Менің туған Ордам!
Қазір қызылордалықтардың көбісі осылай мақтанады. Кешегі қызылдардың ордасы болғанын қайтеміз, байырғы Ақмешіт атауына қайта оралайық деп жүргенде жұрттың көбісі, әсіресе жастар жағы жай ғана Орда деп атап кетті. Жақсы көріп, шын жүрегімен, махаббатпен еншілеген атына ешкім ренжімейтіні анық. Ресми болмағанмен бұл елдің құлағына ендігі сіңісті боп келеді.
Алыстан ат терлетіп келгенде басқа аймақтан айрықшалап тұратын ордалықтардың үш мінезі бар. Бірі – қонақжай пейілі. Ақжарма көңілмен ақ дастарқанын жайып бәйек болады. Тіпті арнайы келген адамды шайға шақыра алмаса өз-өзінен қарадай қысылып, тіпті сол адамнан мүлдем хабарсыз қалуы да мүмкін.
Адамдардың барынша қарапайымдылығы түбі ордалық адамды қай қаладан ұшырастырсаңыз да ерекшелеп тұрады. «Сіз қызылордалық емессіз бе?» деп қалай еріксіз айтқаныңызды білмей қаласыз. Жат қалада бұлай жақын тартуға бір себеп, адамдармен тез тіл табысатын қасиеті болса керек, сосын айғайлап сөйлейтін аңғал көңілі анадайдан көзге ұрады. Адамның іші бауырына кіріп, жылы жүзбен, дабырлай, жадырай сөйлесіп, кейін тіпті тонның ішкі бауындай араласуға бейімділігі бағалауға лайық.
Басқа аймақты білмедім, бірақ әсіресе қазір Астанада тұрып жатқан ордалықтардың көбісі түбі туған жерге оралатынына сенімді. Қазір қыж-қыж қайнаған алып мегаполистің қызуы жастық жалынмен біраз басылған соң, ағайын-туғанның ортасында отырғанды қалайды. Бала-шағасының да бір-бірін іздеп, бауырмал болып өскені қызылордалықтар үшін бәрінен маңызды дүние. Осыдан-ақ туған топыраққа тамыры берік байланған жүрек дүрсілі сезіледі. Бұл әрине арқадан қағуға тұратын бек жақсы қасиет.
Ойды ой қуалайды. Кеше таңертең жұмысқа келе жатып, автобуста бір ән тыңдадым. Қазіргі махаббат туралы хит әндердің бірі, сұрастырсам, әннің авторы ордалық Жарасхан Төлебай екен. 20 маршрутта Тәуелсіздік даңғылымен дария бойлай келе жатқанымыз әсер етті ме, ән мәтініндегі «Бес күндегі саған ғашық адаммын, Алты құрлық өзгерсе де адалмын. Жеті айналсам жер бетінен таппайтын, Сегізінші кереметі ғаламның» деген жолдар нағыз біздің туған топырағымыз, сүйікті қаламыз – Қызылордамызға деген махаббатымызды әнге айналдырып тұрғандай сезілді.
Жыл басынан айтылып келе жатқан Қызылорданың 200 жылдығы алтын күздің жапырақтары қызылды-сары реңкке боялған қыркүйектің кемпіршуағында төменгі нотадан жоғары нотаға қарай ауысып келеді. Тарихтан сыр тартып, кейінгі ұрпақты өлкетануға баулу бағытында дақпырттан гөрі ойлы, рухани дүниеге ден қойған 200 жылдықтың тәлім-тағылымы ұшан-теңіз. Осы аптаның жексенбісінде қала орталығындағы алаңда жұлдыздар жауған кеш болғалы тұр. Концертті үйде де тамашалауға болады, бірақ көшеде дос-жаран, тамыр-танысты көріп, арқа-жарқа болған көңілге не жетер дейсіз. Қызылордаша демалайық. Концертте кездесейік!
Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