» » » ҚАЗАҚША КОНТЕНТ ӘЛІ ДЕ ЖЕТІСПЕЙДІ

ҚАЗАҚША КОНТЕНТ ӘЛІ ДЕ ЖЕТІСПЕЙДІ

Тимур БЕКТҰР, ІТ-сарапшы:

Нақты бір іс керек


‒ Аға, газеттің негізгі аудиториясы жастар екенін ескеріп, алдымен сіздің 10 жыл бұрынғы болмысыңызға бет бұрсақ. Сол уақытта қандай болдыңыз, қандай жетістіктерге жетіп, кімді үлгі еттіңіз? Неге қызықтыңыз? Сол кездегі қателіктерге қазір қандай ақыл айтар едіңіз?
‒ Қиын сұрақ. Осыдан 10 жыл бұрынғы болмысыма бет бұрмақ түгіл, артыма бір сәтке болса да қарап көрмеппін. Өзіміз әлі де жас болған соң шығар, мұндай деңгейдегі сұраққа қапелімде не деп жауап берерімді білмей отырмын. 10 жыл бұрын бастамашыл болған сияқтымын. Әртүрлі жобаларды бастап, сан алуан идеяларды өмірге әкелуге тырысып жүрдім деп анық айта аламын. Нақты бір адамды үлгі тұттым дей алмаймын. Жалпы, қазір интернет заманы болған соң ба, әлде жаһанданудың әсері ме, әлде өзім ІТ саласының адамы болған соң ба, ауыл-елдегі тұлғалардан гөрі мұхиттың арғы бетіндегі болсын, әлемдік деңгейдегі адамдарға көбірек қарап өскен сияқтымын. Сол кездегі қателіктерімнің бірі ‒ әр нәрсенің басын бір шалу болды. Фокус болмапты. Газет оқырмандарына нақты бір іспен айналысуды өсиет еткен болар едім.
‒ Қазақстандағы тұңғыш мобильді электронды кітапхананы, тұңғыш IT жөніндегі онлайн-журналды ашқан екенсіз. Тұңғыш болып тыңнан түрен салуға не әсер етті? Алғашқы тәжірибе, қызмет, жалпы бұл салаға қалай келгеніңіз жайлы айтып берсеңіз…
‒ Не әсер етті? Қайда барсаң да Қорқыттың көрі, қазақша ештеңе жоқтығы әсер етті. Өзімнің студент кезімде қазақша ақпарат іздеп, қазақша материал іздеп басымды тауға да, тасқа да соққан кездер әсер етті. Жаңа бір технологиялық тренд болса, қазақша ештеңе жоқ. Қазақша электронды кітап оқығың келеді. Жоқ. Қазақша ІТ жаңалықтар оқығың келеді. Жоқ. Ал “Жоқ, жоқ!” дей берсең, ол ешқашан бар болмайды. Сондықтан, амал жоқ, әлімнің келген жеріне дейін, күшімнің жеткен жеріне дейін қазақша жобалардан бастап, қазақша дүниелер тудыруға тырыстым. Қарап отырсам, осыдан 10 жыл бұрын бастаған сол қазақша жобаларды мемлекет те, басқасы да іліп әкете қоймапты. Әлі де болса кешеуілдеп, бір орында тәлтіректеп жатырмыз. Дені дұрыс қазақша контент осы күні де қат.
‒ Ағылшын тілін тегін оқытатын “Timur academy” жобасының бүгінгі қызметі мен нәтижелі тұстарымен бөліссеңіз…
‒ Менің Нұр-Сұлтанға көшіп келуіме байланысты, Тimur academy қызметінің офлайн курстары әзірге тоқтап тұр. Дегенмен онлайн сабақтары жалғасын тауып жатыр. Уақытында IELTS емтиханына дайындық курсынан, Бухгалтерлік есеп негіздері, Робототехника, Интернет маркетинг негіздері, Beginner, Elementary деңгейдегі ағылшын курстарынан жүздің үстінде адамды оқытып, онлайн вебинарларымыздан мыңдаған адам дәріс алды.
        
