» Кел, келінім

Кел, келінім

 
«КТК» телеарнасы «Кел, келінім» реалити-шоуын күн сайын телекөрермендерге ұсынуда. Тіпті бұл бағдарлама күндізгі сағат 12-де  яғни прайм-тайм кезінде ұсынылады.
Қатысушылар бейәдеп сөздерді жиі айтады, тіпті төбелеседі. Меніңше, ешқандай тәртіп сақталмаған. Боқтық сөздерді, төбелесті де көрсетеді. Жастар бұл бағдарламадан қандай тәрбие алады? Батыстың «реалити-шоу» үлгісімен жасалған бағдарламада төрт жігіттің анасы өзіне лайықты келін таңдайды. Ұлына келін атануға лайықпыз деп келген оншақты қыз ананың берген тапсырмасын орындайды, олардың көңілінен шығуға тырысып бағады. Келін таңдауда төрт жігіттің де көзқарасы ескеріледі. Әрине, бағдарламаның бағыт-бағдары көрерменге «шоу» сыйлауға негізделгені көрініп тұр. Бірақ осындай «шоулар» бізге керек пе?
Жеңгемнің үйіне бір шаруамен барғанмын. Осы бағдарламаны көріп отыр екен. "Қызық ештеңесі жоқ қой" деп қолымды телевизор жақты нұсқадым. Бірақ жеңгем өзіне ұнайтынын айтты. "Бағдарламаны тапжылмай көремін деп айта алмаймын. Десе де арасында көріп тұрамын. Ішінде жақсы тұстары жетерлік. Келінді қалай таңдау керегін көрсетеді. Қыздардың өзің-өзі ұстауы көпшілікке ұнамайды. Оларды да түсінуге болады. Бір үйдің мәпелеп өсірген еркесі. Келін атанып босаға аттаған соң қалыпқа түсер"– дейді Айгүл Сейдахметова.
Анамның туысқаны бар. Бұл бағдарлама басталса шай ішсек те, бөлме ішінде әңгімелесіп отырсақ та сөйлетпей қояды. «Бағдарламаның жұртқа ұнамайтын тұстары көп қой» деп пікір білдірсең, «Өмірде де қателікке бой алдырып, аяғын шалыс басатындар да кездеседі емес пе? Отандық өнімді жамандай берсек, не болмақ? Үндінің "келін" сериалын да үш жыл көрдік қой» дейді.
Біріне ұнайды, біріне ұнамайды. Адамның талғамы да, пікірі де әртүрлі.
Айжан АЛМАСҚЫЗЫ, студент:
Бағдарлама маған мүлдем ұнамады. Бір рет көрдім, әрі қарай зауқым соқпады. Іліп аларлық түк жоқ. Жанжалдан басталады. Сөйлесу әбептілігін де білмейді. Бірі сөйлесе, бірі жағаласып кетеді. Сондай-ақ қазақтың қызы қашан жігітті өзі іздеп барып еді? Бұл біздің дәстүрге жат.
Бақыт ҚАЛДАНҚЫЗЫ, қала тұрғыны:
– Бағдарлама, біріншіден, қазақтың салт-дәстүрін бұзуда. Екіншіден, қыздың абыройына нұқсан келтіреді. Тіпті "Абай жолы" кітабының авторы кім деген сұраққа жауап бере алмады. Жақында қыздар төбелесіп қалды. Бұл сорақылық қой.
«Кел, келінім» бағдарламасы жастардың ой-өрісін танып, оларды не қызықтырып, не жирендіретінін, қай бағытта кетіп бара жатқанын білуге мүмкіндік берді. Бірақ жасыратыны жоқ, өкіндіретін тұстары аз емес. Қарасаңыз, бәрі де есейген азаматтар. Әттеген-айы ұлттық тәлім-тәрбие, әдеп пен иба, ұлттық діл, дүниетаным, білім және т.б. құндылықтарға келгенде қара жаяу. Демек, бұл еліміздегі жастар идеологиясында атқарылар шаруа шашетектен екенін аңғартқандай…
Мөлдір САБЫРЖАН
---
21 ақпан 2019 ж. 898 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031