ТӨЛ ТАРИХТЫ ТАНЫТҚАН ТҰЛҒА
- Мырзатай Жолдасбекұлы тәуелсіздік алған елең-алаң кезеңде қайраткерлігімен, ұлтжандылығымен ерекше танылды. Алаш қайраткерлерінің қайта оралу жолындағы еңбегі зор екенін айтқым келеді. Елдік мүдде жолында Елбасы бастаған ерлікке бара бар істер еншісіне жазылғандар арасында Мырзатай Жолдасбек бүгінде көзі тірі абызымыз, нар тұлғамыз. Ұлт руханиятының ұлы жолындағы ұлағатты ұраншымыз, тәуелсіздігіміздің, Елбасымыздың насихатшысы, өз сөзімен айтқанда «айнымас нөкері»,-деп облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр жұртшылығы атынан қоғам қайраткерінің иығына шапан жауып, құрмет білдірді.
Кейде ұзақ жылдар басшы болған шенеуікті елдің қатал көретіні бар. Ендеше, мына жайға назар аударайықшы. Иран еліне елші болып барғанда, елге деген сағыныштан, қазаққа деген сүйіспеншіліктен «Тотықұс» әні дүниеге келіпті. Сөзін Ұлықбек Есдәулет жазып, оны Мақпал Жүнісова нақышына келтіріп орындап жүреді. Бірде Тараздағы ұлан-асыр тойда бұл әнді Мақпалдың орындауында Елбасы естіп, «е-е, Мырзатай елді сағынған екен ғой» деп, Қазақстанға қайтарған екен. Жиында Мырзатай Жолдасбековтың мұнан өзге «Дүние, шіркін», «Қосбасар», «Ойтолғау» күйлері шырқалды. Сазынан елге деген құрметті сезіндік. Космостың жердің қасиетті тұстарын тартанын бөлігін «ауро» дейді. Жақсы адамдардың маңайынан да осыны сезесің. Елдің ерекше ықыласын ғалым-ұстаздың шәкірті, Сырдың тумасы Елмұра Жаңабергенованы екі қайтара шақырып, Клара Төленбаева, Ардақ Балажановаларды сүйсіне тыңдауынан байқадық. Бұл күні көрермен рухани байып, қазақ өнері толқып, тебіреніспен елге жеткені айқын.Кеңестің қылыштан өткір саясаты солқылдап тұрғанда, идеология бөлімінің меңгерушісі Мырзатай елге келеді. Сыр еліне көптен келуі, ата-бабасының жатқан жері Тереңөзекті көргісі келеді. Сонда «сырт көздер» (Совет үкіметінің жандайшаптары) не дейді»-нің күйін кешкен Мырзатайды, Тереңөзекке сол кездегі партия комитетінің бірінші хатшысы Сейілбек Шаухаманов кеш қарая, ел көзінен таса апарған екен. «Жаңа түскен келіншек құсап, елге барған сол күндер-ай» деп еске алған Мырзатай Жолдасбековтың сөзінен тәуелсіздіктің айбарын, қадірін ұғына түскендей болдық. Алаштың, азаттығы. Ол осындай тұлғалардың маңдай терімен, ұйқысыз күн-түнімен бізге бұйырды.
Мырзатай Жолдасбеков – «Күлтегінді аршып алып тарихтан, Тоныкөкке қайтадан тіл бітірген» тұлға. Ол университетті бітіре салысымен, әдебиеттану тарихында тұңғыш рет қазақ әдебиетінің түп-төркінін зерттеуге кіріседі. «Әдебиет тарихы тартысқа түсіп, дау-дамай өршіп тұрған сәтте, мұндай тақырыпқа тыңнан түрен салу көзсіз батырлықпен пара-пар еді. Бейсенбай Кенжетаевтай ғалым жетекшісі бар, Мырзатай мен Мұхтар Мағауинның сол тұстағы ерліктері әдебиет тарихында алтын әріппен жазылды. Саналы ғұмырын өнер, білім, руханиятқа арнап келеді. Мырзатай Жолдасбеков Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде табаны күректей 17 жыл ассистент, аға оқытушы, доцент, декан болып қызмет атқарды. Талдықорған педагогикалық институтының ректоры болды. Мұнан кейінгі жылдары оқу министрі, Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі, Президенттік кеңестің мүшесі, Мемлекеттік кеңесші, Премьер-минстрдің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды»,-деген Сырдың қызы Дананың (Нұржігіт) сөзінен ел деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген тұлғаны тани түстік.
Кейде «Қызылорданың» не мағына беретінін аңғармай, болшевиктік саясатпен, «қызылдармен» шатастыратынымыз бар. Мұның түйінін Мырзатай Жолдасбековтің өзі тарқатып берді. «Қызыл» деген сөз «алтын» деген мағына береді. Сол кездегі Алаш ардақтылары Совет үкіметінен тасалау етіп, Ақмешітті «Алтынорда» (Қызылорда) атаған ғой деп атаудың мәнісін ашты. Кеш соңында «Түрік әдебиетіне тиіспе» деген заманда қазақтың арғы тегі оғыз бен сақ болғанын, оғыз мәдениетінің кіндігі осы жерде екенін дәлелдеген ғалым Орхон мен Күлтегін ескерткіштерін алғаш тапқан Ф.И. Стралленбергтің сызған картасын Сыр елінің мұражайына сыйға тартты. Онда төрт ғасыр бұрынғы бойында Қорқыт мазары бейнеленген Сырдария бар. Аймақ басшысы, елге осынау құнды жәдігерді көрсетіп тұрып, «Жеті өзеннің сағасындай» болып дана қарттыққа жеткен Мырзатай Жолдасбековке құрметін білдірді.
Айдана ЖҰМАДИНОВА