» » » Алаңсыз күліп жүрсем де, армансыз күнім болмайды

Алаңсыз күліп жүрсем де, армансыз күнім болмайды

Ақнұр Бекназар,
«Құрылыс комплексі және ТКШ қызметкерлерінің салалық кәсіподағының» жастар кеңесінің төрайымы:

Біздің анықтама
Ақнұр Ерназарқызы №3 мектеп-лицейде білім алды. «Өнер мектебінің» хореография сыныбын тәмамдады. Қазақ технология және бизнес университетінде дизайн мамандығын оқыды. Университетте «Жастар ісі жөніндегі комитет» төрағасы, Nur Otan партиясы Jas Otan ЖҚ жастар мәслихатының депутаты, Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру бөлімінің маманы, сонымен бірге Астана қаласының 35 колледжінің жастар ісі бойынша төрағаларынан құралған А35 ұйымының кураторы болды.   Ол Жасыл ел «Үздік жетекші» номинациясының жеңімпазы атанған. Бүгінде «Құрылыс комплексі және ТКШ қызметкерлерінің салалық кәсіподағының» жастар кеңесінің төрайымы.
   – Дизайн мамандығында білім алдыңыз. Қазір дизайнерлікпен айналысасыз ба?
 – Дизайн мамандығын таңдар кезде той үйі салонын  ашамын деген арман болды. Осы мақсатта бұл мамандықты таңдадым. Бұл салада еңбек етпесем де қателестім деп есептемеймін. Себебі дизайнерлік білімім ұйымдастыру жұмыстарына септігін тигізді. Заманға сай мамандық болғандықтан бес жыл уақытым зая кетпеді. Бүгінде «Менеджмент» мамандығы бойынша магистратураның 2 курс студентімін.
  – Жастардың бел ортасында жүрсіз. Жас адам қандай жаңашылдықтар әкелу керек деп ойлайсыз?
      – Жастар саясатын жүргізу ісінде күніне жүздеген жоба келеді. Жастар ресурстық орталығында жұмыс істеген кезде көзімнің жеткені. Күнделікті проблемаларды сараптай отырып, бір маман кемінде 10 шақты жобаны ұсынады. Сондықтан бұл тек уақыт мәселесі. Жастар саясаты ешқашан тоқтап тұрмайды, сол себепті жаңашылдық күнделікті енгізілуде. Тек оның іске асуына уақыт қажет деп ойлаймын.
    – Жастар кәсіподақ қызметін қалай бағалайсыз?
   – Кәсіподақтағы жастардың рөлі жоғары. Қазір инновация мен модернизацияның заманы. Ал кәсіподақ бұл қадамды батыл жасап келеді. Кәсіподақ бір орында тұрмай, жаңашылдыққа, ашықтыққа жұмыс істейді. Жақында кәсіподақта «Smart kasipodaq» жобасы өз жұмысын бастады. Бұл жоба арқылы кәсіподақ мүшелері, кез келген смартфонға бағдарламаны жүктеу арқылы барлық ақпаратты электронды түрде алады.  Сонымен қатар Жастар жылы аясында 2019 жылы жұмысшы жастарға арналған «Jana esim» жобасын іске асырып, сәтті аяқтадық. Жоба аясында кәсіподақ жастары жұмыс орнында жобаларды іске асырып, жақсы нәтижелер көрсете білді. Сонымен қатар салалық кәсіподақтың жастар кеңесі тынбай еңбек етуде.
     – Астана жастарының А35 тобы не мақсатта құрылды? Немен айналысты?
    – А 35 жобасы – Астана қаласының 35  колледжінің жас көшбасшыларынан құралған болатын. Мақсаты: азаматтық пен қазақстандық патриотизмді қалыптастыру,  қалалық колледж студенттерін біріктіру. Жас көшбасшылар –  коллледж арасында түрлі іс-шаралар өткізіп, бір-бірімен тәжірибе алмасады.
      –  Елордада жастардың жұмыссыздық деңгейі қандай?
    –  Елордада жұмыссыздық деңгейі орташа деп есептеймін. Жоғарғы оқу орнын бітірген студенттерді оқу орындары өздері жұмысқа орналастырады, қалған бөлігі өздері жұмыс іздеп табады. Нұр-Сұлтан қаласы болашақтың қаласы болғандықтан, жұмыс істеймін деген адамға іс міндетті түрде табылады. Қарапайым сатушыдан бастағанның өзінде, 1 жыл ішінде мансап бойынша көтерілуге мүмкіндіктер бар. Бірақ, жеке менің пікірім, менің замандастарымның арасында еріншектер аз емес. Өз-өзін көрсетпей, еңбек етпей, тез әрі оңай бәрі бола салғанын қалайды. Олай болмағаны үшін басқа біреулерді кінәлап жатады. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге жол іздемей, еңбек пен тәжірибе арқылы келген қызметке ұмтылса деген тілегім бар.
    – Үш тілді еркін меңгерген екенсіз...
