмен бірге өткіздім. Еркебұлан аға менің кинодағы әкемнің досы Харасптың ролін ойнады. Ол бала Томиристі әкесін сатып кеткен адамдардан құтқарып қалды. Ал Мұрат аға менің әкем Спарғаптың ролін сомдады.
Лия Фомина, Еркебұлан Дайыров
Лия Фомина актер Еркебұлан Дайыровпен. Фото Лияның жеке архивінен
Олар маған қалай шынайы ойнау керек екенін үйретті. Мұрат, Еркебұлан ағалармен уақытты көңілді өткіздік. Түсірілім кезінде сәл босаңсып, жалқаулыққа бой алдырғанда кастинг директоры Жайна Әбдиева “Томирис кім?” деп сұрайтын. Сол кезде “Мен!” деп жауап беремін де, бірден жиналамын.

– Ұсыныс болса, киноға тағы түскің келе ме?

– “Томириске” түсіп жүргенде бірнеше жобаға шақырту алдым. Ал фильмнің премьерасынан кейін әлі ешкім шақырып үлгерген жоқ. Егер қандай да бір ұсыныс түссе, қуана келісемін.
Альмира Тұрсын, Лия Фомина, Салтанат Серкебаева. Фото: Azattyq.org

– Қандай арманың бар?

– Болашақта жан-жақты актриса болғым келеді. Фильмдегі барлық трюкті өзім орындасам деймін. Сол себепті каскадер болуды да армандаймын.
Жеке үйімнің болғанын қалаймын. Өйткені онда жылқы баққым келеді. Ит пен мысық та асыраймын. Адамдар мен жануарларға үнемі көмектесетін мүмкіндігім болса деймін. Өйткені оларға көмектескенді ұнатамын. Әлемдегі әдемі жерлерді де көргім келеді.

– Әдетте шығармашылыққа жақын балалар мектепте нашар оқиды деп жатады. Мектепке барғанды жақсы көресің бе? Қандай пәндерді сүйіп оқисың?

– Бұған дейін гимнастикамен айналыстым, қазір кәсіби бимен шұғылданамын. 2018 жылдан бастап кино мен жарнамаға түсе бастадым. Бірақ мұның бәрі менің үздік оқуыма кедергі келтірмейді. Кейде мектепке барғым келмей кететін кездер де болады.
Тарих пен математиканы сүйіп оқимын. Ал ең ұнатпайтын пәнім – орыс тілі. Өйткені бұл сабақта тіл ережелерін көп жаттаймыз. Ал маған ережені жаттаған ұнамайды.
Лия Фомина
Лия Фомина. Фото: Тұрар Қазанғапов/Tengrinews.kz
Автор: Мейірман Лес 




08 қазан 2019 ж. 1 446 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031