» » » Стойчо МЛАДЕНОВ, "Қайсар" командасының бас бапкері: "ҚАЙСАР" – МІНЕЗДІ КОМАНДА

Стойчо МЛАДЕНОВ, "Қайсар" командасының бас бапкері: "ҚАЙСАР" – МІНЕЗДІ КОМАНДА

  Спорт пен білім ошағын ұстаз ұғымынсыз елестету қиын. Даңқты тұлғаның қалыптасуына ерекше үлес қосатын маманның еңбегін ерекше бағалауға болады. Бүгінде "Қайсар" футбол клубы болгариялық маман Стойчо Младеновтың жетекшілігімен ел чемпионатына қатысуда. 4 маусым бойы жаттықтырып келе жатқан маман өткен жылы Қазақстан мен Болгарида үздік бапкер деп танылғанын білеміз. Ендеше үздік бапкермен онлайн сұхбаттасқаны құп көрдік.
 
– Стойчо мырза, әлемді алаңдатқан дерттің салдарынан елімізде чемпионат тоқтағаны белгілі. Бүгінгідей ахуалда команданың жай-күйіне алаңдаулы шығарсыз?
– Бұл жағдайға тек біз емес әлем алаңдаулы. Қиын сәттерді бастан өткеріп жатырмыз. Өйткені өзіміздің сүйікті ісімізбен айналысуды тоқтаттық. Футбол мен стадиондағы атмосфераны сағындық. Мұндай жағдай алдағы уақытта болмағанын қалаймын. Қазір алаңда жаттығу жасауға тиым салғандықтан команда ойыншылары жеке жаттығып жатыр. Форманы жоғалтпас үшін күнтізбелік жоспар құрып, жұмыс істеудеміз.
– Жанкүйерлер биылғы "Қайсардың" аяқалысына риза. Біріншіліктің алғашқы екі ойынында жеңіс тіркелді...
– "Қайсар" – мінезді команда. Кез келген қарсыласынан ұпай еншілей алады.  Биыл біз жоғары мақсаттарға жетуге талпынамыз. Өткен жылғы чемпионатты саралайтын болсақ, біз қойылған талапты жүзеге асырдық. Әрине, бұл команданың ауызбіршілігін арқасында жеткен нәтиже. Тұңғыш рет Еуропа лигасына жолдама алдық. Сол жылы ойнаған үздік футболшыларды сақтап қалғым келген, бірақ бұл мүмкін болмады.
– Футболшылар Еуропа лигасына жолдама алған клубтан не үшін кетті?
– Мұны менде білмеймін. Бұл сауалды кеткен футболшыларға жолдаған дұрыс болар. Куле Мбомбо мен Джон Джошуаны алып қалғымыз келген. Оқу-жаттығу жиынына да шақырдық. Дегенмен шақыртуды қабыл алмады десек те болады. Тигран Барсегянға тоқталсақ, оның деңгейі "Астанаға" сай болды. Елордалық клуб Тигранға ұсыныс тастады. Футболшы ұсынысты қабыл алды. Аталған ойыншылардың орнын маусымаралық үзілісте толықтыра алдық деп ойлаймын. Маусым соңында қандай нәтижеге қол жеткізгенімізді көре жатармыз.
– Биылғы жасақталған құрамға көңіліңіз толады ма?

– Әрине, көңілім толады. Ең алдымен команданы өзім жасақтадым. Таңдаулы аяқдопшылар командамызды толықтырды. Маусымаралық үзілісте Елдос Ахметов, Бағдат Қайыров, Қуаныш Қалмұратов, Артур Режиналдо, Магомед Парагульгов, Элгуджа Лобжанидзені алдырттым. Бұл ойыншыларды өткен жылы ішкі біріншілікте байқағанмын. Сондықтан олардың ойынымен таныспын десем артық айтқандық емес.
– "Қайсар" сіздің жетекшілігіңізбен маусымды 5-6 орынмен тәмамдап жүр. Биыл премьер лигада үздік үштік үшін тартыста командаңыздың әлеуеті жетеді ме?
– Премьер лигадағы үздік үштікке бәсекелестік өте жоғары. "Астана", "Қайрат", "Тобыл", "Ордабасы", "Жетісу" секілді ұжымдармен бақталасамыз. Біз ешқандай командадан қамықпаймыз. Тарихы терең команда үшін үздік үштікке ену айтарлықтай қиын деп айта алмаймын. Тәжірибелі мамандары, шебер футболшылары бар командаға барлығы да жарасымды. Футболда чемпион болып кету де ғажап емес. Сондықтан әліптің артын бағып, маусымның соңын күткеніміз абзал.
– Командаңыз Еуропа лигасына қаншалықты дайын?
– Құрамды күшейтетін бір-екі футболшы қажет. Жақында ғана "Тобылдан" Максим Фединды алдырттық. Максим команданың шабуылын күшейтетіні анық. Енді Элгуджамен бәсекеге түсетін шабулшыны іздеуім қажет. Сондай-ақ Григоренконың орнын басатын қақпашы керек. Аталған позицияларға ойыншылар жазғы трансфер науқанында қосылады. Құрамды толыққанды жинақтап алсам Еуропа лигасында лайықты ойын көрсетеміз деп ойлаймын.

