Бұл – менің қолымнан келеді
«Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ал ұлы мұғалім шабыттандырады» деген тамаша тәмсіл бар. Қолға алғаш қалам ұстатып, әріп танытқан ардақты жанға небір асыл сөз, әдемі теңеуді арнауға болады. Әлі күнге осы мамандықтың зейнетінен бейнеті басым. Тіпті уақыт өткен сайын оларға артылған жауапкершілік жүгі ауырлап келеді. Осы орайда мұғалім мәртебесі тақырыбында Әсия Әбековамен тілдестік.
– Бүгінгі ұстаз оқушыға не бере алады?
– Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуына, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу керек. Осындай экономика және ақпараттандыру заманында математика және информатика пәнінің алатын орны зор. Осы пәндерді әр оқушыға жіті түсіндіріп, дамыту менің қолымнан келеді. Сол үшін үнемі ізденіс үстінде жүремін.
– Соңғы жылдары мұғалімдердің жалақысына да түрлі үстемелер қосылуда. Бұл саладағы кадр тапшылығын жоятын шығар деген үміттеміз...
– Жас педагогтың жалақысы жоғары көтерілмейінше, мектепте жақсы маманның тұрақтап қалуы мәселе күйінде қала береді. Біздің жалақымыз еңбек өтіліне, жоғарылаған санатымызға байланысты. Ал ондай көрсеткішке жету үшін кемінде он жыл керек. Жас мұғалім он жылға дейін қалай өмір сүреді! Сондықтан кадр тапшылығы қалада да, ауылда да бар.
– Мұғалім мәртебесі туралы не айтар едіңіз?
– Мұғалім мәртебесі – мемлекеттің мәртебесі. Кейбіреулер «Елбасы бұл жерде мұғалімнің мәртебесін көтеру, артық жұмыстан арылту туралы айтты, олардың еңбекақысын өсіру жөнінде айтылмады» дейді. Мәселе бұл жерде екеуінің тұспа-тұс келіп, бір-бірімен қабысып жатуында. Неліктен жас жігіттер мұғалім мамандығына келмейді деп айтамыз. Әлеуметтік желіде мектептегі ұл балалардың төбелескен бейне жазбасы көбейіп кетті. Бұл білім ошағында ер мұғалімнің азайғанын аңғартады. Ұлдар неге мектепке мұғалім болып бармайды? Себебі мектептің жалақысы аз. Азамат деген әлімсақтан әулеттің асыраушысы емес пе? Сондықтан мұғалімнің мәртебесін көтеруді олардың айлық жалақысын өсіруден бастау керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Ерхан АҚЫН