ЭКОЛОГ БОЛУ ‒ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ
Қазіргі таңда мен облыстық экология департаментінің экологиялық реттеу бөлімінде бас маман болып жұмыс атқарамын. Бөлімге келген сәттен бастап әріптестерім өз көмегін көрсетіп, мені жылы қарсы алды. Олар менің кәсіби маман болып қалыптасуыма көп көмегін тигізуде. Қазір экология департаментінде жұмыс жасап жатқаныма бір жылға жуық уақыт болды. Мамандығыма деген қызығушылығым күн санап артып келеді, себебі мұнда өз саласын жетік меңгерген тәжірибелі қызметкер көп. Экологиялық ахуалға тікелей әсер ететін Арал теңізі, Байқоңыр ғарыш айлағы ‒ қазір облыстағы басты мәселелердің бірі. Бүгінде осы мәселелердің шешімін табуға, ахуалды қайта түзеу мақсатында көптеген шара ұйымдастырылуда.
Еліміз дамыған мемлекеттердің қатарына қосылу үшін көптеген заң жүйесі қайта қаралып, заман ағымына қарай жетілдірілуде. Соның бірі қайта қабылданғалы отырған ‒ Экологиялық кодекс. Жаңа кодексте еліміздің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында өзгерістер енгізу қарастырылуда. Нақтырақ айтсам, қоршаған орта сапасының ашықтығы мен жариялығын қамтамасыз ету мақсатында ірі табиғат пайдаланушыларына автоматтандырылған экологиялық бақылау қондырғыларын орнату міндеттелген. Сонымен қатар озық үлгідегі жаңа технологияларды енгізген табиғат пайдаланушыларға қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төленетін төлемақыдан босату арқылы оларды ынталандыру қарастырылған. Экологиялық жағдайды тұрақтандыру, жақсарту жолында сала қызметкерлерінің еңбегі айтарлықтай екенін осы уақытқа дейінгі оң нәтиже білуге болады. Сала қызметкерлері мемлекеттіміздің саясатын қолдап, оны жүзеге асыра отырып халық денсаулығына әсер ететін, қоршаған ортаға ықпалын тигізетін зиянды факторлармен күресуде. Қазір өзімнің жауапкершілігі мол мамандықты таңдап, қоғамға пайдасы зор мекемеде қызмет ететінімді мақтан етемін.
Оразғали Нұрғалиұлы,
Облыстық экология департаментінің
экологиялық реттеу бөлімінің бас маманы