...сұрай қалсаң “Ол кім?”, “Бұл не?”


‒ “Жаңа заман мен жаhандану талаптары міндет қылып отырған жаңа қабілеттер” қандай? IT маманы болу үшін жастар алдымен нені білу керек? Еліміздегі ІТ мамандарының қазіргі деңгейі қандай?
‒ ІТ маманы болу үшін ең алдымен хард скилз қажет. Өзіңіз білесіз, қазіргі заманда hard skills, soft skills деген сөздер өте көп айтылады. Оны өзіміздің жалпақ тілмен айтсақ, қабілет қой кәдімгі. Яғни, “қатты қабілет” дегеніміз пәндік аймаққа жататын білімдер топтамасы. Айталық, сіз журналист ретінде мәтін жазу, редакциялау, сұқбат берушінің сөзін стильдік және мағыналық жағынан коррекция жасау, рерайт жасау, аудару, салмақты сөз саптау деген сияқты қабілеттерді игеруіңіз міндетті. Осы қабілеттер хард скилзге жатады. Ал журналист ретінде сіз меңгеру қажет софт скилзге, мінезі қиын, шәлкес адамнан сұқбат ала білу, ешқашан сұраққа жөнді жауап бермейтін адамды тілге тарта білу, әріптестеріңізбен тіл табыса білу, ел-жұртпен қарым-қатынас жасауда биязы болу жатады. Көрдіңіз бе? Осы күні софт скилз дегеннің алдыңғы шепке, күн тәртібіне шыққан себебі де сол, мәтін жазуды, аударма жасауды, текстпен жұмысты адамға үйрету оңай, ал адаммен қарым-қатынас жасай білу, қабілетін үйрету ‒ қиындау. Өйткені әр адамның өскен ортасы, қалыптасқан мінезі, отбасындағы тәрбие сан алуан.
   Сол сияқты, ІТ саласында да ең басты міндет, хард скилзді, яғни, ІТ маманына қажет болатын пәндік қабілеттерді игеру қажет. Ол біреулер үшін программа жазып білу, біреулер үшін желіні басқара білу, біреу үшін сервермен жұмыс істей алу, біреулер үшін телефон желісін дұрыстап жалғай алу деген сияқты боп кете береді. Ал софт скилз әдетте баршаға ортақ. Ол ‒ тайм менеджмент, коммуникация, эмоцияналдық интеллект, стресс кезінде де жұмыс істей алу, жан алқымнан алып жатқан сәтте де жұртпен жақсы қарым-қатынаста болу деген сияқты жалғаса береді. Ол енді ІТ бол, басқа бол, барлық мамандыққа қажет.
‒ “Кез келген тақырыптың, саланың advanced деңгейіндегі талқылаулары қазақтарды айналып өтетіні қынжылтады. Қазақ тіліндегі тақырыптық топтарды жарық күнде шаммен іздеп тапсаң, сол-ақ” деп жазыпсыз инста парақшаңызда. Мұндай деңгейге жетпеудің себебі күнделікті тірліктен әрі асып ойланбау тәрізді… Басты себеп қандай? Әлде бәрі гигантоманияның әсері ме?
‒ Гигантомания туралы көп айтылып жүр. Оған анау кінәлі, мынау кінәлі дей алмаспыз. Бірақ  көз алдымызда адамдар Марсқа ұшып, Илон Маск сияқты адамдар бірнеше мәрте қолдануға болатын зымырандар жасап шығарып жатқанда, біз де әлемдік деңгейдегі гигант дүниелерді жасағымыз кеп тұратыны сөзсіз. Дегенмен, не өзінің дені дұрыс автомобиль өндіру саласы жоқ, не ауыл шаруашылықта мардымды нәтиже шығармаған, не ғарыш саласын игермеген, не медицинаны жетілдіре алмаған біз үшін шағын жобаларды қысқа спринттер арқылы көптеп жасау керек шығар деген ойдамын. Ал “жоғары деңгейдегі тақырыптарды талқылау кезінде қазақтар үнемі сырт қалады” деп қынжылған себебім, кейде бір тақырыпты қазақша талқылағың келеді ғой. Кейде өзің сияқты қазақша ойлайтын, қазақша түс көретін адамдардың кей тақырыптар бойынша ойын көргің, білгің, естігің келеді. Талқылағың келеді. Сөйтіп сұрай қалсаң… “Ол кім?”, “Бұл не?” деп отырады. Дүниенің білімін әлеуметтік желідегі адамдарға аяқ астынан қайдан үйрете саласың?! Амал жоқ сосын өзге тілдегі ортаға ойысуға тура кеп тұрады. Қынжылмай қайтесің сосын?!

