Қызылордалық полицейлердің жастармен кездесуі өтті
Жас буын - ертеңгі ел болашағы. Сондықтан олардың санасын негатив ақпараттардан гөрі қажетті мағлұматтармен сусындатып отырмаса, ластануы әбден мүмкін. Өйткені өскелең ұрпақ оны жадында тез сақтап алып, тіпті өмір сүру дағдысында да пайдалануы ғажап емес. Осы орайда жастарымызға есірткінің зиян екенін түсіндіру маңызды. Осы бағытта Қызылордалық полицейлер жастармен кездесті.
Қызылорда облысының полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасы, Облыстық Білім басқармасының және Облыстық психикалық денсаулық сақтау орталығының қызметкерлерімен бірлесіп, Қызылорда қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушыларымен жүздесті. Онда мамандар жастарға есірткілерді, спирттік ішімдіктерді, темекі өнімдерін пайдаланудың және құқық бұзушылықтар жасаудың салдары туралы ақпараттар айтып, дәрістер оқыды.
Атап айтқанда мұндай іс-шаралар Қызылорда қаласындағы И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық, М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық, Қызылорда қызмет көрсету және сервис, Қазақ гуманитарлық заң және техникалық, Қызылорда инженерлік–техникалық және С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледждерінде өтті.
Есірткілерді, спирттік ішімдіктерді, темекі өнімдерін тұтынудың зияны мен қатерлі зардаптары, есірткі қылмыстарының жауапкершіліктері туралы тақырыптары туралы сөз қозғаған мамандар тақырыпқа сәйкес әлеуметтік бейне роликтер де көрсетті. Сондай-ақ шара соңынан студенттердің сұрақтарына толыққанды жауаптар мен ақыл-кеңестер берілді.
Жансая Жүнісова