» БАСТЫ АРТЫҚШЫЛЫҒЫМЫЗ – ШАХМАТ

БАСТЫ АРТЫҚШЫЛЫҒЫМЫЗ – ШАХМАТ

Бибінұр ӨТКЕЛБАЙ, Қорқыт ата мектебінің директоры:
− Бибінұр, сіз болашақ инженерсіз. Бұл өз таңдауыңыз ба?
Негізі математика пәнінің мұғалімі болғым келді. Бірақ оған ҰБТ-да жинаған балым жеткіліксіз еді. Университетке таңдау жасағанда  үшінші мамандық ретінде «технологиялық машиналар және жабдықтар» саласын  жаздым. Грант маған осы саладан бұйырыпты. Өзім ойлаған мамандық болмаса да, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың студенті атанғаныма қуандым.
−  Табыс табудағы бірінші баспалдағыңыз қандай?
− Мен кәсіпкерлікке бала кезімнен бейімделдім. 14 жасымда  гобелен тоқып, хоббимді жетілдіре түстім.Туындыма көп адам қызығушылық танытқан соң, 15-20 мың теңгеге сата бастадым. Солай сауда мен кәсіптің  тілін түсінгендей болдым. Бірақ қазір гобелендерді тым арзан бағаға бергеніме өкінемін. Себебі олар менің қайталанбас туындым еді. Анам осыдан бірнеше жыл бұрын кондитерлік тәттілер дүкенін ашты.  Ол кезде 9 сыныпта оқитын едім. Анамның бейнеттеніп жасаған еңбегін көріп, алдыма үлкен мақсат қойдым, тәжірбие жинай бастадым. Сол кезден-ақ жеке кәсібімді қалыптастыруға ерекше көңіл бөлдім.
− Гобеленде бейнелеген сурет өз идеяңыз ба әлде...
Мынадай қызық оқиғаны естіп пе едіңіз?! Ертеде бір шебер суретші «Мен идеяларды ұрлаймын. Өйткені табиғаттан, айналадан алынған дүние шынайы көрініске жатады» дейді екен.Суретті басқа туындыдан көшірсем де, гобеленде түстерді өзімше үйлестіретінмін.
− Қорқыт ата мектебі қалай ашылды?
Бірде маған «сурет салу, шахмат ойнау, гобелен тоқу қолымнан келеді. Неге оны өзгеге үйретпеске?» деген ой келді. Мектеп ашуды Жанар есімді құрбыммен бірге жоспарладық. Алайда ол екі айдан соң тұрмысқа шықты. Сол кезде жауапкершілік толықтай өзімде екенін түсіндім. Кәсібімді ашуға Қорқыт ата университетінің «Бизнес-инкубатор» жобасы үлкен мүмкіндік берді. «Бизнес-Start» инновациялық идеяларды жүзеге асыру орталығының жетекшісі Жандос Оразмаханов бағыт көрсетіп, университеттің екінші ғимаратынан сынып алуға жәрдемдесті. Мектептің құжаттарын жиырмасыншы  шілде күні бітіріп, ашылу салтанатын жасаймыз деп бекіттік. Бұл – дүниежүзілік шахматшылар күні екен. Біз оны білмеген едік. Кейін сәйкестікке таң қалғанбыз. Биыл мектебіміздің құрылғанына екі жыл толады.
− Мектепте қандай бөлімдер бар?
− Қазір үш бағытта жұмыс істейміз. Бірінші бөлім – шахмат клубы. Бастапқыда Алматы, Астанадан келген тренерлерден кеңес алып, оқулықтар базасын қалыптастырдық. Мектепке келген бала тек шахмат ойнауды үйренбейді, есеп шығару арқылы математиканы жетік меңгереді. Сондай-ақ, Білім-инновация лицейіне, Назарбаев зияткерлік мектебіне дайындығы сапалы болады. Біз оған кепілдік береміз. Қазір шахматта 60 бала оқиды. Жуырда Павлодарда өткен Қазақстан чемпионатында шәкірттеріміз үздік ондыққа ілініп, блицтен жоғары нәтиже көрсетті. Өткен жылдың жазында республикалық турнирге үш шәкіртіміз қатысты. Олар да жеңіспен оралды. Бұрын ата-ана өзін қорғай алсын деп баласын жекпе-жек, күреcке беретін. Қазір керісінше ақыл-ой спортына жаздырады. Себебі тығырықта логикамен шешім қабылдаған тиімді. Айына 3-4 қалалық, облыстықшахмат жарысын ұйымдастырамыз.