Сайт жасау біршама саябырсыған секілді


‒ Әртүрлі облысқа, өңірге тренинг өткізесіз. Айтыңызшы, бірнеше сағатқа созылған тренинг нақты нәтиже бере ме?
‒ Егер тренинг-семинарға келген адам, қатысқан тарап өзінің алдына қойған мақсаты, не білгісі келетіні анық болса, иә. Ал әкімшілік немесе жұмыс берушісі қуып әкеліп тығып қойған орта болса, әрине, жоқ.
‒ Jumysbar.kz. программалауды онлайн оқыту жобасының қазіргі жай-күйі қандай?
‒ Қазіргі жай-күйі жақсы. Бұйыртса, жақыннан бастап Android құрылғыларында бағдарлама жасауды үйретіп, яғни Java тілі бойынша сабақтарды өткізуді бастаймыз. Бұған дейін біздің BTS Education компаниясы iOS құрылғылары үшін Swift бағдарламалау тілін үйретіп келген болатын.
‒ Бүгінде сайт жасауды онлайн әрі ақылы түрде жүргізетініңізден хабардармыз. Жалпы еліміздегі сайт жасаушылар арасындағы бәсекелестік қандай? Сайт жасауда нені ескеру керек? Осы орайда сайттағы талғам, бояу үйлесімі оқырманның көбеюіне қаншалықты әсер етеді?
‒ Бәсекелестік жоғары. Әркімнің өзінің тұрақты тұтынушылары, нақты аудиториясы бар деп ойлаймын. Сайт жасау деген осыдан 4-5 жыл бұрын қайнап тұрған нарық еді. Қазір біршама саябырсыған секілді. Өйткені сайтты тегін жасауға да болатын неше түрлі онлайн конструкторлар шықты. Ал сайттың жасалу талғамы, бояу үйлесімі оқырман көбеюге де, сауданың жүруіне де жақсы әсер етеді. Дегенмен «content is king» деген сөзді ұмытпаған абзал.
‒ Қазақстандағы ең үздік сайт деп қандай сайттарды айтар едіңіз?
‒ Білмедім, шынымен білмедім.
‒ Қазір ақпараттық ашықтық жайлы жиі айтылады. Сондай-ақ жеке адам өзіне тиесілі ақпаратын сақтай алады дейміз. Интернет кеңістігі ақпаратты сақтауда қаншалықты сенімді?
‒ Ол сізге де байланысты және сіз ақпаратыңызды сақтайтын қызметке де байланысты. Әгәрәки күмәнді, атын ешкім естіп білмеген сервиске тап болсаңыз, әрине, ақпаратыңыздың жойылу немесе айдай әлемге тарап кету қаупі бар. Ал өзіңізге байланысты тұсы, оның кілтсөзін баптау, екі факторлы аутентификация бойынша баптау, тағысын тағы қауіпсіздік шараларына жіті қарау керек. Интернеттің жақсы тұсы, көптеген дүниені жеңілдете алды. Ал жаман тұсы, өзіміз салдыр-салақ қарайтын болсақ, артынан зияны көбірек тиеді.

