Жаңыл ЖОНТАЕВА, Назарбаев университеті қосымша білім беру департаментінің директоры: «Мұғалімнің миссиясы – баланы бақытты ету»
Әр уақыттың өз талабы бар. Кешегі мен бүгінгіні салыстыруға келмегенмен, ешқашан мәнін жоймайтын мәңгілік құндылықтар бар. Ол – ұлттық құндылық, атадан балаға мирас болған ұлттық тәрбие, салт-дәстүрді сақтау. Ұрпақ тәрбиесі, жаңаша білім беру жүйесі жайында Назарбаев университеті қосымша білім беру департаментінің директоры Жаңыл Жонтаевамен ой бөліскен едік.
– Жаңыл Алпамысқызы, еңбек жолыңызды ауылдан бастағаныңызды білеміз. Десе де, қазір жастарды «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен де ауылға шақыру оңай емес тәрізді...
– Бұл бүкіл елдерге тән үрдіс. Елді мекендерге жастарды еңбек етуге шақыру үшін дүние жүзі мемлекеттері көптеген ынталандыру шараларын жүзеге асырады. Оларға талдау жасап көрсек, ұқсастық көп. Яғни, үй беру, ақшалай ынталандыру, материалдық көмек көрсету.
Дегенмен, жастарға материалдық жағдайдан өзге де қолдау шаралары маңызды дер едім. Олардың өзін-өзі дамытуға, қоғаммен араласуына, сүйікті ісімен айналысуына, эстетикалық тартымдылық қалыптастыруына жағдай жасау қажет. Ол үшін ауылға жастарды тарту керек дегеннен гөрі тұрғындардың жақсы өмір сүруіне жағдай жасау ұстанымымен әрекет еткен абзал. Сонда тұрғындар да тұрақталады, жастар да ауылға келеді.
Мәселен, Ақмола облысындағы Еңбек Ері Иван Сауэр басқаратын «Родина» агрошаруашылығына жұмысқа орналасуға кезекке тұрғандардың көптігі сонша күту ұзақтығы бірнеше жылға созылады екен.
– Ауыл мен қала мектептерінің білім беру деңгейі айтарлықтай сөз бола бастады. Себебі неде?
– Ауыл мен қаланың білім деңгейін мектеп қана айқындамайды. Ауылдық жерде тұрғындар іс-әрекеттің шектеулі түрлерімен айналысады. Қалаларда экономикалық әрекеттің түрлері көп. Олармен айналысу үшін білім мен дағдының көп көлемі қажет. Сондықтан оқып-үйренуге сұраныс зор. Сол сұранысты қанағаттандыратын ұсыныс та бар. Осылайша білім беру нарығы қалыптасқан. Сонымен қоса қалаларда білім беру мен білім алудың инфрақұрылымы да жақсы дамыған.
Ауылдардың білім деңгейін көтеру үшін еңбек нарығын, бизнестің түрлерін, инфрақұрылымды дамыту керек. Оқушылар мен жастарға кәсіби бағдарды дұрыс беріп, жаңа білімдер мен дағдыларға сұранысын қанағаттандыратын жағдай жасау керек. Ауыл мұғалімдерін жағдай келгенше біліктілікті арттыру курстарына жіберіп, кейін соның нәтижесінде ауыл тұрғындарының әлеуетін де жоғарылатып отыру керек.
– «Мұғалім мәртебесін» заңмен белгілейтін күн жақын. Құрметті мамандық иесі болу – үлкен жауапкершілік. Дегенмен, мұғалімдік қолжетімді мамандыққа айналды. Бұл турасында пікіріңіз қалай?
– ҰБТ қорытындысымен төмен балл алған балалар тек мұғалімдікті ғана емес, өзге мамандықтарды да таңдайды. Одан қорықпау керек. Олар білім деңгейі төмен түлектер емес. Тек салыстырмалы түрде жинаған ұпайлары төмендеу болды деп қабылдағанымыз жөн. Қалай болғанда да жоғары білім алуға ниетті балалар. Ең бастысы, жоғары оқу орындары білікті маман даярлауға барынша күш салу керек.
