Мақала – сіздің репутацияңыз
Нұрмұхамед БАЙҒАРАЕВ,
«Айқын» газетінің бас редакторы:
– Нұрмұхамед, Тұманды Альбионда білім алып, Project Menegment мамандығын меңгеріп келдіңіз. Бұл саланың тиімділігі неде?
– Бұл тек жобалардың тиімділігін арттыруға, олардың сәтті іске асуына ғана қажет мамандық емес. Бүгін нәтижесі көрінбегенмен, болашақта берері көп. Ол өзге салалар секілді жарқ етіп көрінетін нәрсе емес.
– Шетел асып келген азаматтардың елге үйренісуі қиын болады дейді. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Бұл орайда қандай мықты универсиетті бітіргенің маңызды емес. Шетелде білім алып келгендер 2-3 ай үйренісе алмай жүретіні рас. Алғашында бізде де болған. Бірақ аса бір мәдени шок алатын дәрежеде емес. Себебі осы елдің азаматымын. Екі жылдың ішінде еліміз қатты өзгеріп кетеді дейтіндей де қияли түсінік жоқ.
– Қазір сана транзиті қалыптасуда. Қолында гаджеті бар кез келген адам ақпарат алуға қауқарлы. Халық жылдам ақпаратқа әуес болды. Ал, аналитикалық мақаланың оқылымы аз. Мұның себебі неде?
– Жалпы мен саяси сараптамаға біртабан жақынмын. Сараптаманың бүгін ғана емес, бұрыннан қаралымы аз. Неге? Өйткені ол адамды ойлануға итермелейді. Ал, көп адам ойланатын материалды оқығаннан гөрі «анау әнші үйтіпті, мынадай киім киіпті» деген хабарды оқығанды жөн көреді. Ал, сараптама елдегі, әлемдегі құбылыстарға тереңірек үңіледі. Әрине, бұған барлық адам қызығады деп айту қиын. Бірақ оның оқылымы аз болады екен, жұрт қызыға бермейді екен деп, жазбай қалуға болмайды. Қоғамда ойланатын білімді адам қашанда табылады. Тіпті көп. Оның өз аудиториясы бар. Сондықтан сараптама болу қажет. Сонымен қатар оның сапасын арттырып отыру да маңызды. Мысалы, опера, балетке барлық адам қызыға бермейді. Бірақ ол ғасыр өтсе де жалғасып келе жатыр. Саяси сарапатама да дәл сондай.
– Қазіргі таңда Facebook мәселе көтеретін алаңға айналды. Қалай ойлайсыз, әлеуметтік желінің деңгейіне түсіп кетпедік пе?
– Елімізде Facebook басқа әлеуметтік желіге қарағанда саясиланып кетті. Қоғам белсенділері сол жерде көбірек шоғырланды. Бірақ оны жалпыұлттық деңгейде деуге болмайды. Бірақ онда қоғам белсенділері өз ойларын ортаға салады. Біреу игі мақсатпен, енді бірі арзан абырой жинауға тырысады. Әркімде түрлі мақсат. Алайда осылардың барлығына назар аудару керек. Оны жоққа шығарып, көз жұмып қарауға болмайды. Бірақ оның өзіне сараптама қажет. Мұның артында не тұр? Қандай мақсатпен жазды? Қоғамның көкейіндегі шынымен актуалды мәселе болса, неге шешпеске? Неге тығырықтан шығатын жолды қарастырмасқа? Осының барлығын ой елегінен өткізу керек.
– Қазір «ақылдылар ағыны» жүріп жатыр. Неліктен осы процесс жоғары қарқынға ие?
– Мен соншалықты жоғары деп айта алмас едім. Оған бірнеше себеп бар. Жалпы жастардың арасында қызу қарқын бар. Бірақ «Болашақ» бағдарламасын бітіргендер шетелге үдере көшіп бара жатыр деп айта алмаймын. Өйткені олардың өз талабы бар. Ереже бойынша шетелден оқып келген адам бес жыл Қазақстанда жұмыс істеуге міндетті. Оның үстіне кепіл ретінде көпшілігі баспанасын қояды. Тағы бір айта кететін жайт, шетелге қайта барып жұмыс істеу үшін ағылшын тілін жетік білу тиіс. Ал ол Қазақстанда бес жылын өтеймін деп жүргенде тіл білу дағдысы төмендей бастайды. Сондықтан халық жаппай шетел асуда деуге негіз жоқ. Алайда қара күш кетіп жатыр. Мәселен, Оңтүстік Кореяға.