         Екіншісі – білім бөлімі. Балаларға үй тапсырмасын орындауға көмектесеміз және ағылшын, орыс, қытай тілін үйретеміз. Келушілер әртүрлі мектепте оқитындықтан, олардың үй тапсырмасы да бір-біріне ұқсамайды. Сол үшін алдымен ата-анаға түсіндірме жұмысы жүргізіледі. Мәселен, бала бір сабаққа тегін қатысады, сол уақытта ата-анасы сабақ барысын бақылай алады. Бірінші талап – мектеп балаға ұнау қажет. Осы талап орындалса, екі жақты келісімшарт жасаймыз.
        Үшінші бөлім – Mega Art деп аталады. Бұл бөлім 9 бағытта жұмыс істейтін. Былтыр біз Zhas project жобасында жеңімпаз атанып, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсеттік. №7 мектеп-интернатындағы, «Шағбан»  балабақшасындағы бүлдіршіндер үшін қызмет еттік. Оларға жоба шарты бойынша 6 ай шахматты, сурет салуды үйреттік. Сол аралықта орталықтағы 9 бағытты дамытуға уақыт жетіспеді. Қазір мектепке келушілер құмға, шыныға, суға,  3d форматта сурет салуды, гобелен, тоқыма тоқуды үйренеді. Mega Art-та кәсіби сурет салу міндетті, қалған екі бағытты қатысушы өзі таңдайды. Мысалы құмға немесе суға сурет салуға қызығуы мүмкін.
−  Mega Art-ты таңдауыңыздың себебі неде?
− Ең жақсы инвестиция – балаға берілген білім. Қазір қызыңызды қолөнерге баулысаңыз, ол әдемілікті, түстердің үйлесімін үйренеді, әрі кез келген жұмысқа епті болады. Бойжеткенде сәнгер немесе визажист болып та жеке кәсібін жүргізе алады. Екіншіден, Mega Art мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге қызығушылығын арттырып, психологиясын түзеуге көмектеседі. Менің туыс сіңілім ДЦП диагнозымен ауырады. Бір жылдан бері мен оған көмектесуді армандадым. Сол кезеңде Zhas project-тің грантын иелендік.  Жобадан түсінгенім, алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы қор ашып, орталық жұмысын жүргізуге біздің күшіміз жетеді.
− Оқу ақысы қанша тұрады?
− Тіл үйрену баланың деңгейіне байланысты. Мысалы, тілді әліппеден бастағандар үшін – 6 мың теңге. Шахмат аптасына үш рет, 90 минуттан болады. Құны – 8 мың теңге. Mega Art сабағы аптасына екі рет өтеді, бағасы – 5 мың теңге.  
− Оқушылар қанша жастан бастап қабылданады?
− Көбіне мектепалды даярлық және 1-6 сынып оқушылары келеді. Негізі бес жастан бастап қабылдаймыз.
−  Оқу жүйесін қалай қалыптастырдыңыз?
− Менің мектептегі рөлім 40% ғана. Өйткені мен – ұйымдастырушымын. Ал сабақ жоспарын, уақытын, үй тапсырмасын оқытушы өзі дайындайды. Мектепті қажетті құралмен жабдықтау, келушілер санын көбейту менің жауапкершілігімде. Алайда оқытушының дайындығын міндетті түрде қадағалаймын.
− Баламен жұмыс істеуде қандай қиындықтар кездеседі?
− Әр оқушы – жеке тұлға. Олар әр үйдің еркесі, ішінде зерегімен қатар тентегі де бар. Біздегі оқытушылар баланы жылы сөзбен, демеумен тезге салады.  Сонымен қатар  шахмат та оқушыны сабырлылыққа  үйретеді.
− Мектепке оқытушыларды қалай таңдадыңыз?