– Республикалық басылымдардың бірінде бүгінгі ұрпақ жайына алаңдаған белгілі кинорежиссер Ермек Тұрсынов: «Бүгінгі мектеп түлегі цифрлық әлемге, жаһандық ғаламторға шырмалуда. Оның өз ойын жинақтауға шамасы жоқ. Ол тек қас қағым сәтті ғана ойлайды. Олар ұғынықты тілмен түсіндіре алмайды. Өйткені олар виртуалды әлемде өмір сүреді. Ұялы телефонынсыз екі сағат та тұра алмайды. Телефонын жоғалту – олар үшін нағыз қасірет. Ғаламтор таптырмас көмекшіге айналады деп есептеді осыдан біраз бұрын. Бірақ қазіргі жағдайда ғаламтор нағыз жауға айналды» деген пікір айтады. Цифрлық әлемде өмір сүріп жатқан жастар туралы сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Бұл жағдай ересектер баланың әрекетін дұрыс ұйымдастыра алмағанда орын алады. Баланың уақытын жүйелі етіп, интернетті білім алуға пайдалануға үйрете білсе, онда интернет досқа, көмекшіге айналады. Мектеп пен ата-ана цифрлық гигиенаны қолға алу керек. Шын мәнінде интернетте пайдасыз ақпараттан гөрі пайдалысы көбірек. Тек сол ортада жұмыс істеп үйрету – заман талабы. Сонымен қоса қазіргі альфа буын балалары онлайн оқып-үйренуге өте икемді және соны басымдық деп таниды. Осыны ескеруіміз керек. Қазіргі заманның балаларын 50 жыл бұрын қалыптасқан әдіспен оқыта алмаймыз.
– Өзіңіз айтқандай, бүгінде альфа буынды оқытып, тәрбиелеудеміз. Альфа буынды сипаттап берсеңіз...
– Олар ғаламтор заманында дүниеге келді. Әлеуметтік желілерден оқып-үйренгенді дұрыс көреді. Сенсорлы экранды жақсы көреді. Өздерінің техникалық құралдарымен бөліскілері келмейді. Өте мобильді. Олар жеке өмір құпиялылығы туралы алаңдамайды. Адамның заңды бостандықтарына қатысты шектеулер мен шекараларды мойындамайды. Тым қатаң немесе қатып қалған, логикаға сыймайтын ережелерді ұстанбайды. Ұйымдасқан діннен аулақ жүреді. Киім киюдің комбинацияларын өздері ойластырады. Ұзақ уақыт бойы өздері ұнатқан нәрселерді көруді немесе тыңдауды қайталай алады. Қазіргі уақытпен өмір сүреді. Өткеннің мағынасы жоқ, болашақ туралы түсінік қалыптаспаған. Олар құбылмалы. Аз уақыттың ішінде мың құбылып тұрады.
– Жастарды кітапқа оралту үшін қандай қадам жасауымыз керек?
– Біздің уақыт пен қазіргі кезді салыстыруға келмейді. Сондықтан біз оқыған кітаптар жастарды қызықтыра қоюы екіталай. Себебі тарихи, саяси, экономикалық формация өзгерді. Жас буынның өмірге деген көзқарасы өзгерді. Олар еңбек ететін салалар, тәсілдер, тіпті орта өзгерді. Уақыт талабына сай табысты, икемді болуға үйрететін кітап керек. Жастарды құндылықтарға тәрбиелейтін әдебиет қажет-ақ. Сонымен қоса, жастар аз оқиды деген пікірмен де келісе қою қиын. Олар көп оқиды. Әлеуметтік желідегі хабарламалар, электронды кітаптар, sмs оқу-жазу – оның бәрі оқу. Жастар кітапқа оралу үшін олардың өміріне жақын заманауи әдеби туындылар керек. Жастар оқитын форматтарды игерген абзал. Кітаптар интернет арқылы оқуға да, сатып алуға да қолжетімді болу керек. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында QR-код арқылы жүктелетін кітаптардың тізімі барлық қоғамдық орындарда бар. Сол тәжірибені неге бүкіл Қазақстанға таратпасқа?! Сонда өз смартфоны арқылы электронды кітапты қызығып оқитын жастар табылады. Интернет-кітапханалар онлайн режимінде болу керек. Насихат жұмыстары да жастарды қызықтыратын форматтарда өту қажет. Аға буын өкілдері осы өзгерістерді қабылдауға тиіспіз.
– Білім саласындағы бағдарламалар мен оқулықтар жиі сынға ұшырайды. Себебі неде?
