БЕРЕКЕЛІ, МЕРЕКЕЛІ ҚАЗАҚСТАН
Тартысқа толы, бірақ тыныш, күдікке бейім, алайда үміті басым, берекелі 26 жыл. Биыл «тәуелсізбін», «қазақпын» деп қасқайып тұрып айта алғанымызға осынша уақыт өтті. Елорадалы, Ақордалы, Елбасы бар елге айналдық. Қазақ өңі түгіл түсіне де кірмеген азаттықтықтың аспанында алшаң басып, асқақ армандарға қол жеткізетін ел болды.
Арғы тегіміз сақтардан жеткен аңыз бар. Ержүрек жауынгер Шырақ елге келген жаудың бетін қайтару үшін, өзін тілгілеп, құлағы мен мұрнын кесіп, жәбір көрген жандай басқыншылардың алдынан шығады. «Өз елім осындай бейшара күйге түсірді, сендерді мен-ақ бастап апарайын» деп сенімге кіріп, қу дала, шөлді мекенге алып жүреді. Ақыры адастырып тынып, жау қолбасшысының алдында «мен дегеніме жеттім» деп асқақ түрде тіл қатқан екен. Желтоқсандағы жастар да дәл осылай дегеніне жетті. Аянбады, ұлтына өмірлерін арнады, бірақ тәуелсіздікті жақындатты. Егемендік үш жүзге қадірлі үш бидің, Абылай ханның, соңғы хан Кенесарының, намысы биік баһадүрлердің арманы еді. Бірақ олар жетпеді, тәуелсіздіктің туын көтеру, елді ел етіп, еңсесін көтеру Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бұйырды, бүгінгі ұрпаққа аманат етілді.
Жүз жылдық империялық қанау халқымыздың тұтастығын ту талақай етіп, «бөліп алды да, билей берді». Бұл ұранның жан түршіктірер мақсаты – идеологиялық шабуыл қазақтың санасын улау, тілін өлімсіретіп, кейбір пақырлар «қазақпын» деп айтуға ұялатындай деңгейге жеткізу. Өз ұлтын жек көретін ұлттық нигилистер осылай пайда болды. Тәуелсіздік сиқырлы таяқша емес. Адамдардың ақыл-ойын жақсылыққа бағыттап, болашаққа сендіру, өз ісін өзі жүргізуге бейім ету, қалаларды өркендетіп, әлемге таныту оңай шаруа емес. Біз бүгінде елім деп туған ерлердің ерен еңбегінің нәтижесін көріп келеміз.
Таудың басында ғана қасқайып қарағай, мәңгі жасыл шырша, небір адам естімеген дәрілік шөп пен гүлдер өседі. Білеміз, тауда қар мен жаңбыр жиі жауады. Топырақтың шірінді қабатын, құнарлылығын селмен ағызбай, ұстап тұратын сол шырша мен қарағайдың айқұш-ұйқыш тамырлары екен. Содан кейін ғана ол жерден алуан түрлі өсімдік өсіп, ол мекеннің ауасы да шипаға айналады. Қарағай мен шырша жұлынса, не болады? Ол жерге ағаш өсіру жүздеген жылдарға созылады, құнарлы қабат екі мың жылда ғана түзіледі. Империяның идеологиялық саясаты Алаш арыстарын осылай қынадай қырды. Ұлттың гүлденуіне жауапты, соны мақсат еткен алыптар атылды, қуғындалды. Ал тәуелсіздік алғалы тегеурінді тұлғаларды төбемізге көтердік, жақында ғана «Жүз жаңа есім» бағдарламасымен 102 жас анықталды. Қазақтың алғыр ұрпағының қандай екенін, бүгінгі заманның деңгейін соған қарап бағамдай беріңіз.
Бұл дәл уақытында шыққан, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы бір тапсырманың нәтижесінде анықталған дүние. Қазақ екеніңді ұмытпау үшін, басқалардан айырықша екеніңді дәлелдеу үшін өткеніңді, ата салтыңды білуің қажет. Соңғы жылдары Жапонияда мынадай қызық саясат орнады. Елде экономика тұрақты, азық жеткілікті болса да жаппай күріш өсіруді қайта қолға алыпты. Өйткені, елде өз тілінде сөйлейтіндер азайып, тілге деген құрмет төмендеген. Бұған күріштің не қатысы бар дерсіз, айтайық. Жапондардың сөзінің 80 пайызы күріш шаруашылығына байланысты. Ата кәсіпті ұмытқан жапондар көне сөздерді де естен шығарған. Ал бізде қалай? Бізде сөздің туындап, таралуы ата кәсібіміз төрт түлік малға қатысты. Қысы-жазы тыным көрмейтін еңбекқор халқымыз руханият мәселесіне осылай үлес қосқан. Біздің де сөздің қадірі, мән-мағынасын кейде түсінбей, жастардың көне тіркестерді мүлде қолданғысы келмеуінің осындай сыры бар. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы, елдегі шағын және орта бизнесті қолдауға арналған саясаты осы мәселені де шешуге бағытталғаны анық. Елбасының сұңғыла саясаткерлігінің арқасында көп күрмеудің түйіні тарқаталды. Ұлты жоқ болғанмен, таңбасы бар латынның әліпбиіне қайта көшуіміз, рухани тәуелсіз екенімізді аңғартпайды ма?!
Елбасы көреген көшбасшы болса, елге не керек? Абай айтқандай, бірімізді біріміз дос көруіміз қажет. Ақылға, намысқа бірлік керек. Ақылымызды бас пайдамызға ғана емес, елдің кем-кетігін толықтыруға жұмсағанымыз жөн.
Сандар сөйлейді:
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикасы 20 есе өсті.
Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына енді.
120 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, 1,1 миллионнан астам қазақстандық отбасы пәтермен қамтамасыз етілді.
Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр.
1,3 мыңнан астам жаңа аурухана мен емхана, 500 жаңа балабақша және 1,4 мың мектеп салынды.
Қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасы 72,3 жылға дейін ұлғайды.
Айдана ЖҰМАДИНОВА