» Шөп ору да бір қызық

Шөп ору да бір қызық

Несібелі Рахмет
Әңгіме
      Ой-хой, таңертеңгі ауаның тазасын-ай! Соның ішінде, әсіресе егістік алқаптың ауасы мүлде бөлек. Күріш тақталарынан ескен дымқыл леп Гүлжанның саф ауадан ашыла түскен тынысын одан сайын кеңейтіп жіберді. Озонға байыған көкірек сарайы шалқып кетті. Көңілінде біртүрлі серпіліс пайда болғандай. Ол мотоцикл жылдамдығын арттырып газды басыңқырап жібергенің байқамай қалды.
         Жолдың екі жағы көкпеңбек. Су бетінен қарыстан биік болып ұзарып толыса бастаған дақылдың жапырақтары жуандап, түсі қоюланған. Оны бұл желмен жарысқан «Восходтың» үстінде отырып келе жатқан жоқ, әрине. Сезіп келеді. Бар жанымен сезіп келеді. Күріштіктің осы мезгілдегі өзіне ғана тән ылғалды лебі сездірді мұны. Көк теңіздей толқыған алқаптың дәл осы кезеңдегі көрінісі сұлу-ақ. Жансарайы ашылып, көңілі көтерілген қыз бағана апасымен бірге тракторға мінбей, сүйікті «Сәйгүлігіне» отырғанына қуанды.
         Күріштің ортасымен рахат күй кешіп, қала мен дала ауасының арасында «адаптациядан» өтіп, алмағайып халде келе жатқан қызды ұзын жол айдап отырып алтыншы бригадаға жеткізді. Осы жердегі үш киіз үйдің біреуі бұлардың туысы – Қалтайдікі. Қалтай әйелі Айша екеуі күріш егеді. Әрқайсысының мойнында 30-40 гектардан егін бар. Жыл сайын күн жылып жерге көк шығысымен ерлі-зайыпты диқандар егіс басына көшіп келеді. Содан қашан қалың күз түсіп, егін-терін жиналып біткенше ен даланы жайлайды. Жыл сайын бұлар да, яғни апасы Гүлжан және інісі Дархан үшеуі осында келеді. Қалтай ағасының үйінде жатып пішен орады. Үйдегі екі сиыр мен төрт-бес қой, ешкіге кемінде мың бау шөп керек. Шөпті уақытында, көкқұрақ кезінде орып алмаса басына қарақұйрық шығып қатайып, дардан қамысқа айналып кетеді.
Түнде апасы қаз-қатар тігілген үш үйдің екпе талдың қасындағы – арғы шеткісі Қалтайдың алты қанаты екенін айтқан. Жылдамдығы азайып тыр-тырлаған мотоцикл сол үйдің көлеңкесіне тоқтады. Көлігінен түсіп, үсті-басын қаққан қыз жан-жағына қарап сәл бөгелді. Үйден ешкім шыға қойған жоқ. «Балалар қайда кеткен, Айша жеңгесі қай екен?» Есік қапсырулы тұр. Қиықша саңылаудан қолын салып ішкі ілгешекті ағытты.
  – Бұл кім? Зәуре, сен бе?
Қалың көрпешенің үстінде, іргеге таяу жатқан кісі басын көтерді.
– Айша жеңеше, мен ғой – Гүлжан.
– А... а... Гүлжан, келіп қалдың ба, кел төрге шық... у... уһ... мына бір белім.
– Не болды, жеңеше, ауырып қалдыңыз ба?
– Кешеден бері белімнен шойырылып, орнымнан тұра алмай жатқаным, балдардың бәрі картоп отауға кетті. Рахия апамдар да жаңа келіп, Қалекеңмен шөптің басына кетті. У... у... уһ... һ...
– Енді ем жасап жатсыз ба? Грелкі, горчишник, бірдеңе қойдыңыз ба?
– Не істейін, не бар дейсің бұл жерде. Бір жатыс менікі.
– Ім... ім... м...  Гүлжан аз-кем ойланып тұрып қалды.
– Банкі бар ма?
– Әй, ненің банкісі, бар еді, бәрі ауылда қалды ғой. Бір қалтасы бар тұғын.
– Ең болмасы кәдімгі үлкен банкілер бар ма?
Айша Гүлжанға таңырқай қарады.
– Сен кәдімгі сүт құятын, варенье құятын банкілерді айтып тұрсың ба?
– Иә, күнделікті пайдаланатын банкілер ше, соның төрт-бесеуі болса жарайды.
