» » » Карантин кезінде қоршаған ортаның ластану дерегі тіркелген жоқ

Карантин кезінде қоршаған ортаның ластану дерегі тіркелген жоқ

     Венера Мұстаяпова, облыстық экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің басшысы:

     ‒ Венера Сабыржанқызы, ең алдымен әңгімемізді  қазіргі таңда эколог мамандарды алаңдатып отырған маңызды мәселелерден бастайықшы...    
    ‒ Бүгінде қаладағы су тазалау станциялары қайта жаңғыртуды қажет етеді. Қазір биологиялық су тазарту станциясы тәулігіне жоспарлы түрде 70,0 мың м3 орнына 30-35 м3 ағынды суды қабылдайды, олар тек механикалық тазартудан өткізеді, ал биологиялық тазарту жұмысы жүргізілмейді. Облыстың кейбір елді мекендерінде кәріздік ағын суды ағызу орындарының (сүзу алаңдары, жинағыш тоған, буландырғыш тоған) болмауы немесе тиісті талаптарға сәйкес келмеуі ‒ мамандарды алаңдатып отырған жайттың бірі. Аталған мәселе бойынша департамент тарапынан жергілікті атқарушы органға бірнеше рет ұсыныс беріліп, бүгінгі күні облыс әкімшілігі мен елді мекендерде кәріз жүйесін дамытудың жол картасы бекітілуде.      Екіншіден, бұрынғы №6 жылу электр орталығындағы (ЖЭО) күл үйіндісімен ластанған жерлерді қайта қалпына келтіру мәселесі де алдыңғы орында тұр. ЖЭО-ның сұйық және газды отынға көшуі күл үйіндісін пайдаланудан бас тартуға әкеліп соқтырды. Бұл аумақ Сырдария өзенінің су қорғау аймағында орналасқан, ал күл үйінділері Сырдария өзені маңындағы тұрғын үйлерге, тұрғындарға кері әсерін тигізуде. Аталған  экологиялық мәселенің шешілуі департамент назарынан тыс қалған емес. Атап айтсақ, өткен жылы департаментпен «Компания Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-і №6 жылу электр орталығынан шыққан көмір күлі қалдығын цемент шығару өндірісінде қайта пайдалану мақсатында мәмілеге қол қойылды. Бүгінгі күні қауіпті қалдық болып саналатын көмір күлін өндіріске шикізат ретінде пайдалану үшін тасымалдау жұмыстары басталып кетті. Мұны ұзақ жылдардан бері шешімін тапқан экологиялық мәселе деп айтуға болады.
         Сондай-ақ  облыс бойынша тұрмыстық қалдықтармен жұмыс жүргізу және қалдықтарды басқарудың бірыңғай жүйесі жетілмеген. Республика бойынша күріштің негізгі бөлігі біздің облыста өсіріледі. Аймақта күріш өңдейтін 50-ден астам ірі және шағын зауыттар жұмыс істейді десек, сәйкесінше жыл сайын күріш қабығының біраз көлемі жиналады. Қазіргі кезде  жиналған күріш қауызы кәдеге аспай қоршаған ортаны бей-берекет ластауда. Айта кетейін, аймақта жыл сайын 90,4 мың тонна күріш қауызы жиналады.
  ‒ Облыс көлемінде егістікке жарамсыз жер аумағы қанша? Осы орайда топырақты құнарландыру мақсатында жүргізілетін мелиоративтік шаралар жөнінде айтып берсеңіз?