− Алғашында мұғалімді мінезіне қарай қабылдайтынмын. Баламен жақсы байланыс орнататындай мінезі жағымды болсын дейтінмін. Кейін білім сапасына жете мән бердім. Сол үшін мектептерден жаңа бағдарламаны білетін тәжірибелі мамандар шақырдым. Орталығымызда табысқа қарағанда нәтиже маңызды болды. Қазір мұғалімдер жоғары деңгейде жұмыс істейді, айлық үшін алаңдамайды. Олармен түскі не кешкі асты бірге тамақтанып, жиі әңгімелесемін. Сосын өзім қандай кітап оқысам, оларға да оқуға кеңес беремін, мәселе туындаса тренингтер өткізіп, психолог шақырамын. Бастысы, ұжымда сенім пен мотивация жоғары болу керек. Қазір мектепте 14 қызметкер бар.
− Ментордан жиі кеңес аласыз ба?
− Иә. Ең бірінші Ахмет Нұрсиланың тренингіне қатысып, бизнестегі баспалдақты үйрендім. Ал былтыр үлкен тоқырауды бастан өткердім. Қыс мезгілі қатты суық болып, мектепке оқушылар келе алмады. Сол кезде қатты қиналдым, кәсібім тоқтап қалғандай сезілді. Іздене келе Қуаныш Шоңбайдың «Екінші болма» кітабына интернет арқылы тапсырыс бердім. Ақшам аз болса да, тәуекел еттім. Кейін Қуаныш ағай қалаға келгенде семинарына қатысып, сұқбаттастым. Сонымен қатар Назира Аймаханова, Жандос Базартай, Жандос Оразмаханов, Баян Егізбаева ментор ретінде көп кеңес берді.
− Демеушіңіз кім?
− Әділбек Пралиев деген «ПРОМ-С групп» компаниясының иесі қаржылай көп көмектесті. Ол кісі кәсібін 2008 жылы бастаған, қазір ең табысты бизнесмен. Сосын Айнұр Әбдіхалыққызы есімді инвесторым бар. Осы кісі маған сенім білдіріп, мектептің еденіне дейін қайта жаңартып берді. Шахмат кабинетін жабдықтауға 500  мың теңге бөлді. Осындай жақсы адамдар жиі қолдау көрсетеді.
− Кітапханаға жиі барасыз ба?
− Кітапты көбіне сатып аламын. Білімнен қаржы аямаймын. Аптасына бір кітап бітіремін, егер қызықты болса бір күнде тауысамын. Әзірге кітапханамда 15 кітап және көптеген электронды нұсқадағы оқулық бар. Көбіне психология, бизнес саласын оқимын. Жақында С.Ковидің «Жасампаз жандардың жеті дағдысы» атты кітабын алдырттым. Кәсіптегі табыстың кілті   кітапта екенін анық түсіндім. 
− Өзіңізді дамыту жолында тағы не істейсіз?
− Ең осал тұсым – ұйқыны жақсы көремін. Кейде соның әсерінен үй шаруасына көмектесе алмай қаламын (күліп). Өзімді дамыту үшін ұйқымен күресіп,  тіл үйреніп, бизнес саласы бойынша ізденіп жүрмін.
− Бәсекелесіңіз көп пе?
− Өте көп. Олардан басым болу үшін шараны жиі ұйымдастырамын. Біздің басты фишкамыз – шахмат. Келушілердің басым көпшілігі шахматты жоғары деңгейде үйрете алатынымызды айтады.
− Смартфон сіздің де «ең жақын досыңыз» ба?
− Сенсеңіз, инстаграм парақшамда небәрі 220 тіркелуші бар. Әлеуметтік желіні мектепті жарнамалауға, ақпарат салуға пайдаланамын. Оқушылардың ата-анасымен өзім хабарласатындықтан ұялы телефонды жиі ұстаймын. Бірақ жеке өміріме қатысты емес. Бәрі де Қорқыт ата мектебі үшін.
− Алдағы жоспар жайлы не айтасыз?
− Біздің басты мақсатымыз – дарынды балаларды табу, оларға қолдау көрсетіп,  республикаға таныту. Биылғы жаз айында 8 оқушыға республикалық жарысқа жолдама беріп, жол шығынын, басқа да қажеттіліктерін төлеп, демеуші боламын. Осы кезге дейін мен қандай тәжірибе жинасам, оқушыларым да сондай мықты болса екен деймін.  Сосын мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық ашу ойымда бар.
− Сұқбатыңызға рахмет!
 
Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИН
---
21 ақпан 2019 ж. 845 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031