– Е... ондай бар. Анау керуеттің жапқышын көтерші, сосын ескі әбдіренің ішінде де қыздардың қияр жабамыз деп жинап жүрген шынылары бар шығар.
– Оһ – хо! Үстіндегі көрпе-көрпешелерді жерге түсіріп әбдірені ашқан Гүлжан қуанып кетті. – Банкі жетеді мұнда!
Ол әбдіренің қақпағын шалқайтып керегеге сүйеді де, банкілердің орташалары мен кішкенелерін шығара бастады.
– Төртеу, бесеу...
Қалғандары үш литрлік үлкен ыдыстар екен. Енді ол еңкейіп төрде тұрған керуеттің астын қарады. Етпеттен жатып қолын созып, ірге жақтан стақанның бойындай екі шишаны алды.
– Болды. Енді спирт, не арақ бар ма?
– Ой-бүй, Гүлжан-ай, осындай жерде арақ тұрушы ма еді. Қайдағы іспірт?.
– І... і... і... түсінікті.
Ол көп ойланып тұрмастан банкілерді сыртқа шығарды. Тазалады. Екі реттен жуылған ыдыстар жарқырап шыға келді. Банкілерді көк шөпке төңкеріп жайған Гүлжан үйге кіріп, керуеттің үстіндегі жолақ матрастың шетін пышақтың ұшымен сөкті. Бір уыс мақта алды. Сосын сыртқа шығарып сиыр қора  жаққа беттеді. Бірақ қораға жетпей-ақ іздеген нәрсесін тапты. Шөп жинайтын бастырманың белдеу ағашына ілінген бір бума  престің сымын көзі шалып қалды. Қисық жерлерін жазып, түп-түзу етіп буып қойыпты. «Қалтай аға ғой мұны істеп жүрген. Пішен байлауға керек болар деген ғой». Ол байламын шешпей-ақ бір сымды суырып алды.
Банкілер әбден кепкеннен кейін әлгі сымның ұшына мақта орады. Сосын босағада тұрған құмырсқа бел  шамның мойнын жұлып алып мақтаны батырды. Керосин таза екен. Иісі мүңк ете қалды.
Бұл кезде Айша ем қабылдауға дайындалып,ыңғайланып жатты.
Гүлжан мақтаға шырпы тигізді. Алаулап жанған отты банкінің ішіне жылдар айналдырып, жон арқадан белге қарай бір-бірлеп қойып шықты. Айшаның ту сырты да кең екен, үлкенді-кішілі жеті банкі сыйды. Бұл жеңгесінің аяқ жағын дұрыстап, үстін жабамын дегенше майонездікінен бастап, 250 грамдық, 500 грамдық, 700 грамдық банкілер тұрған орындарының терісін күмпите бастады.
Күмпигеннің көкесін Гүлжан сонан кейін көрді.
Түндікті түсіріп, самаурынға шай қойып, құмандағы сумен бет-аузын, аяқ-қолын жуып үйге кіргенде керегенің басына ілінген сағат уақыттың болғанын көрсетіп тұр екен.
– Жеңеше, хәліңіз қалай, жағып жатыр ма?
Дыбыс жоқ.
– Айша жеңеше, Айша жеңеше ...е ...е... е.
Үн жоқ.
Гүлжан қорқып кетті. Жүгіріп барып іргеге қарап жатқан Айшаның бетіне үңілді.
– Пых-пых ... х ... х...
– Ой-й! Жүрегі орнына түскен қыз жәймен жамылғыны ашты.
Мәссаған! Банкілердің іші жөңгелектеп кесіп қуырған колбасадай қып-қызыл болып, күмпиіп-күмпиіп тұр. Денесі де, жамылғы да малмандай су.
Бұл пф... пф... дегізіп банкілерді ала бастады. Айшада дыбыс жоқ. Қимыл да жоқ. Үстін қайта жауып жатып байқады. Оның жастығы да, әсірее ауыз тұсы, біраз ылғалданып қалыпты.
Түске таяғанда шөпшілер мен картоп отауға кеткен балалар қауын суарып жүрген осы үйдің үлкен ұлы Ібән келді. Қалекеңнің қыздары мұны сағынып-ақ қалыпты.
– Гүлжан тәте, Гүлжан тәте,- деп көрген бойда бірінен соң бірі келіп белінен құшақтап, мойнына асылды.
Бәрі дастарханға отырып. Дархандар әкелген жұмсақ бөлішкемен, кәмпит, печеньемен шай ішті. Айша орнынан тұрған жоқ. Сол жатқан жерінде басын сәл ғана көтеріп екі-үш кесе шай ұрттады. Сосын қайтадан ұйықтап кетті.