– Бүгінде сараптама аз жазылады дедік қой. Енді ақпараттық салада осы сараптаманың рөлін күшейту үшін қандай қадамдар қажет?
– Бұл азаматтардың деңгейіне байланысты. 2000 - жылдардың басында оңтүстік өңірде кроссворд өте танымал болды. Неге? Өйткені адамдар қатты ойланып әрекеттенуге күш салмады. Ал, қазір ақпараттық сайттардың дәуірі жүріп тұр. Сәл уақыттан кейін мүмкін ойланатын азаматтардың уақыты келетін шығар. Бірақ оны күтіп отыра беруге болмайды. Көш жүре түзеледі. Осыны сайт не телеарна басшылары ескеріп, сараптамаға көңіл бөліп отырса, мұны жөндеуге болады.
– Жақында Аляскаға бардыңыз. Қандай мақсатта бардыңыз? Не түйдіңіз?
– Ол жаққа мені қонақ ретінде шақырған еді. Онда әлемдік саяси классиктердің еңбегін талқыладық. Сонда бір байқағаным, сол классиктердің заманында көтерілген мәселелер қанша ғасыр өтсе де әлемде әлі күнге дейін көрініс табуда. Қазақ қоғамында да дәл солай.
Қанша ұрпақ ауысса да адамға ортақ мәселелер шешілмей жалғаса береді екен. Бұл сапарым мен үшін үлкен тәжірибе болды. Өйткені сонау университет қабырғасында оқыған еңбектерді қайта еске түсірдік. Түрлі идеялар ойға келді. Әлемдік аренада қандай мәселе болып жатқанынан хабардар болдық.
– Жаңа саяси сараптамаға жақын екеніңізді айттыңыз. Сіздің сараптамаңыз арқылы билік қандайда бір өзгерістер енгізген кез болды ма?
– Менде «саяси мақаламның нәтижесінде шешім қабылдансын немесе әсер етсін» деген мақсат жоқ. Бұл жерде бірінші өзімнің жеке көзқарасым, екіншіден саяси сараптаманың қатары көбейе берсін, соған өз үлесімді қосайын деген ой. Жалпы мақала – сіздің репутацияңыз. Сондықтан тәуір дүние жазу керек.
– Түсінікті. Жалпы өзіңіз сынды қалай қабылдайсыз?
– Егер ашық дебатта дәлелді түрде сын айтылса, әрине қабылдаймын. Ал әлеуметтік желіде негізсіз немесе қандай да бір дәлелсіз айыптап, не қисық пікір айтса жауап бермеуге тырысам. Оған мен уақыт жұмсағым келмейді. Мұндай нәрселерге көңіл бөлудің өзі артық.
– Соңғы сауал. «Айқын» газетінің бағытын көпшілік біледі. Енді сіз жаңа басшы ретінде қандай жаңалық енгізесіз?
– Газеттің соңғы сандарын оқысаңыз, жаһандық сарапшылардың пікірі арқылы материал топтамасын ұсынып жүрміз. Олардың пікірін алудың өзі оңай емес. Қол жете бермейді. Бірақ елге келіп жатса, мүмкіндікті жібермей, сұқбат алып қалуға тырысамыз. Негізінен қазіргі құрылым қарапайым. Газет сайтында оперативті жаңалықтарды жариялап отырмыз. Ал, газетте сараптамалық мақала, сыни материал және қызықты тұлғалардың сұхбатын топтастырамыз. Сонымен қатар жаңа айдарлар ашылып жатыр. Мәселен, таным – әлемдік технологиялардағы өзгеріс жайлы, дала демократиясы – елдегі саяси өзгерістерге қатысты материалға арналған. Мұнан бөлек өзге де жоспарлар бар. Оның барлығын алдағы уақытта біртіндеп жүзеге асыратын боламыз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Ақтілек БІТІМБАЙ