Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру талабы
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғару» атты мақаласы экономика мен саясатқа рухани өң беретін, шырай енгізетін ерекше бағдарламалық құжат.
Аталмыш мақалада болашақта жасалатын жоспарлар айқындалып, нақты жобаларды жүзеге асыруға, ел бірлігін нығайтуға бағыт-бағдар берілді. «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», - деді мемлекет басшысы.
Таяу жылдардағы міндеттер қатарында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстары жайындағы мәселенің көтерілуінің маңызы зор. Латын әліпбиі – жаһандастырудың, әдемдік бәсекеге жеделдетілген озық ақпараттық технологиялар арқылы қосылу дың зор мүмкіндігі.
Бағдарламалық мақалада 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу мәселесі және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екені нақтыланды. Есте болса, мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында да 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап өткен болатын.
Латын әліпбиі қазақ тарихына таңсық емес. Латын әліпбиіне көшу туралы ой-пікірлер 1926-1929 жылдардан бастап бастау алғаны баршамызға тайға таңба басқандай белгілі.Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды.
Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі – бұл елдің рухани-мәдени жетілуінің тарихи кезеңі. Сонымен қатар, болашақ ұрпақ үшін маңызды.
Бастысы «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген секілді біріге жұмылсақ болғаны. Сонымен қатар, латын әліпбиіне көшу барысында ең бастысы қазақ тілінің тазалығын сақтап қалу қажет.
Ысқақова Айжан Мұқтарқызы,
Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісінің бас маман-баспасөз қызметінің маманы