Бір сағаттан артық қыздырынуға болмайды
Аймағымызда жаздыгүні күн тас төбеден түсіп, аптап ыстық жиі орын алады. Жалпы күннен адам ағзасына қажетті энергияны көп бөлінеді дейміз. Бірақ шамадан тыс күннің астында жүру де денсаулыққа зиян екенін біле бермейміз. Күннің адам ағзасына, соның ішінде бала денсаулығына тигізер пайдасы мен зияны төңірегінде Қызылорда облысытық тері арулар емханасының дерматологвенеролог дәрігері Сақтаған Махатайұлымен әңгімелескен едік.
– Күн көзінен қуат алудың белгілі бір уақыты бар ма?
– Әрине, жаздыгүні сағат 9-дан 11-ге дейінгі және кешке сағат 17-ден кейінгі уақыт аралығындағы күн сәулесі адам ағзасына пайдалы. Ал қыстың күні сағат 11-ден 13-ге дейінгі уақыт. Ал жаңа туған нәрестені күннің көзіне сағат 10-12-нің аралығында шығару керек. Далаға шығаруды алғашқыда сәуірден қыркүйектің аяғына дейінгі аралықта күн сайын 5 минуттан қосып қалыптастыру қажет. Жалпы күн сәулесінің тері мен ағзаға тигізер пайдасы зор. Оның құрамындағы «д» дәрумені тырнақ пен шашқа, тіске қажетті кальцийге бай. Әсіресе, сүйегі майысқақ, денесінде түрлі жарасы барларға пайдалы. Тері күнге неғұрлым күйген сайын, бактерияларды жоятын қуат соғұрлым көбейеді. Ультракүлгін сәуленің әсерінен тері тез қызарып, терінің зат алмасуы, қан айналымы жақсарады. Ал шамадан тыс күн астында жүру керісінше, көптеген тері ауруларына шалдықтыруы мүмкін.
– Мысалы қандай тері ауруларын атар едіңіз?
– Күн сәулесінен пайда болатын тері аурулары өте көп. Оның ішінде ең көп тарағаны – фотодерматоз деп аталады. Аурудың белігілері тоқталар болсақ, ең бірінші денеде бөртпелер пайда болып, қышып мазаны қашырады. Бөртке алғашында бетке, мойынға, қол-аяққа шығады. Бұл ауру арнайы мамандардың бақылауымен емделеді. Одан бөлек, күн көзінде шамадан тыс қыздырыну – тері обырына соқтыруы мүмкін. Тері обыры – қатерлі ісік. Бұл ауруға көбіне 15 пен 39 жас шамасындағы нәзікжандылар шалдығады. Әсіресе, терісі аққұба, сепкілге бейім жандардың күн көзінде ұзақ жүруіне немесе қыздырынуына болмайды.
– Ата-аналар баласының шамадан тыс күн астында бас киімсіз жүретініне мазасызданады. Жалпы қалпақсыз жүру қаншалықты зиян?
– Қатты ыстықта бас киімсіз жүру – шаштың түсін сарғайтып, күн өтуіне әкеледі. Егер күн өтсе, бірінші миға әсер етеді. Баланың температурасы 39-40 градусқа дейін көтеріліп, жүрегі айниды. Тіпті естен танып қалу қаупі жоғары. Қорқыныштысы, адамға қатты күн өтіп кетсе, өліп кетуі де мүмкін. Сондықтан күнге қыздырынудың пайдасымен қатар, зияны барын ұмытпаған жөн. Ал күн өтпеуі үшін күнделікті жеңіл бас киім немесе ақ орамал тағып, денеде бос тұратын ашық түсті жеңіл киім кию қажет. Жеміс-жидек, көкөністер мен жеңіл сіңімді тағам жеу де күн өтуден сақтануға көмектеседі.
– Қатты ыстықта судан шықпайтындар бар. Негізі қай уақытта шомылғаны дұрыс?
– Жалпы кез келген адам күн сәулесіне «шомылғысы» келсе, алдымен денесін ыстыққа үйрету керек. Ол үшін бес-он минут күн астында тұрып, дененің сезімталдығын анықтап, бақылауды жарты сағатқа созса болады. Осы уақыт аралығында теріде ешқандай теріс реакция болмаса, күн көзінде 1 сағатқа дейін шомылуға болады. Суға түсер алдында да, кейін де душ қабылдап, денені кір сабынмен жуу керек. Сонымен қатар дәріханада сатылатын арнайы күн көзінен қорғайтын кремдерді нұсқаулық бойынша пайдаланыңыз.
–Күн астында жүргенде қандай ережелерді ұстану керек?
– Әсіресе балаларды күн көзінен қорғаудың маңызы. Ойынның қызығына түсіп, күндіз үйге кірмейтін жеткіншекті күннен қорғау үшін – басына үнемі қалпақ, шляпа киіп жүруін қадағалау қажет. Күнге қыздырынып алып, суық душқа, не көлге түсуге болмайды. Көлеңкеде біраз суынып барып, суға түскен жөн. Біздің өңірімізге күн қатты түсетін болғандықтан, тұрғындарға қолшатырсыз сыртқа шықпауға кеңес беремін.
– Әңгімеңізге рақмет.
Тақырыпқа тұздық:
Копенгаген университетінің ғалымдары күн сәулесі әсерінен ағзада бөлінетін D дәрумені ер адамның бойындағы ұрық сапасын арттыратынын анықтады.
Жазғытұрым туған бала мешел ауруымен ауырмайды.
Баланың бойы жаз айларында көбірек өседі.