» » » ЖАҒАЛАУЫ ЖОҚ ТЕҢІЗБЕН ТЕҢ ЖУРНАЛИСТИКА

ЖАҒАЛАУЫ ЖОҚ ТЕҢІЗБЕН ТЕҢ ЖУРНАЛИСТИКА


  • Абай Тағыберген, журналист:
  Біздің анықтама:
Тағыберген Абай Тағыбергенұлы 1994 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. №23 мектеп-лицейді тамамдаған
. Болашақ университетінің «Журналистика» мамандығында білім алған. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Жас журналистер арасындағы конкурстың ІІ орын иегері, Облыс әкімінің «Жас дарын», Қала әкімінің «Ұшқыр қалам»номинанты
  • – Журналистикаға адам кездейсоқ келмейді. Мысалы, Нұртөре Жүсіп мектеп бітіргенше үш мың кітап оқыпты. Сіз журналистикаға қандай дайындықпен келдіңіз?
– Әр адам өз тағдырын өзі жасайды деген ұғым бар. Шынын айтсам, жағалауы жоқ теңізбен тең журналистикаға бала кезден қызықтым десем артық болар. Жоғарғы сыныпты оқып жүргенде телеарнаға деген ішкі қызығушылық мені осы бағытқа итермелеп тұрды. Тіпті сыныпта бірнеше баланы біріктіріп, кішігірім сұқбат алып, мектеп өмірінен репортаждар беретінмін. Әрине, мұның бәрі қоңырау кезінде немесе сынып сағатының уақытында ғана мүмкін болатын. Одан қалды мектептің «23 және біз» атты жеке қабырға газетіне де мақалалар бере бастадым. Қазіргі уақытпен өлшегенде мақала деуге келе қоймас, бірақ ойға қонған дүниелерді шимайлап, қағаз бетіне түсіріп, әйтеуір мақала жазып шығатынбыз.  Кейіннен оқу бітіргеннен кейін журналистикаға бет бұратынымды айқын білдім. Ата-анамның да ықпалы да осы жолға түсуіме сеп болды. Бірақ ақиқаты менің журналист болып  қалыптасуыма осы саланың бел ортасында жүрген ұстаздарым бағытымды бекемдеуге үлес қосты.
Жазу-сызудың машақатын бір кісідей түсіндіре білген Нұрлан Көбегенұлынан талай жылға жүк болар тәлім алдым, журналистің қоғамдағы қызметінің терең екенін ұқтық. Қазір де Нұрлан Көбегенұлының редакторлығымен шығатын республикалық қос басылым «Әлімсақ» журналы мен «Ұстаз мәртебесі» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарамын. Өмірде ағалық жол көрсеткен Болат Жұмабаев, Қамбар Бекенов, Әділбек Жақановтың да қамқорлығын көрдік. 
– Қоғамда «журналистиканы оқымай-ақ журналист бола аласың» деген пікір жиі айтылып жүр. Салалық журналистиканы дамыту үшін түрлі мамандықта оқыған жастар журналистикаға келсе, нағыз қаламгер бола ала ма?
– Бұл сұрақтың астарында екіжақты пікір бар. Меңінше, журналист болып, ел мүддесіне қызмет етемін деген азамат міндетті түрде осы саланың "ішкі кухниясын" білу керек. Себебі журналист әрдайым қоғамның бел ортасында жүргендіктен оның кәсіби парызы елдің жанайқайын жеткізу. Бірақ әсіре эмоцияға беріліп, жалған ақпарат жетегінде кетпеу журналистің шеберлігін байқатады. Журналистиканың мектебінен өтпей, ауыр жүкті мойнына алған азаматтардың ішінде десөз саптауы, айтар ойы қалыптасқан мамандардың ел арасында жүргенін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ шындыққа да тура қарау керек. Кейбір саяси не экономикалық тақырыптарды жеріне жеткізіп талдап беретін мамандардың мәселеге тереңірек бара алатыны біздегі салалық журналистиканыны қолға алу керегін аңғартып қояды. Салалық журналистика дамыту керек деген түпкі ойдың да жиі қылаң беретіні осыдан.