Бұл сұрағыңызға «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның облыстық филиалының мәліметі бойынша жауап берейін.Негізінде облыс экономикасы аграрлық салаға негізделген. Оның ішінде күріш шаруашылығының үлесі басым. Суармалы жерлердің ауданы мен өнімділіктің кемуі, ирригациялық жүйелердің тозуы, техникалық жағдайлардың және су өткізу қабілетінің нашарлауы, қамыстар мен түрлі өсімдіктердің өсуі олардың су өткізгіштік қабілетін төмендетіп, суғару суының шығынын арттыруда. Суармалы жерлердегі су тапшылығына суғару кезінде су үнемдегіш технологияларды пайдаланбау едәуір әсер етеді. Сондықтан суару барысында су мөлшерінің 50%-ға дейінгі мөлшері пайдасыз сүзілуге шығындалады. Қазіргі кезде күріш дақылын суару кезінде су үнемдегіш технологияларды (тамшылатып суару, топырақ ішінде суару, майда дисперсиялық суару) кеңінен пайдалану, агротехникалық шараларды (танаптардың тегістігі, ғылыми бекітілген суару нормалары мен әдістерін, ауыспалы егістік жүйесін) қатаң сақтау арқылы жер көлемін ұлғайтып, су мөлшерін үнемдеуге, жоғары өнімге қол жеткізе аламыз. Келешекте күріштік егіс көлемін қысқартып, оның орнына суды аз қажет ететін дәнді, техникалық дақылдар (мақсары, сыпырғы, соя, судан шөбі, жүгері, картоп, көкөніс, бақша, т.б) өсіру арқылы суды үнемдеуге болады.    
    Сондай-ақ ирригация жүйелеріне автоматтандырылған суды есепке алу құрылғылары мен аспаптарды пайдалану өзекті мәселе екенін айта кеткен жөн. Жалпы мелиорацияны жақсарту күріш өндірушілерге 2 есе көп пайда әкеледі.  Біріншіден, су кеткен төлемақының азаюы есебінен жалпы шығын 30%-ға қысқарады. Екіншіден, дақылдың өнімділігі және күріш сапасын жақсартады. Осыған орай, суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша мемлекеттік жобалар жүзеге асырылуда.     
      ‒ Сырдария ‒  трансшекаралық әрі республика бойынша ең лайлы өзен болып табылады. Өзеннің бүгінгі жай-күйі қандай? (тұздылығы, өзге мемлекеттер тарапынан ластануы)...
  ‒ Облыс бойынша экология департаментінің нұсқауымен Сырдария өзенінің су сапасы жіті бақыланады. Департаменттің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімі бекітілген кестеге сәйкес өзеннің екі нүктесінен ‒ Қызылорда қаласының кіре берісі және шыға берісінде сынамалар алынып, талдау жұмыстары жүргізіледі. Зертханалық-талдамалы бақылау бөлімімен ағымдағы жылдың 25 мамырында жүргізілген жұмыстары нәтижесінде су сапасының көрсеткіштері төмендегідей:
       ‒ сульфаттар бойынша – 4,2 шекті рауалды көрсеткіш;
      ‒  мыс бойынша – 2,0 ШРК белгіленген нормативтерден артқан.
       Қалған анықталған компоненттер бойынша басқа көрсеткіштер белгіленген нормативтен аспаған. Сульфаттар судағы өсімдік және жануарлар тектес ағзалардың ыдырауынан пайда болады және барлық жерүсті суларында кездесетін анион, ал мыстың концентрациясының нормативтен асуы сирек жағдай. Бірақ бұл мөлшерден ауытқу деректері 1,2-2,2 шамасында, яғни мөлшерлі ластанған деңгейден аспайды. Сонымен қатар Қызылорда су объектілерінің жерүсті суынан экстремальды  жоғары  ластану (ЭЖЛ) жағдайлары орын алған жоқ. Қала бойынша су ластануының комплексті индексі ‒ 2,20, яғни жер үсті су сапасы класы бойынша мөлшерлі ластанған деңгейді көрсетті.
  ‒ Карантин уақытында көлік қозғалысы біршама уақыт тоқтады. Бұл  ауаның тазаруына қаншалықты әсер етті?
