ЕКАТЕРИНБУРГКЕ ҚЫДЫРУҒА БАРҒАНЫМЫЗ ЖОҚ
Ресейдің Екатеринбург қаласында бостан әлем біріншілігінің жалауы желбіреді. Төрткүл дүние көз тіккен бәсекеге 88 мемлекеттен 467 былғары қолғап шеберлері қатысуда. Айтулы аламанда жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев та бар. Әлем біріншілігі аясында құраманың капитанымен жедел сұхбат ұйымдастырдық.
– Қамшыбек, алдымен әлем біріншілігіндегі бабыңызды білсек?
– Әлем біріншілігі қарсаңындағы бабым жаман емес секілді. Дайындықты жоғары деңгейде пысықтадық. Жаттығудың екі кезеңін өткіздік. Бірінші кезеңі тауда өтті. Тауда күш жинауға арналған жаттығуларға баса назар аударылды. АІВА базасында жалпы физикалық дайындыққа көңіл бөлдік. Жарыс алдындағы соңғы дайындықты елордамызда жасадық. Жалғыз мен емес барлығының бабы келісті деп ойлаймын. Көңіл-күйіміз де тамаша.
– Команда капитаны ретінде жауапкершіліктің жүгі қандай?
– Команданың капитаны болуы дегеніңіз – өзгелерге үлгі көрсету. Яғни мен өзгелерден оқ бойы озық болып, шаршы алаңда жұдырықтасқан сәтімнен сабақ алуы тиіс.
– Спортшылар үшін климатқа бейімделу үлкен мәселе, бұл жағы қалай?
– Оныңыз рас. Көп жағдайда климат кері әсерін тигізіп жатады. Бірақ Екатеринбург елімізге жақын болған соң қиындық болған жоқ. Барлығымыз қалыптасып үлгердік. Оның үстіне уақыт белдеуінде де айырмашылық жоқ. Сондықтан климат жағы біз үшін қиынға соқпады.
– Жеребеге сәйкес Гадфа Дрисси мен Петар Белберов жұбының жеңімпазымен жұдырықтасуға шығасыз. Жеребе жолдас болды деп ойлайсыз ба?
– Жеребе жолдас болды деп айту қиындау. Өйткені барлығы жүлде алу үшін келген боксшылар. Гадфа мен Петар туралы толыққанды мәлімет білмеймін. Өйткені қос боксшымен да шаршы алаңда жолықпағанмын. Қайсысы келсе де жұдырықтасуға дайынмын.
Өзіңіз бақ сынайтын салмақтағы қарсыластардан есімі беймәлім боксшылар бар ма?
– Менің салмағымда 29 боксшы жүлдеге таласады. Тізімге қарасам, жаңа есімдер көп. Бейтаныс боксшылар көп. Сондықтан барлығына сақ болып, жұдырықтасу керек. Өйткені бұрын-соңды көрмеген боксшылардың тактикасы мен жұдырықтасу тәсілі бізге беймәлім.
– Бәсекедегі негізгі қарсыластарыңызды айта кетсеңіз?
– Бірден айтайын, әлем біріншілігіндегі 29 боксшының барлығын бірдей қабылдаймын. Себебі әлем бәсекесінің жүлдесін кім алғысы келмейді?
– Салыстырмалы түрде қарасақ, Өзбекстан құрамасының боксшылары халықаралық турнирлерден кейін аз уақыт демалып, қайта рингке көтеріліп, ел чемпионатында сынға түсіп жатады. Бізде қалай?
– Әр елдің дайындығы, жоспары, мақсаты бөлек болады. Біздің елде әр маңызды жарыстан соң алған жарақатыңды емдеп, тынығуыңа мүмкіндік береді. Бұл өте дұрыс. Өйткені жарақатыңды толық емдемей, келесі жарысқа шықсаң ескі жараң сыр береді. Кейде жекпе-жекті жалғастыра алмайтындай дәрежеге жетіп, асқындырып алатын жағдайлар да болады. Денсаулығың сыр берсе, саптан ұзақ уақытқа шығып қалуың әбден мүмкін, тіпті қолғабыңды шегеге ілуге де тура келетін жағдайлар кездеседі. Сондықтан алған жарақатыңды толық емдеп алмайынша, жарысқа қатысудың қажеті жоқ деп есептеймін.