– Баспасөз бетінен байқағанымыз экономика тақырыбын жиі жариялайсыз. Демек есеп-қисапқа бір табан жақын
болғаныңыз ба?
– Әр журналист өзінің стилін табуы керек. Білім, экономика тақырыптарына қызығатыным рас. Неліктен екенін айтайын. Білім саласы қай уақытта болмасын өзектілігін жоймайды. Оның үстіне қазіргі жаһандану білімнің ұшы-қиыры жоқ екенін тағы бір дәлелдеп отыр. Жұмыр жердің жуан елдері осы білім саласының маңайына топтасса, ендігі бір елдерде білім – құндылық көзі, табыс жолы. Тақырыпқа терең ене білсең, білім саласынан туындайтын мәселелер көп. Ал, экономика бағытына қызығушылық студент кезден басталды. Жыл сайын Давос экономикалық форумындағы экономистердің ой-пікірлері мен болжамдары тың  тақырып табуға жетелейді.
Түсінгенім, экономика ол есеп емес, ол – тиімді басқару. Яғни барлық саланың түптамыры осы экономикадан бастау алады. Ал, қызығатын бағытымның бірі – бизнес саласы. Бизнес арқылы инфрақұрылым да, туризм де, білім саласы да дамиды. Қарап отырсаңыз, бизнестің аясы кең. Бірақ жас журналист ретінде экономика тақырыбын толық меңгердім деу қате пікір. Қазір өзімді жетілдіру үстіндемін.
– «Журналист хабар таратып, ақпарат жеткізуші». Қаламгерлер турасында осындай да түсінік қалыптасқан. Еселі еңбектің өлшемі мұндай емесін журналистер жақсы біледі. Мәселе көтеріп, халықтың алғысын алған сәтіңіз жиі бола ма?
– Бұл сұраққа былай деп жауап берейін. Әлгінде айтып кеткенімдей, біздің басылым салалық бағыттарды қамтиды. Өткен жылдан бері «Тілші түйіні» атты айдар ашып, білім мен экономикадағы ділгір мәселелерді зерттеуге күш салып келеміз. Әрине, бағасын оқырман береді. Жыл басында Қазақстаннан қабілетті азаматтардың елден кетіп жатқаны туралы мәселе қозғадық. Бір емес, бірнеше тақырып арнадық. Ұлттық экономика министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Саяси зерттеу орталықтарының мамандарына арнайы хат жазып, елден үдере көшкен азаматтардың жайына үңілдік. Қазір интеллектуалдық элита өкілдері әлемде ақылдылар үшін ашық таластың жүріп жатқанын ашық мойындап отыр. Бір емес, бірнеше қазақ баласын әлемнің алпауыт елдері өзіне тартып кетті. Шетелге аттанып, сол елде тұрақтап қалуға бел шешкендердің де қатары қалың екенін байқадық. Мәселен, 2017 жылдың 6 айында жоғары білімі бар 15 мыңға жуық азамат Қазақстаннан кеткен. Әсіресе, техникалық мамандық иелері өз бақытын басқа елден табуды мақсат тұтып отыр. Жауаптылар да мәселенің күйіп тұрғанын мойындайды. Қысқасы, экономикалық тұрақсыздық, жемқорлықтың жайланып алуы, адами капитал сапасының қалыптаса қоймағандығы, жұмыссыздық сынды факторлар елден кетудің басты себептеріне айналып отырғанына көз жеткіздік.