Ізденіске құрылған журналистиканы көргім келеді


‒ “Негатив” тұсы көп қазақ журналастикасын “еңіреген журналистика” деуге болады деп жазыпсыз әлеуметтік желіде. Жалпы өзіңіз де бұл саладан алыс емессіз. Ақпараттық алаңға не жетіспейді?
‒ Позитив жетіспейді. Жылай береміз. Немістер болмағанда, ашаршылық болмағанда, Совет өкіметі болмағанда, Патша өкіметі болмағанда, Кенесарының басын алған қырғыздар болмағанда, анау болмағанда, мынау болмағанда деп жылай береміз. Өркен Кенжебектің Instagram-да шығарып жатқан сторилерін қарап жүрсіз бе? Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Польшадағы Аушвиц қаласында еврейлерді пойызбен лек-легімен әкеліп қалай отқа өртегені, көздерін бақырайтып қойып газбен улап өлтіргендері туралы жан түршігерлік тарихи фактілерді көрсетіп жатыр. Бір жыласа еврей халқы жылау керек. Бірақ Израйл осы күні қандай ел? Басына бір емес екі рет атом бомбасы түсіп, тұтас екі қаласы әп-сәтте жермен-жексен болған, Екінші Дүниежүзілік соғыстан капитуляция жасап шығып, масқара болған Жапония осы күні қандай ел? Өзінің қандас бауырымен соғысып, артынша оқтын-оқтын экономикалық кризиске ұшыраған Оңтүстік Корея осы күні қандай ел? Жапоны бар, басқасы бар, басынбаған ел қалмаған Қытай қандай ел? Бірінші дүниежүзілік соғыстан да, екінші дүниежүзілік соғыстан да масқарасы шығып жеңіліп, әлемнің жартысына өтемақы төлеп шыққан Германия қандай ел? Айта берсе, жылай берсе, себеп көп. Дегенмен, алға қарай ұмтылатын, ізденіске құрылған, жаңашылдыққа бет алған журналистиканы көргім келеді. Сосын журналистиканың әр саласындағы жастарды көргім келеді. Айталық, дата журнализм, лонгрид, сторителлинг бағытында, технология бойынша, қаржы журналистикасы деген сияқты. Әйтпесе, бүгін ауылшаруашылық туралы жазып отырып, ертең банк саласындағы жаңалықтарды айтып отыратын әмбебап журналистиканың күні кетті деп есептеймін.
‒ Ғаламтордың бәсі биік тұрған тұста бала тәрбиесіне қаншалықты мән бересіз? Баланы технологияға қатты жақындатпай, ұлттық тәрбиеден алыстатпай тәрбиелеу үшін ата-ана нені ескеру керек?
‒ Өзі тірі үлгі болу керек. Анық білетінім сол. Сөзіне мән беру керек. Қылығына, ісіне мән беру керек. Технологияға барынша жақын ұстауға тырысамын, негізі. Өйткені олардың уақыты келгенде барынша еті тірі болғаны абзал. Дегенмен бала тәрбиесі деген өте күрделі тақырып. Әркім өз баласына дұрыс тәрбие бермесе, мен ештеңе айта алмаймын.