  ‒ Биыл 17-27 сәуір аралығында облыстық экология департаментінің зертханалық талдамалы бақылау бөлімінің мамандары «Казгидромет» РМК облыстық филиалының мамандарымен бірлесе отырып  қаладағы атмосфералық ауаның сапасына «Метеометр МЭС-200А», «Газоанализатор ГАНК-4» құрылғылары арқылы өлшеу жұмысын жүргізді. Өлшеу жұмысы қаланың Коммунизм мөлтек ауданында орналасқан «Шұғыла» балабақшасының жанында, Бакалейторг, Ақмешіт, Оңтүстік және Солтүстік өндіріс аймақтарында тәулігіне 3 реттен жүргізілді.
      Алынған нәтиже бойынша атмосфералық ауаның бұған дейінгі нәтижесімен салыстырғанда біршама жақсарғаны байқалды. Оған басты себеп, елімізде жарияланған COVID-19 коронавирус пандемиясына байланысты өндіріс орындарының жұмысына және автотранспорттардың қозғалысына қойылған шектеудің нәтижесі деп қорытынды жасауға болады.
     ‒ Жалпы аймақта ауа тазалығы үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
     ‒ Осы ретте қоршаған орта сапасын бірте-бірте жақсартуға арналған іс-шаралар кешені қарастырылған. Атап айтқанда, тұрғын-үй массивтерін, әлеуметтік, өндірістік және де өзге де объектілерді газ отынына кезең-кезеңімен көшіру, атмосфералық ауаға теріс әсерді төмендету мақсатында қаладағы Титов кентінде сүзу алаңын құрғату, облыстың барлық елді мекендерін сарқынды суларды тазарту қондырғыларымен қамтамасыз ету шаралары жоспарланған.
     ‒ Төтенше жағдай кезінде қоршаған ортаны жақсарту мақсатында қандай жұмыстар қолға алынды?
   ‒ Карантин уақытында  экстремалды ластану деректері тіркелген жоқ. Оған басты себеп елімізде жарияланған короновирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай кезінде  атмосфералық ауаны ластайтын өндіріс ошақтарының және автотранспорт қозғалысының азаюы, теміржол қозғалыстарының шектелуі әсер еткені анық.
    ‒ Осы орайда зертхана  жұмысы жөнінде де толығырақ айтып берсеңіз...
  ‒ Зертхана қазіргі заманға сай жаңартылған құралдармен жабдықталған. Жылжымалы зертхана талдау жұмыстарын далалық жерлерде, кен орындарында, алыс орналасқан нысандарда жүргізуге толықтай мүмкіндік береді. Бұл зертхана судың, атмосфералық ауаның, топырақтың сынамаларын алып, сол жерде жедел түрде талдап, әсіресе апаттық және төтенше жағдайларда мамандарға уақыт үнемдеп, жылдам қорытынды беруге септігін тигізеді.
  Сондай-ақ 2020-2021 жылдарға аккредиттеу саласын төмендегідей компоненттерге: атмосфералық ауа бойынша-аммиак, метан, автокөлік шығарындылары бойынша ‒ көміртегі диоксиді,оттегі және азот оксидтерінің жиынтық концентрациясы, өндірістік шығарындылар бойынша ‒ азот диоксиді, метан, көміртегі диоксиді, жер үсті, жер асты және ағынды су бойынша ‒ алюминий,бензотриазол, бром, гидразин, хлор диоксиді, темір (II), кремний, ұшпа қышқылдар, молибден, күміс, сульфид, формальдегид, фосфонаттар, фтор, жалпы хлор, еркін хлор, цианид бойынша кеңейту жоспарлануда. Сонымен қатар департаменттегі соңғы заманауи құрылғылардың бірі ‒ «Дрон DJI M 210 Sniffer 4D». Дрон биіктікте ауа атмосферасынан сынама алып, талдау жұмыстарын жүргізе алады.
     ‒ Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Гүлдана ЖҰМАДИН
04 маусым 2020 ж. 479 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031