Мен үшін марапат маңызды емес
23 maýsym ‒ Polısıa qyzmetkerleri kúni
Әділхан Смайлов, полиция капитаны:
Мен үшін марапат маңызды емес
Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарластық. Жұмысымен көзге түсіп жүрген, әр ісіне мұқият қарайтын, жауапкершілігі мол жас әр салада да болады. Полиция капитаны, Қызылорда ОПД анықтау басқармасының анықтаушысы Әділхан Смайлов әріптестер сеніміне әбден лайық.Жалпы полиция қызметкері қай салада да бірінші бой көрсетеді. Төтенше жағдай кезінде де бұл қызметкерлер тыным тапқан емес. Тұрғындарға бей-берекет жүруге болмайтынын ескертіп, бетпердесіз үйден шығуға тыйым салынғанын ескерту де солардың жауапкершілігінде. Рейдтік жұмыстардан да көз ашпайтыны жасырын емес. Мейрамхана мен ойын сауық орталығының есігін қағып, тексеріс жүргізіп, жұмысына кірісіп кететіні тағы бар. Масаң күйде көлік тізгіндегендерді, көлігіне қару-жарақ салғандарды қадағалау да осылардың жауапкершілігінде. “Жылына бір келетін мерекенің біз үшін ерекшелігі жоғары. Істеген істің бағаланғаны емес, бүкіл полицейлердің ортақ күні болғандықтан өзіңдік орны бар. Бұл мерекені әріптестермен қарсы алғанды ұнатамын. Марапат пен атаққа қызықпаймын. Мен үшін алғыс хаттың маңызы жоқ. Бастысы, өзіме берілген жауапкершілікті дұрыс атқарғым келеді. Барша әріптестерімді алдағы мерекемен құттықтаймын”, – дейді Әділхан бізбен әңгімесінде.
Әділхан Мұратбекұлы ішкі істер саласында қызмет атқарғанды жанымен сүйеді. “Елге кішкене болса да көмегім тисе” деген арманмен өскен. Теледидардан полиция формасын киген жігіттерді көріп, “бір күні мен де осылардың қатарынан табыламын” деген мақсаты Қызылорда гуманитарлық заң колледжіне оқуға жетелейді. Ол колледжбен шектелмей, жоғары оқу орнына түседі. Сөйтіп Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың студенті атанады. «Құқықтану» мамандығында білім алып шығады. 2012-2013 жылдары аралығында әскерде болып, 2012 жылы Отар қаласындағы №30212 әскери бөлімінде, 2012-2013 жылдары Қапшағай қаласындағы №32363 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтейді. Сөйтіп ішкі істер саласына құжат тапсырады. Сынақтан өтіп, жұмысқа қабылданады. Тұрғындардың арыз-шағымы бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп, күдіктінің ісін қарайды, дәленденген жағдайда сотқа жібереді. Яки ақ пен қараны ажыратып, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асырады. Әділхан ҚР ҚПК 191 бабында көзделген қылмыстарды тергейді. Ал қазіргі таңда облыс аумағындағы адам өліміне әкеп соққан жол көлік оқиғасын тергейді. Бұндай тергеу ісімен айналысатын қызметкер облыс бойынша үшеу ғана.
Әділханның серігі – кітап. Бос уақытында құқық саласына қатысты кітаптарды парақтауды ұнатады. Әлеуметтік желіге уақыт шығындамайды. Ол әр минуттың қадірін түсінеді. Уақытты тиімді пайдаланғанды жақсы көреді. Өзгелердің де сенделіп жүргенін жақтырмайды. Әсіресе жұмыссыз жастардың іс-әрекетін құптамайды. “Ер жігіт болған соң әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтегені жөн. Содан кейін тұрақты жұмысқа тұрып ата-анасын, отбасын асырап, өзіңің перзенттік парызын өтеуі тиіс. Ал бізде қалай? NEET санатындағы жастар көп. Бірі көшеде сандалып жүр, енді бірі қол жұмыс істеуге намыстанады. Әрбір азамат әскерге барып, Отан алдындағы міндетін орындауы тиіс. Бұл – міндет. Ал мұны міндет деп санамайтындар бар. Ыңғайы келсе, әскерге барудан қашады. Мұның себебін әркім әр қалай бере жатар. Ал мен оқыған, әскерлік борышын өтеген азаматтарды құрметтеймін”, – дейді ол.
Әділхан үш ағайынды. Ағасы Дархан Смайлов ҚР ҰҚК Алматы облысы бойынша департаментінің Инженерлік қызметінің бөлім бастығы. Полиция қызметкерінде бос уақыт болмайтындай елестейді. Қай кезде де формасын киіп, жұмыста жүреді. Ал Әділхан отбасына да, жұмысқа да бірдей уақыт табады. Отбасылы, екі баланың әкесі. Ол үшін бала тәрбиесі алдыңғы қатарда. Перзенттерін қыдыртып, серуендетіп, уақытын солармен бірге өткізуге тырысады. Балаға естен кетпестей балалық шақ сыйлау – оның ұстанымы.
Бүгінде көлік тізгіндейтіндер көп. Көшеге шыға қалсаңыз, жаяу жүргізушілер жолағына да пысқырмайтындар бар. Бірі ішімдік ішіп рөлге отырса, енді бірі ашулы күйде шығып кетіп жатады. Мұның салдары өзгелерге тиюде. Себебі жол көлік оқиғасының салдарынан аурухана төсегіне таңылғандар жетерлік. “Көлікті жүргізгенде арнайы талап, тәртіп бар ғой. Бұған назар аудармайтындар көп. Тоқтатқанның өзінде тамыр-таныс іздейтіні жасырын емес. Соған еті үйренген жүргізушілер тәртіпті белінен басады. Содан жаяу жүргізуші опық жейді. Жол жүру ережесін бұзу салдарынан адам өліміне әкеп соғатын жағдайлар жиі орын алып тұрады. Адам өлімін болдырмаудың жолдары қарастырылып жатыр. Осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар да жетерлік. Қалаға камералар орнатылды. Сол арқылы жылдамдық асырғандарды білуге болады. Үйіне тәртіп бұзғаны туралы қағаз барып, айыппұл мөлшері көрсетілген жағдайда келесі де қайталамауға тырысады. Тырысқаны былай тұрсын, олай жасамайды. Бізге бар болғаны осындай бейнежазбаны көбейтіп, заңды күшейту керек. Бұл – адам өміріне қауіп төндірмеудің бір жолы. Бір-бірімен жарысып жүретін жасөспірімдерді де тәубеге келтірері ақиқат”, – дейді ол.
Әділханмен тілдескенде оның болмысының бөлек екенін аңғардық. Көп сөйлескенді, ашық әңгіме өрбіткенді ұнатпайды. Бойында жігітке тән қасиет бар. Оның өзіндік пікірі бар, жоғары кәсібилігі мен төзімділігі, жауапкершілігі әріптестер арасында қатты бағаланады. Сондықтан да болар жақсы көрсеткіш көрсеткені үшін алған марапаттары көп. “Менің жетістігім жоқ” деп жауап бергені де мақтау сүймейтінін көрсетсе керек.
Мөлдір САБЫРЖАН