– Өзбекстан деп қалдық қой, Азия біріншілігінде өзбек боксшысы Жалоловқа кеткен есе осы бәсекеде қайтатын шығар ?
– Жалоловты Азия біріншілігіне дейін үш рет жеңдім. Ташкентте өткен бәсекеде жеңілгенім үшін кінәні өзімнен іздеймін. Өйткені жарыс Өзбекстанда өтіп, финалда өзбек боксшысымен жұдырықтасқан соң, қарсыласымнан бір, тіпті үш бас жоғары тұруым қажет болатын.
Сондай-ақ жеңімпазды анықтауды төрешілердің шешіміне қалдырмай, нокаутпен жеңуім керек еді. Спорт болған соң жеңіліс те болады. Құдай сәтін салып, жеребеде кезігіп қалсам, жеңудің амалын қарастырамын.

Сондай-ақ жеңімпазды анықтауды төрешілердің шешіміне қалдырмай, нокаутпен жеңуім керек еді. Спорт болған соң жеңіліс те болады. Құдай сәтін салып, жеребеде кезігіп қалсам, жеңудің амалын қарастырамын.
– Еліміздің боксшылары үшін Екатеринбургте қандайда бір кедергі кезікпеді ме?
– Әзірге кедергі кезіккен жоқ. Барлық боксшының ойы шаршы алаң мен әлем біріншілігінде сәтті өнер көрсету болғандықтан Екатеринбургты аралап, шарлап жүрген жоқпыз. Өйткені біз мұнда қыдыруға келгеніміз жоқ.
– Бас бапкер Ғалым Кенжебаевтың айтулы аламан алдындағы боксшыларға берген нұсқауын білсек
– Бәсі биік бәсекеде бас бапкердің ақыл кеңесі біз үшін керек-ақ. Қазір Ғалым ағай барлығымызды психологиялық тұрғыдан жетілдіріп жатыр. Психология – жарыс алдында ең маңызды жаттығу.
– Енді елімізге оралайықшы. Жалпы аса ауыр салмақта ішкі бәсекелестік қандай? Өзіңе қай боксшы лайықты қарсылас деп айта аласың?
– Ішкі бәсекелестік барлық салмақта өте жоғары. Кез келген боксшы халықаралық додаларда еліміздің намысын қорғауға дайын. Ал менің салмағымда павлодарлық Олжас Бұқаев, маңғыстаулық жас боксшы Айболды Дәуренұлы және Нұрболды Сермаханов, сонымен қатар Түркістан облысынан Нұрлан Сапарбай бар. Бұлардың біреуі жас, екіншісін «қалпақпен ұрып алам» деуге болмайды. Ұлттық құрамаға деңгейі төмен боксшылар қабылданбайды ғой. Әрқайсысы лайықты қарсылас бола алады.
– Екі жыл «Астана арландары» сапында жұдырықтасқаныңды білеміз. Бұл мектептің саған қаншалықты көмегі тиді?
– Рио Олимпиадасы болатын жылы сол кездегі бас жаттықтырушымыз Мырзағали Айтжанов мені «арландарға» жіберді. Өйткені ол уақытта әлі де шикілеу едім. Мырзағали ағай «арландарға» бар, піс, шыңдал, тәжірибе жина» деді. Ұлттық құрамада біршама жылдан бері жүрген соң ол кісі менің қандай деңгейде екенімді жақсы біледі. WSB жобасы мен үшін үлкен бір мектеп болды. Өзімді техникалық және физикалық тұрғыда жетілдіруіме үлкен көмегін тигізді.
– Көп жарыстардан байқап жүрсіз қазір әуесқой бокстың құты қашып бара жатқандай көрінеді. Оған түрлі себептер бар екенін өзің де білесің. Кәсіпқой боксқа ауысу ойыңда жоқ па?
– Бірден айтайын, кәсіпқой боксқа ауысуға ниетім де, құлқым да жоқ. Жан-жақтан қоңырау шалып, келісімшарт ұсынғандар көп болды. Барлығына «жоқ» деген нақты жауапты бердім. Менің барлық арман-мақсатым – Олимпиада чемпионы атану.
Сұхбаттасқан:
Ерасыл ШӘРІБЕК