Тағы бір мәселе. Дарынды балалар жайлы. Өз жерімізде білім алған, өзге елде көңілі бар жастардың шетел асып, өзге елдің шақыруымен қалып қоюы да өзекті мәселе. Бір анығы, елде дарынды балалардың қайда, қалай кетіп қалғаны туралы нақты дерек жоқ. Тек дербес білім беретін оқу орындарының ғана ақпараты бар. Мұнан қалды, жаз мезгілінде жұмыс істеуге Америкаға аттанатын қазақ жастарының саны да белгісіз. Мұның бәрін жан-жақты талқылай келе, оқырманға ой тастап, ел ішінде тек құбыр жарылып, қылмыс орын алатын жайттар ғана емес, жаһандық проблемалардың да елімізде көрініс тауып жатқанын ұғындыру. Жалпы, мәселе көтерудің өзі халықтың алғысын алумен тең. Өзге де проблемаларды әріптестеріммен бірге көтеріп жүрміз.
– Соңғы кездері журналистикада хроникалық ақпараттар белең алды. Оның ішінде ұрлық-қарлық, атыс-шабыс көбірек қозғалады. Бұл ұлт мүддесін, елжандылықты, отаншылдықты көлеңкелеп алмай ма?
– Ұрлық-қарлық, қылмыс пен зорлықтың ел ішінде орын алатыны белгілі. Демек, шындықтан айналып өте алмаймыз. Бұл әр адамның қабылдауына, ішкі тәрбиесі мен ортасына байланысты секілді.  Ұлтжандымын деп ел ішіне ірікті салып жүргендер де өз арамыздан табылады. Керісінше, сабырға шақырып, келелі ой айтатын атпал азаматтар бар да, ұлттық рух қашанда биік тұрады.
  – Технология дамыған сайын ақпарат таратудың аясы кеңейді. Заманына қарай блогер пайда болды. Осы блогерлердің көтерген мәселесі көңілден шыға ма?
– Қазір қолында смартфоны бар әр адам ақпарат таратуға қауқарлы. Бірақ нақты қандай ақпарат? Мәселе осында. Әрине, блогерлердің де сауаттысы не пиар үшін жүргендері бар. Оны ашық айту керек. Біреудің тапсырысы арқылы пост жазып, не әлдекімді қаралауды мақсат тұтқан әлеуметтік желі қолданушыларының аудиториясы кең. Себебі халық зерттелген тақырыпты күтіп отырмайды. Ал, журналист кәсіби парызы жолында заңнан аттап кете алмайды. Әрі өзі қызмет істейтін арна не басылымның бағытына бағынады. Содан журналистің алдын блогер орап кетті деген пікірлер айтылады. Біржақты болуға тағы да болмайды. Астана, Алматыдағы белгілі блогерлердің мәселе көтергендері өз басыма ұнайды. Ең бастысы, блогер не әлеуметтік желі қолданушысы халықты шатастырмау керек. Блогер мен журналисті теңестіру ақымақтық.
– Ал, жергілікті жерде журналистік мамандыққа дайындау қаншалықты жемісті деп айта аласыз?
– Меніңше, қазір уақыт біреу бірдеңені істеу керек деп қарап отырғанды күтпейді. Журналистикаға теориямен қатар практика керек. Басылым не телевизия – тәжірибенің ең жоғары мектебі. Қазір университеттерге ескі жүйеден айырылатын кез келді. Практиктерді көптеп тарту керек секілді. Сосын қазіргі аға, орта, жас буынның жазғандарын талқылау артық болмайды. Әрине, әрі қарайғы ізденіс пен оқу журналистің өзіне байланысты. Егер осы мәселелерді орнықтыра алсақ, жемісті деуге болады.
– Адамның өмір сүру формуласы арман мен мақсаттан тұрады. Сізде бұл формула қалай жүзеге асуда?
– Аллаға шүкір, ойға алған мақсаттар ретімен жүзеге асып келеді. Қазір тілдік білімімді жетілдіруге жұмыс жасаудамын. Мұнымен қоса ой әлеміне жетелейтін кітаптар оқып, білімімді толықтыру үстіндемін. Жас журналист ретінде әлі көтерер тақырып та, мәселе де жетерлік. Алдыңғы буын ағалардың жолын жалғап, журналистикада өз жолымды табу – мақсатым.
Сұқбаттасқан:
Ерасыл ШӘРІБЕК
23 тамыз 2018 ж. 1 394 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031