» ШАБЫТ СЫЙЛАЙТЫН СӘТ

ШАБЫТ СЫЙЛАЙТЫН СӘТ


Маусым мен шілде айы – қазақстандық түлектер үшін көптен күткен бітіру кеші мен диплом алатын уақыт. Ал шетел студенттері үшін диплом алумен қатар, әлемге әйгілі адамның шабытқа толы сөзін тыңдайтын сәт. Оларды жоғары оқу орнының басшылығы арнайы шақыртады. Көбі табысқа жету жолында кездескен қиындығымен бөлісіп, өмірлік таңдаудың алдында тұрған түлектерге сәттілік тілейді.
Джоан Роулинг, жазушы
The Hollywood Reporter журналының мәліметіне сүйенсек, ол 51 жасында Голливудтың үздік 25 жазушысының көшін бастаған. 1997 жылы Гарри Поттер туралы жазған кітабы жарық көргеннен кейін ол жұмыссыз, әрі жалғызбасты анадан әлемге танымал адамға айналды. 
"Мектеп бітіргеннен жеті жыл өткен соң өмірімдегі ең үлкен сәтсіздікке ұшырадым. Күйеуіммен ажырасып, үйсіз-күйсіз, бір баламен далада қалдым. Мен сіздерге сәтсіздік – керемет деп айтудан аулақпын. Дегенмен газетте жазғандай, сол кездегі қиын сәттің соңы мен үшін бақытты өмірдің бастауына айналды. Менің ең үлкен қорқынышым орындалды. Десе де мен тірімін, қолымда сүйікті қызым, баспа машинам, ойымда көптеген жаңа идея бар. Осы бақытсыздыққа ұшырамағанымда "сүйікті ісіммен айналыспаған ба едім" деп ойлаймын.
2008 жыл, Гарвардуниверситеті.


Стивен Спилберг, кинорежиссёр

Кино тарихындағы ең табысты режиссердің бірі – Стивен жоғары оқу орнының дипломын 55 жасында алды. Ол бала кезінде Калифорнияның киномектебіне екі рет түсуге талпынған. Дегенмен мектеп басшылығы оған "талантың жоқ" деп, қабылдаудан бас тартады. Кейін кинодан бөлек техникалық колледжге оқуға түсіп, Universal Studio жұмыс ұсынғанда оқуын ойланбастан тастап кетеді. Бес жылдан кейін оны әлемге әйгілі еткен "Челюсти" триллері жарық көрді.
"Мен колледжді өзімнің не қалайтынымды білген соң тастап кеттім. Мүмкін көбіңіз қазір "ата-анаңызға жазушы емес, дәрігер болғыңыз келетінін қалай түсіндіремін" деп ойлап отырған боларсыздар. Мен ата-анама егер кинода жолым болмаса, университетке қайта ораламын деп уәде бердім. Дегенмен бәрі сәтті шықты. Өмірдің алғашқы 25 жылында бізді өзгенің дауысын тыңдауға үйретеді. Ата-ана мен ұстаздар біздің ойымызды пайдалы ақпаратқа толтырады, одан кейін олардың орнын бастық басады. Біз іштей: "Мен өмірге басқаша қараймын" десек те, өзгенің айтқанына басыңды ие салу оңайырақ. 1980 жылға дейін түсірген туындыларымның көбі шындыққа жанаспайтын. Себебі мен өмірлік тәжірибеме емес, қиялыма ғана жүгінетінмін. Сосын "Қызғылт дала гүлдерін" түсірдім. Бұл туындының кейіпкері Шаг Эйверидің "Әлемдегінің барлығы сүйікті болғысы келеді" деген сөзі мұң мен өмірлік шындыққа толы еді. Сол сәтте мен киноның өмірлік маңызы бар миссия екенін түсіндім. Осындай сезімді бастан кешуге барлығыңызға тілектеспін".
2016 жыл, Гарвард университеті.


Стив Джобс, жеке кәсіпкер

1976 жылы 20 жастағы Стив досы Стив Вознякпен бірігіп, ата-анасының көлікжайында Apple компаниясының негізін қалайды. 10 жыл ішінде бұл компания құны 2 миллиард доллар және 6000 қызметкері бар алып мекемеге айналды. Джобстың шақыртуымен компанияны маркетолог Джон Скалли басқарады. Уақыт өте Джон мен Стивтің көзқарастары қарама-қайшы келіп, Стивті өзі қалаған компаниясынан шығарып жібереді.

