» » АУСТРАЛИЯ: ӨРТ ӨРШІП ТҰР

АУСТРАЛИЯ: ӨРТ ӨРШІП ТҰР

   Әлемде адамзатты алаң қылған ақпарат көп. Соңғы уақытта Аустралиядағы өрт жер жаһанның назарын өзіне аударып тұр. Тұтқиылдан келген тілсіз жау қыркүйекте басталса да, әлі күнге жалыны басыла қойған жоқ. Қазір ауқымды өрттен миллиардтан астам жануар қырылды деп хабарлайды АВС News.
Экологиялық аймақта тұрған соң, табиғаттың жай-күйі жергілікті халыққа етене жақын. Сондықтан картадан ғана таныс, оңтүстік жарты шарда орналасқан құрлықтағы өрт біздің оқырманды да алаңдатпай қоймас деген оймен осы тақырыпты қозғауды жөн көрдік.
  Соңғы деректер бойынша Аустралиядағы орман өрті 6,3 миллионнан астам гектар аумақты қамтыған, ал ауа температурасының жоғарылауы 41,9 градусқа жеткен. Аустралия ұлттық метеорологиялық қызметінің мәліметі бойынша мұндай ыстық соңғы рет 110 жыл бұрын тіркелген екен. Мамандар орман өртіне ауа құрғақтығы мен ми қайнатар ыстықтың себеп болғанын айтады. Мектеп қабырғасында оқыған география пәнінен Аустралия десе көз алдымызға эвкалипт ағашы, кенгуру мен коала елестейтіні рас. Қызыл жалынның тағы бір себепшісі жапырағында эфир майы болатын осы эвкалипт ағашы екен. Себебі
ағашқа шоқ түссе, бірер секундтың ішінде түгі қалмай жанып кетеді. Ал Оңтүстік Австралия ветеринарлық бөлімшесінің басшысы Стивен Селвудтың айтуынша, аралда өртке дейін шамамен 46 000 коала болса, өрт кезінде соның 37 000-ы жанып кеткен. Ең өкініштісі де осы,  Аустралиядан басқа жерде тіршілік етпейтін жануарлардың қырылуы, өзге аумақта өспейтін фаунаның жойылуы жақсылықтың нышаны емес.
  Тілсіз жау жер шарындағы жалпы климатқа әсерін тигізетіні анық. Өйткені орман өртенгенде таралған көмірқышқыл газы экожүйенің ластануына айтарлықтай ықпал етеді. Мәселен, мемлекет астанасы Канберрада ауа ластануының индексі шекті нормадан асып, түтін Жаңа Зеландияға жеткен. Мұндай жағдай кез келген мемлекетте қайталануы ықтимал. Мәселен былтыр елімізде 500-ге жуық орман өрті орын алған. Аустралиядағыдай алапат өрт болмаса да, табиғи апат кезіндегі шығын 221,2 млн теңгені құраған.
  Апаттың айтып келмейтіні анық. Бірақ табиғаттағы ауыр оқиғаның орын алуына адам баласының келтірер зияны да орасан. Өйткені аустралиялық саясаткерлер апатқа қаусап қалған ағаштарды өртеуге қарсы болған экология белсенділерін де кінәлайды. Біздегі эколог мамандар мұндай жағдайда адамның қолынан келер шара жаппай ағаш егу екенін айтады. Осылай ғана шамамен он жыл ішінде сол жерде қалыптасқан биоалуантүрлілікті қайтаруға болады екен. Осы орайда Аустралияда өршіген өртке қарап әрбір адамның табиғатқа, экологияға деген көзқарасын өзгерту керегі айқындала түседі. Әйтпесе табиғи ресурстарға немқұрайлы қарау, жаһандық жылынуға деген бейғам көзқарас экожүйені құрдымға жібереді.  
 Гүлдана ЖҰМАДИН
24 қаңтар 2020 ж. 877 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031