– Егер оқулықтарда техникалық қателер кетсе, ол түзетіліп тұратын нәрсе. Оқулықтарда теория мен фактологияны бұрмалайтын қателер болмау керек. Оқулық жазған кезде авторлар ұлттық құндылықтарға негізделіп жазғаны жөн. Ал қоғам қате деп тапқан кейбір нәрселер педагогикалық, психологиялық, ғылыми тұрғыда қате емес. Олар әлемдік трендтер бойынша орынды мазмұн мен тапсырмалар. Себебі біз қазіргі балаларды бұрынғыша оқыта алмаймыз. Бағдарламалар оқушыларды барынша дамытуға бағытталған. Олар құндылықтарды да, академизмді де, функционалды сауаттылықты да, сын тұрғысынан ойлауды да, шығармашылықты да, баланың денсаулығын сақтауды да қамтиды. Сондықтан да олардың оқу ісіне жарамдылығын тек ғалымдар мен арнайы сарапшылар анықтау керек. Әрине, қоғам пікірін білген, ескерген жөн. Бірақ педагогика ежелгі ғылыми сала. Онымен арнайы айналыспайтын адам сарапшы бола алмайды. Білім беру саласының мазмұнын ұдайы жақсартып отыру үшін елімізде кәсіби сарапшылардың базасын қалыптастыруымыз қажет.
– Үштілділік айналасындағы пікірталасқа нүкте қойылды десек те болады. Президент ағылшын тілін 5 сыныптан бастап оқытуды айтты. Ғалымдардың айтуынша, баланың психологиясы 9 жасқа келгенде ғана басқа тілді меңгеруге қабілетті болады екен...
– Үштілділік жаңартылған білім беру мазмұнымен кірген жоқ. Бұрынғы стандартпен бірге енген. Жаңартылған білім беру мазмұны тек тілдерді оқытудың тәсілдемесін өзгертті. Осы жағдайды түсінген жөн.
Ал сұраққа келетін болсақ, көпжылдық халықаралық зерттеулердің нәтижесі бойынша бастауыш сыныптың баласы қосымша тілдерді үйренуге әбден бейімді. Содан кейін осы көрсеткіш жыл сайын екі есеге төмендеп тұрады екен.
Қазақстан үштілділікті енгізгелі бері оқушыларымыз қандай жетістікке жетті, үшінші тілді бесінші сыныптан бастап енгізсек, нәтиже қандай болмақ деген сұрақтардың төңірегінде зерттеу жүргізіп, нақты саяси шешімді соның нәтижелеріне сүйене отырып қабылдаған абзал деп ойлаймын.
– Мамандық таңдау қай кезде де маңызды. Кейбір мамандықтардың қажетсіз болып қалуы болашақтың мамандығын таңдауға жастарды бейімдеу керектігін алға тартады. Алып-қосар кеңесіңіз бар ма?
– Қазіргі заманды мамандар «VUCA әлемі» деп атайды, яғни ол тұрақсыз, құбылмалы, күрделі, түсініксіз. Технологиялар жыл сайын емес, ай сайын өзгеріп тұрады. Олардың әрқайсысы еңбек нарығын айтарлықтай өзгертеді. Көптеген мамандықтар, кәсіптер жоғалып барады. Бірталайының өміршеңдігі күрт төмендеп кетті. Бұрын бір кәсіп өмір бойы жеткілікті болса, қазір заманның қарқынына қарай адам баласы еңбек жолында бірнеше рет мамандығын өзгертеді екен. Сондықтан оқу орындары нақты мамандықпен қоса бүкіл кәсіп иелеріне ортақ дағдыларды қоса үйретуі керек. Ол компьютерді еркін меңгеру, тілдерді білу, креативті болу, жобаларды жүзеге асыру, коммуникацияның барлық түрін игеру, командада жұмыс істеу, бір мәселені шешу үшін бірнеше білім саласының білімдері мен тәсілдерін бір мезетте қолдану. Айта берсең көп. Бірақ соларды қазірден бастап қолға алу керек.
– Шәкірттеріңізді айтпағанда, кейбір мұғалімдердің өзі «Жонтаева мектебінен» өткенін мақтан етеді. Жалпы, жақсы ұстаз болудың қандай да бір сырлары бар ма?
– Бұл сұраққа әр мұғалім, әр оқушы өз көзқарасына, тәжірибесіне сай жауап береді. Менің көзқарасымда мұғалім білімді, білікті, дағдылы болуы шарт. Соған қоса мұғалім баланы бақытқа жетелеу керек. Баланы бақытты ету – ең жоғары миссиямыз, парызымыз, мақсатымыз.
– Еркін сыр-сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.