Бұл ‒ өте ауқымды, күрделі, кешенді жоба

‒ Жаhандық жаңалықтарды қабылдау, меңгеру жақсы. Бірақ қазақы болмысымыз жоғалып бара жатыр дегенді де жиі
айтамыз. Таразыны тең ұстауға бола ма?
‒ Таразыны тең ұстау қиын. Өте қиын. Өзіміз қазақша сөйлейік үйде. Қазақша мультфильм қосып берейік. “Балдырған” мен “Ұланға”, “Ақ желкен” мен “Ойла” деген қазақша журналдарға жаздырайық. Қазақтың мақал-мәтелін үйретейік. Осылай қазақы ортаны өзіміз қалыптастырып, қазіргі трендтерді қазақша түсіндірмесек, жаһандық трендтердің қарқыны сұмдық. Іліп әкетеді.
‒ Саясат Нұрбек бастап, “Қазақстанның жаңа мамандықтар” атласын жасап жатырмыз деп жазған екенсіз. Мақсаты түсінікті. Жоба қай уақыттан бастап қолданушыларға таратылады?
‒ Иә, Саясат Нұрбек бастап, артынан ерген бір топ жігіт қостап, BTS Education компаниясы қазір бұрын-соңды Қазақстанда жасалмаған “Қазақстанның жаңа мамандықтар атласын” жасақтауды қолға алып жатырмыз. Бұл ‒ өте ауқымды, күрделі, кешенді жоба. Қазірдің өзінде Дон тау-кен байыту комбинатындағы мамандар мен Еуразиялық Топ мамандары біріге отырып, өндірістік талапқа сай келетін және болашақта аса қажет болатын мамандықтар мен қабілеттерді зерттеу және анықтау жұмыстарын аяқтап, алғашқы нәтижеге қол жеткізді. Яғни, комбинатта өткен форсайт-сессия барысында осы мекемеге тікелей ықпал ететін 45 тренд анықталып, өзгеруі тиіс 13 мамандық, пайда болуы керек 14 мамандық және жойылатын 18 мамандық анықталды. Бұл ‒ Қазақстандағы тек бір комбинаттың ғана басындағы жағдай. Ендеше осы жерде “Тұтас елдің болашақ мамандықтар сұранысы қандай болмақ?” деген заңды сұрақ туындайды. Міне, “Жаңа мамандықтар атласының” көздегені де осы сұраққа жауап беру. Яғни, Қазақстандағы экономиканың ең негізгі 9 саласы: Тау-кен, Мұнай ісі, Ауылшаруашылық, Көлік-логистика, ІТ, Машина жасау, Туризм, Энергетика және Өңдеу өнеркәсібі секілді салаларда жақын 10-15 жылда қандай жаңа мамандықтар, ескірген немесе зейнетке кететін мамандықтар пайда болады, еңбек нарығы мен маман даярлайтын ЖОО-лар неге дайын болуы керек, оқуға түсетін жастар қай мамандықты таңдағаны дұрыс, қай кәсіп иесі сұранысқа көбірек ие болады, осының барлығы Атласта қамтылады. Егер үлгерсек, биылдан қалмай оқушылар мен ата-аналарға арналған нұсқаулық күйінде шығып қалар деп үміттеніп отырмыз. Нақты мерзімі белгісіз, өздеріңізден сүйінші сұрап, айтамын ғой уақыты келгенде.
‒ “Етікші етікке, ұста пышаққа” жарымайды. Ал IT маманына не жетіспеуі мүмкін?
‒ ІТ маманы сайтқа жарымайды, өзінің программасына жарымайды. Уақыт тапшы ғой үнемі.
‒  Сізден дәріс алушылар көп. Ал сіз кімнің кеңесін тыңдағыңыз келеді?
‒ Стив Джобстың. Бірақ ол мүмкін емес, себебі ол қайтыс болды. Ал былайынша, МІТ, Стенфорд, Пенсильвания университеттерінің профессорларынан дәріс алсам, жақсы болар еді, шіркін!
‒ Алдағы 10 жылдықта еліміздегі IT технологияның жетістіктері қандай болмақ?
‒ Білмедім. Ол біздің Үкіметке, ҚР Цифрлық даму министрлігінің ұстанған бағытына байланысты. Бәлкім, барлық ІТ мамандарымыз дүркіреп, АҚШ асып кетер. Бәлкім, Google, Facebook, Amazon-да жұмыс істеп жүрген мамандарымыз түгел елге келіп, жаңа бір деңгейге көшерміз.
‒ Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИН
30 қаңтар 2020 ж. 903 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930