– "Қайсардың" жаңа қорғаушысы  Ризван Аблитаровтың командадан кетуіне тоқталайықшы...
– Өткен маусымның қорытындысымен қорғаушымыз Александр Марочкин "Тобыл" сапына ауысатын болғандықтан таңдау Ризванға түсті. "Атырау" командасынан ауысып келгеннен кейін жағдай мен ойлағандай болмады. Александр біздің командаға қайта келетін болды. Марочкинмен бірге жұмыс істеп келе жатқанымызға 3 жылдан асты. Бір жағынан Иван Граф екеуі керемет тандем. Ашығын айтқанда менің тактикамның қыр-сырын білетін болған соң Ризванмен келісімді үзу керек болды. Ризванмен екі жақты келісіп, жағдайды түсіндірдік. Ол барлығын түсініп, командадан кетуге мәжбүр болды. Егер Ризван "Қайсарда" қалар болса, оның алаңда ойнауы екі талай еді. Мұны Ризван қаламады.
– Аймақ футболының дамуына алып қосарыңыз бар ма?
– Қызылордада 4-інші жыл жұмыс істеп жатқан соң барлығын аңғаруға болады. 2017 жылы "Қайсар" футбол орталығында 250 жасөспірім болса, бүгінде мұның саны 500 ге жығылды. Өңірде талантты футболшылар өсіп келеді. Мысалы, биыл бас командаға Мағжан Бауыржанды қостық. Мағжанның болашағынан зор үміт күтуге болады. Одан бөлек Аян Құлмағанбетов, Бекзат Құрманбекұлы, Өркен Махан сынды жас футболшылар бар.
– Қайта жаңғырған стадионымызда алғашқы жеңіс тіркелді. Өткен жылы бұл стадионда көп сәтсіздіктер орын алған еді...
– Иә, өткен жылы жаңғырған стадионда жолымыз болмады. Жеңіске қанша ұмтылсақта үш ұпай бұйырмады. Дегенмен біз ол кезде Қазақстан кубогының финалына жолдама алған едік. Футболшылардың психологиясы сол бәсекеге ауып кеткендей көрінді. Биыл бірінші турда орталық стадионда  "Ертісті" тізе бүктірдік. Енді біз үшін ешқандай кедергі жоқ деп ойлаймын.
– Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан чемпионатына болгар мамандары көп еді. Бүгінде біздің елде жалғыз қалдыңыз...
– Білікті бапкер Станимир Стойлов болгариялық мамандар үшін Қазақстанға жол ашты. Станимирдың көмегімен "Астана" тарихи жағдайға қол жеткізді. Еуропа лигасының 16/1 финалына жолдама алды. Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде бақ сынады. Станимирдың арқасында болгариялық бапкерлерге ұсыныс көп түсті. Мысалы, Георгий Дерменджиев, Николай Костов, Дмитар Дмитров, Никола Спасов Қазақстанда қызмет атқарды. Футболда команда ауыстыру тұрақты қағида. Қызмет бабымен аталған мамандар өзге клубтың тізгіндерін ұстады.
– Бүгінде үлкен футболда агенттік қызметтердің жұмысы қызып тұр. Сіздің де агентіңіз бар шығар?

– Әрине, бар. Біраз жылдан бері Мирчо Дмитровпен бірге жұмыс істейміз. Нағыз өз маманының білгірі деуге болады. Футболда қандай қиындыққа тап болсақ  осы Мирчоның көмегіне жүгінемін. Маған қандайда бір ұсыныс түссе агентімен кеңесемін.
– "Қайсар" жанкүйерлеріне айтарыңыз болса, сәлеміңізді жеткізуге дайынбыз...
– Өз басым қызылордалық жанкүйерлерге дән ризамын. Қандай жағдай болмасын қолдауға әзір тұрады. Біз олардың қолдауын сағындық. Бүгінгідей қиын кезеңде сақтанып, үйде болуға шақырамын. Карантин мерзімі аяқталған сәтте стадионда қауышатын боламыз.
 Сұхбаттасқан:
Ерасыл ШӘРІБЕК
09 сәуір 2020 ж. 368 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031