Баян-Өлгейдегі сел. 275 үй су астында қалды
Бұған дейін хабарлағанымыздай Баян-Өлгей аймағында сел түсіп, қырықтан астам үй су астында қалған болатын. Соңғы ақпаратқа сәйкес су басқан үйлердің саны артқан.
Аймақтық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша қаланың 5 ауданына қарасты 275 отбасы су астында қалған.
«Сел түскен аумақта орналасқан 2, 3, 4, 11, 12, 13-аудандардың тұрғындарының қаша-қорасы, құдығы, баспанасы су астында қалған. Сел зардаптарын жоюға Аймақтық ТЖД, Қарулы күштердің №340 бөлімі, Байланыс орны қызметкерлерінен құралған 124 адам және 24 техника жұмылдырылды» - делінген хабарламада.
Қазіргі жағдайда 163 адамды қауіпсіз жерге көшіріп, 95 адамды Өлгей қалалық №6 орта мектептің жатақханасына орналастырған. Адам шығыны жоқ, алайда селдің салдарынан материалдық шығынға батқан тұрғындар бар.
«Қазіргі жағдайда су тасқынының беті қайтты. Кешегіден кейін сел түскен жоқ. Кешеден бері аймақ әкімі Ғылымқан Әлиұлы, орынбасарлар сел түскен аумақта жұмыс істеп жатыр. Қазір күн шықты, жаңбыр басылған. Енді тоқтау суларды сорғызу жұмыстары жүріп жатыр» - дейді Аймақтық азаматтар өкілдер құрылтайының төрағасы Бауыржан Дәлелұлы.