Шайдан соң үлкендер жағы жатып дем алып, қыздар талдың көлеңкесіне алаша төсеп алып, кітап оқуға, ұлдар алты карта ойнауға кірісті. Терін басып, қайтадан аяқ-қолын жуып келген Гүлжан апасының жанына қисайды.
Сағат бестен өте бұлар сыртын киізбен қаптаған канистрге ашытпа көже құйып алып шөпке шықты. Кеш болса да күн күйіп тұр. Ыстық әлі қайтпаған. Үп еткен жел жоқ. Үшеуі атыздың басымен бірінен соңынан бірі бірі жүріп келеді. Егістіктің ішіне дендеп енге сайын ашық жердегідей емес, ауа сәл де болса салқын тартқандай. Бұлар Қалекеңнің алқабынан өтіп, Айшаның күрішіне келді.
– Міне, сен мына жерден бастап түсе бер, - деді апасы үлкен тақтаның басындағы біркелкі болып өскен шөпті нұсқап.
– Біз Дархан екеуміз арғы шетінен орып келе жатырмыз.
Олар алға қарай жүріп кетті. Орағын қолына ұстап, жан-жағына қарап сәл тұрған қыз "қой" деп іске кірісті. Шөпті уыстап алып орақпен тартып қалып еді зың-ң етіп қарақұрым маса ұша жөнелді. Қорғанам дегенше болған жоқ, сол қарақұрым күйінде күйінде қаптап бетіне, қолына қонды. Орақты тастай салып кейін серпілген ол орамалын шешіп бетін тұмшалап, маңдайын жауып үш бұрыштап тартты. Жеңін түсіріп, білезігінен түймеледі. Сосын ораққа батыл кірісті.
Сырп ...сырп ...сырп ... сырп...
Алғашқы бау түсті. Екінші, үшінші... оныншы. Қара терге түсті. Сонда да тоқтаған жоқ. Денесі қызып, жауырыны жазылып, рахаттана бастады.
– Сырп... сырп... сырп... сырп...
Ол қаптаған масаны да елеген жоқ. Белін де суытпады. Мұндайда тоқтамау керек. Бір кідірсен қайта кіріскің келмейді. Және одан жұмыс та өнбейді.
Көк құрақты екі жаққа кезек тастап, бір қалыпты қимылдап келе жатқан қыз қарсы беттің орақшыларымен түйіскенде бір-ақ тоқтады.
– Ой, Гүлжан өзің шөпті сағынып қалыпсың ғой, - деді інісі қуланып.
– Жайпап тастадың.
– Бүгінге болар осы, - деді апасы.
– Күшіне тиіп кетер. Ашытпа ішіп ал.
Бетінің терін жеңімен сүрткен Гүлжан шайқап-шайқап жіберіп сусын ішті. О... о... оһ... рахат-ай! Сап-салқын. Тұла бойы дүр сілкініп, маңдайынан лып етіп тер шықты.
– Арқамның құрыс-тырысы жазылып жақсы болып қалдым, - деді Гүлжан.
– Ақшатауда жүргенде осындай жұмысты аңсаймын. Сабақтан шаршағанда ауылға тартып кетіп шөп орып, отын бұтап, кетпенді құлаштап сермеп арық қазғым келеді. Енді қызып келе жатырмын, апа. Сіз демалыңыз. Дархан екеуміз тағы бір қарқын қимылдайық.
– Мейлі, өздерің біліңдер,- деді апасы көздері жайнап, жүзі балбұл жанып құлшынып тұрған қызының көңілін қимай. Ағайынды екеуі жаңа тақтаның басын біраз ашты. Арт жақтан:
– Қойыңдар енді, қайтайық, күн кешкіріп бара жатыр,-деген дауыс шыққанда барып бір-ақ тоқтады. Шынында да күн едәуір кешкіріп, төңірек қоюлана бастапты. Бағана ғана жап-жасыл болып жайқалып көздің жауын алып тұрған егістік алқап енді қарақошқылданып көрініп, қорқынышты кейіпке еніпті.
Бұлар күріштіктің арасынан ашық жолға шыға келгенде еңістегі үйлердің ошақтарынан созыла көтеріліп жатқан көк түтін көзге шалынды. Жақындай бергенде байқады – үш үйдің жанында да кешкі ас-ауқаттың қамымен қыбыр-жыбыр етіп әйелдер мен бала-шаға жүр. Қалтай ағасының үй жағында адам қарасы тіпті баршылық. Бір кезде Гүлжан қуанып кетті. Айша жеңгесі! Иә, сол! Соның өзі! Белін қалың қылып байлап алыпты. Масахана құрып жатқан қыздарының қасында бірдеңе деп сөйлеп тұр.
