» » Баланың бетін қақпай өсіру қаншалықты дұрыс?

Баланың бетін қақпай өсіру қаншалықты дұрыс?

   Осыдан біршама уақыт бұрын Шымқалада тұратын әжемнің туыс інісі ат терлетіп ауылға келді. Алдын ала ештеңе айтпай, хабарсыз келгеніне қарап жайсыз жайт орын алғандай ішім қылп ете қалып еді. Түйсігім алдамапты. Жағымсыз жаңалық. Көкем ағамызды пойыздан көлікпен күтіп алып, үйге әкелді. Есіктен басы енген бойда көзінің жасы ағыл-тегіл болып, еңкілдеп жылап жіберді. Әжем сүт пісірім уақытқа дейін әлгі ағамызды жұбата алмады. Үйдің іші азан-қазан болды. Біразға дейін «барлығы өзімнен болды» дегеннен өзге жарытып ештеңе айта қоймады. Солығы басылған соң ғана қаршадайынан «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсірген ұлынан ақырет-азар көргенін айтып, болған оқиғадан хабардар етті. Ерғали ағаның жалғыз ұлы бар. Аты – Ғасыржан. Маңдайынан ешкім шертіп көрмеген ол тым дөрекі жігіт болып өскен. Есейген шақта әке-шешесінің айтқанын қылмай, ойына келгенді істейтінді шығарған. Ағайын-туыс келсе, қатар отырып тамақ та ішпейді. Ата-ананы құрметтеу деген ұғым оған таныс емес. Үй ішіне қайыры тимеген. Үйіне көмек қылғаны былай тұрсын, тапқан-таянғанын ішімдікке жұмсауды әдетке айналдырады. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ. Десе де оны тыңдайтын бала әлдеқашан жүгенсіз кеткен. Жоғарғы оқу орнында оқып жүргенде көше бұзақыларымен төбелесіп, оқудан шығып кетеді. Кейін Әлия есімді әп-әдемі аруды жолықтырып, отау тігеді. Осылай жылдар сырғи береді. Әрі-беріден соң ащы суға сылқия тойып алып, әйелін сабауға шығады. Тіпті бір тепкіден баласы түсіп қалған-ды. Осы жағдайдан кейін Әлия да одан теріс айналып, ажырасып кеткен. Балаларын өзімен бірге төркіне алып кетіпті. Хош, бұның барлығы өткен оқиға. Ерғали аға қаланың ортасындағы көп қабатты үйдің бірінде тұратын. Үш бөлмелі кең пәтері бар. Бұрыннан жер үйде тұрғысы келетінін жиі айтушы еді. Өткен жылы үйін саудалап, қаланың шет жағынан жер алды. Қуанып, сол кезде де бір қоңырау шалған. Үйдің іргесін көтеріп те қойыпты. Өздері қасындағы аядай ғана бір бөлмелі сарайда күнелтіп отыр екен. Алайда пәтерді сатқан ақшасын үй тұрғызуға жұмсаймын деген әкенің арманы аяқ-астынан күлі көкке ұшады. Баласы машина алмасам болмайды деп, үйінің ойран-топанын шығарып, ақшаны жан жалмен алып кеткен. 2 млн теңгеге су жаңа жеңіл көлік мініп алып, қыз-қырқынның ізіне түскен. Одан қалса үй көрмей, әбден қаңғыбас болыпты. Жаңадан тұрғызам деген үй де жөніне қала берген. Әке мен шешенің алғысын алмаған бала оңа ма? Біздің ауылға келместен бірер күн бұрын жоғары жылдамдықпен келіп, қымбат джип көлігіне соқса керек. Абырой болғанда, қатты жарақат алмапты. Заң қызметкерлері оның мас күйінде рөлге отырғанын анықтаған. Қазір қамауда. Ата-анасы жиған-терген қаржысын шығын келген көліктің иесіне ұстатқан. Амал нешік? Енді баласы ішіп, көлік айдағаны үшін мемлекетке де айыппұл төлеу қажет. Ағайынды жағалап, көмек сұрап келгені сол екен.
– Ғасыржанды бала күнінде бетін қақпай өсіріп едім. Қазір сонымнан опық жеп отырмын. Ақ дегені ақ, қара дегені қара болды. Ешбір адамға «әй» деп те сөйлеткізбеуші едім. Бүгін сонымнан не таптым? – деп санын ұра берді. Сол кезде ағаның көз алдына қаннен қаперсіз күндері елестегендей болды маған. Әжеміз жақын-жуықтан қомақты қаржы жинап, сәт сапар тілеп, інісін шығарып салды. Тек «өзіңе бекем бол» дегенді ғана айтты. Одан өзге қолынан не келсін?!
Үйге тағы қонақтар келді. Алакеуім уақыт болды. Дастарқанға отырдық.
– Аслан, дастарқанда түзу отырып, тамағыңды іш. Жұрттың мазасын алма!
– Тиіспе! Қырыққа келгенде тапқан жалғыз ұлым ғой, – деді көкем қонақ болып келген тәтеме қабағын шытып...
А.БЕРДІБАЙҰЛЫ
01 ақпан 2019 ж. 751 0

Ұқсас жаңалықтар:

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031