     –    Мектеп қабырғасында қатал талаппен оқытқан мұғаліміміз Қазына апайдың арқасы. Университетке түскенде деңгейім жоғарылардың қатарында болды деп айта аламын. Сонымен қатар ағылшынша  сериал, киноларды субтитрмен көруім, аудио тыңдау арқылы шыңдалдым. Жалпы үш тіл білу қиынға соқпайды. Тек адамның бойында "мен осыны үйренуім керек" деген талап болу керек. Жалқау адамға тіл үйрену қиынның қиыны. Курстарға бармай, бәрін ертеңге қалдыра берген де жарамайды. Адам болашаққа ұмтылу керек, әр күнің жаңа идеямен басталу қажет.
    – Туған жерді сағындыңыз ба?
– Елордаға келгеніме біраз уақыт болды, осы жақтан өмірлік серігімді кездестіріп, тұрмыс құрдым. Дегенмен Сыр өңіріне атбасын тіреп тұрамыз. Қашанда туған жер ыстық болады ғой. Туған жердің топырағына аунағанға не жетсін?!
– Арманыңыз қандай?
Арманым өте көп. Қазірде мен үшін бірінші орында отбасымның бақыты. Бүгінде өмірлік жарыммен ортақ арман-мақсаттарымыз бар. Сол арманға қол ұстасып бірге жетуімізді армандаймын. Жазира Байырбекованың әнінде шырқағандай, «алаңсыз күліп жүрсем де, армансыз күнім болмайды»...
    – Қазір билейсіз бе? Әлде билеуді тоқтатыңыз ба?
  – Иә, өнер мектебінде оқып жүргенде би жолын ары қарай жалғастырам деп ойлағанмын. Бірақ ата-анам  ол қосымша  хоббиің болсын, басқа мамандықты таңда деп кеңес берді. Соңғы рет өнерімді «Астана жастары» ресурстық орталығында жүргенде корпоративтік кеште арнайы сайыс барысында көрсеткенмін.  Үш жыл шамасында билеген жоқ екенмін. Бірақ бидің арқасында сахнадан қорықпаймын. Еркін, баяндама оқып, жиналыстарда пікірімді білдіре аламын.
– "Студенттік бес жылым мен үшін табысты жыл болды" дедіңіз. Айтыңызшы несімен табысты?
   – Студенттік шақта, Елорданың қызу, әрі белсенді өміріне қатыстым. Бір күн болсын, ішім пысып үйде отырған кезім болмапты. Соның арқасында бүгінде керемет ортам бар.  Сол кезде бірге өскен достарым – қазір лауазымды қызметтерде.  Студенттік шақта алған алғыс хаттар, қатысқан іс-шаралар, таныстық бәрі мені табысқа жетеледі. Қазіргі жеткен, білгенімнің бәрі студенттік шақтың арқасы деп білемін. Рас, кімге болмасын студенттік шақ қызық болады. Естен кетпес сәттер өте көп кездеседі. Мен студент кезде көптеген жетістіктерге жеттім, жоғарыда атап өткендей марапаттарым да көп болды. Біршама қызметтерде бой көрсеттім. Көптеген достар таптым. Әр жыл сайын ортам ауысып тұрды. Бәлкім сол үшін де табысты болған шығар.
   – "Заманауи стандарттарға сәйкес жаңа жобалар ұсынамын" дедіңіз. Сонда ол қандай жоба? Біреуін атаңызшы?
– Жобаны ұсыну оңай, ал сол жобаны іске асыру қиын. Көп жас жобасын әрі қарай дамытпай, жүзеге асырмай жатады. Оған кім, не себеп деген сұрақ болады ғой. Айтайын, бастысы, жалқаулық. Жастар арасында еріншектікке бой алдыратындар көп. Ол менің өмірімде де кездесіп жатады. Жастық шақты пайдаланып, болашағына септігін тигізетін бір пайдалы іс ұйымдастырса болмай ма деген ой келеді. Сосын әттең дейсің. Ал менің жобаларыма келсем, әр кезде әр түрлі жоба ұсынамын. Қашан да басшымның талабын, ойын зерделей келе жобаны құрастырамын.
Бас қала сізге несімен ерекше?
   – Нұр-Сұлтан қаласы – жастардың қаласы. Бұл қаланың ауасы да таза, аурасы да ерекше. Жастарға шабыт беретін де, алға жетелейтін де осы қала деп ойлаймын. Себебі қаланы аралап жүрсеңіз, жастардың көңілді жүргенін аңғаруға болады. Сосын бұл қалада "қайда барамын" деген сұрақ болмайды. Бәрі бар, барлық жағдай жасалған. Серуендеймін десеңіз де, кемеге мініп қала аралаймын десеңіз де, ерік өзіңізде. Сондай-ақ елорда заманауи стандартқа сай, үлкен әрі әдемі қала.  Әрі жастар саны жыл санап артуда. Жалпы мүмкіндіктерге толы қала деп білемін.
– Адамның қандай қасиетін бағалайсыз?
– Абай атамыздың сөзімен жауап берейін: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бар ма? Рақымдылық, Мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек – бұлар жүрек ісі. Асықтық та – жүрек ісі». Сондықтан жүрегі таза, иманды, әрі пиғылы таза адам баласының қасиеті мен үшін бағалы.
Әңгімелескен Мөлдір САБЫРЖАН
07 ақпан 2020 ж. 941 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031