"30 жасымда мені айқай-шумен өз мекемемнен қуып шықты. Өмірімді, уақытымды арнаған дүние бір сәтте жоғалды. Бірақ мен сол сәтте Apple-ден кетуім – өмірімдегі ең керемет оқиғаның бірі екенін түсінбедім. Себебі сол кезде өміріме шығармашылық енді. 5 жылда NeXT және Pixarды аштым, өмірлік жарымды жолықтырдым. Егер қызметтен кетпегенімде мұның бірі де басымнан өтпейтініме сенімдімін. Дәрінің дәмі нашар болса да, мен науқас оған мәжбүр болыппын. Мен қандай қиын болса да, өз ісімді жақсы көргендіктен алға талпындым. Егер жаныңызға жақын кәсіп таппасаңыз, іздеуді тоқтатпаңыз"

2005 жыл, Стэндфорд университеті.


Джим Керри, актер

Ол сахнаға алғаш рет 15 жасында шықты. Дегенмен оны халық суық қабылдады. 23 жасында көптеген сәтсіз кастингтен кейін түскен киносын да көрермен сынға алды. Ол тынымсыз еңбектеніп, 31 жасында "Эйс Вентура: үй жануарларын іздестіру" фильмінен кейін көпке танылып, одан кейінгі түскен "Маска", "Труман шоуы", "Ақымақ және одан да ақымақ" сынды туындылары кинемотографияның классикасына айналды. 

"Көбіміз ыңғайлы болғандықтан "қорқыныш" жолын таңдаймыз. Менің әкем әзілкеш болғысы келген. Болу үшін де барлық мүмкіндігі бар еді. Дегенмен ол арманының орындалатынына сенбей, есепші мамандығын таңдады. 12 жасымда әкемді жұмыстан шығарып жіберді. Отбасымызбен қиын күндерді бастан кештік. Сол кезде мен "Егер сүйікті емес ісіңде сәтсіздікке ұшырасаң, неге сүйікті іспен шұғылданып бағыңды сынап көрмеске?" деп ойладым. Сондықтан арманыңыз орындалмайтындай көрінсе де, неге талпынып көрмеске? Осы сөзіме дәлел ретінде өзімді мысалға келтіре аламын"

2014 жыл, Махариши менеджмент университеті.


Опра Уинфри, тележүргізуші

Опра шешендік өнер сайысында бас жүлде жеңіп, оқуға өз күшімен түседі. Оның балалық шағы бақытсыз сәтке толы болды. 9 жасында зорлық көріп, 14 жасында аяғы ауыр болып қалады. Дегенмен бала шетінеп кетеді. 17 жасында оқуға түсіп, қосымша жұмыс істейді. Ол өзінің қаласындағы алғашқы қара нәсілді репортер болып, одан кейін тарихтағы алғашқы қара нәсілді миллиардер атанады. "Опра Уинфридің шоуы" деп аталатын жеке бағдарламасы Американың ең танымал, әрі ауқымды жобаларының біріне айналды.

"Мансап жолымда 35000-нан астам сұқбат жүргіздім. Камера сөнген кезде бағдарлама қонағы маған бұрылып, "Бәрі жақсы өтті ме?" деп сұрайтын. Мен бұл сұрақты президент Буштан да, Обамадан да естідім. Қандай жетістікке жетсеңіз де, әйтеуір бір күні құлайсыз. Дегенмен сәтсіздік деген мүлде жоқ. Ол – бағытыңызды өзгерту үшін жасалған өмірдің бір құралы. Құлаған сәтте өзіңізді нашар сезіну қалыпты жағдай. Өзіңізге уақыт беріңіз, жоғалтқаныңызды сезініп, көз жасыңызға ерік беріңіз. Содан кейін ғана сіз, расында, қолыңызда кілт бар екенін түсінесіз. Өйткені қателіктің арқасында ғана үлкен сабақ аламыз".

2013 жыл, Гарвард университеті.


Әсел БЕГМАН





---
12 шілде 2018 ж. 760 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031