– Апа, Айшаны қараңыз, Айша тұрыпты.
–Иә, мен де сол ма деп шырамытып келе жатыр едім, - деді апасы.
– Манағы тер бекер кетпеген екен. Суықтап қалған ғой, байғұс.
Қайтсін енді, бұның да көргені бейнет.
Үшеуінің келе жатқанын байқаған Айша әңгімесін қоя салып бұларға қарай жүрді. Жақындағанда екі қолын алдына қойып, иіліп сәлем берді.
– Мана сіз келгенде тұра алмап едім, апа.
– Көп жаса. Өзің тәуірсің бе, қарағым? - деді апасы ризашылықпен.
– Шүкір жақсымын. Гүлжантай бірден орнымнан тұрғызды ғой мені. Ал тамақ дайын. Сіздерге қарап отырмыз. Әй, Жадыра, Жамал, апаларыңның қолына су құйыңдар. Зәре, сен түндікті үйге кіргіз.
Қыздарына осылайша тапсырма берген Айша белін ұстап қазанға қарай беттеді. Қалекең, Айша, олардың үш ұлы мен төрт қызы, бұлар үшеуі, су айдайтын мотршы бала Құбаш, тракторы бұзылып ауылға қайта алмай қалған механизатор Жеңіс, барлығы ұзыннан жайылған дастарханды қоршай отырып ет жеді. Тамақ өте дәмді болыпты. Қайқайып келген төрт табақ та босап қайтты. Артынан қатық араластырылған сорпа ішілді. Мұндай тәтті ас болмас. Гүлжан ауылдың дәмін әбден сағынып қалыпты. Оның үстіне Айша жеңгесі дайындаған тамақтың жөні бір басқа.
Шайды үй иелері мен біріңғай әйелдер, қыздар жағы отырып ішті. Ұлдар тоғымызды басамыз деп мотор жаққа кетті.
– Төребайдың жағдайы қалай, жұмысында жүр ме? - деді Қалекең төрт-бес кесені қайырғаннан кейін.
– Жақсы. Азаннан кешке дейін пермеде ғой. Жатар орынға біра-ақ келеді. Қазір жұмыстары тіпте көбейді. Мектептің балдарының шөбін қабылдап жатыр, – деді апасы.
– Иә, біздің Ібән да қай күні ғана мойнындағы пішенін өткізіп құтылды. Енді әтістаттарын беретін шығар. Сосын амандық болса, МГМСИ-ға тапсырамын деп отыр.
– Көке, МГМСИ емес, ДГМСИ, - деп сөзге араласты осы жерде қыздардың кенжесі Бақыткүл.
– Әкеңе жағаласпай тыныш отыр, - деді Айша қызын тәртіпке шақырып.
– Енді, көкем дұрыс айтпады ғой... Бұртиып қалған Бақыткүл жанындағы жастықты алып іргеге қарай аунады.
Әңгіме қыза түсті. Кімнің баласы қандай оқуға барады, кімнің баласы ауылда қалады? Бұл жағынан әсіресе Айшаның хабары мол екен. Осы отырғанда оның түк ауруы жоқ сияқты. "Мүмкін құлан таза сауығып кеткен шығар?  Сөйітсе жақсы болып кетер еді. Бірақ ертең банкіні тағы бір рет қою керек. Сонда денегі жел-құз түгел шығады". Осылайша жеңгесінің жағдайын ойлап, ара-арасында әңгімеге құлақ түріп жатқан Гүлжанның көзі ілініп кетіпті. "Төсегіңізге жатыңыз" деп Жамал жауырынынан түрткенде біра-ақ оянды.
Сыртқа шығып флягтан су ішті. Сосын таза ауамен тыныстап, мың сан жұлдызы тынымсыз жымыңдаған аспанға қарап біраз тұрды.
"Ауылдың аспаны да кең бе осы, қалай? – деп ойлады ол. – Үлкен қалаларда аспан да, жұлдыздар да дұрыс көрінбейді. Ал мына жерде – бәрі де ап-айқын, ап-анық".
– Гүлжан тәте, болыңыз, шамды сөндірем. – Бұл– Жамалдың даусы.
– Гүлжан, жат, ұйықта. Ертең ерте тұрамыз. – Бұл– Апасының даусы.
Жағасы бар

---
16 маусым 2020 ж. 693 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031