Елшілік бізге дер кезінде көмектесті
Айдана ӘБЕН, Лодзь университетінің студенті:
Әлемдік пандемия өршіген тұста шетелде білім алып жүрген жерлестеріміз елге орала бастады. Коронавирустың таралуына байланысты оқу орындары онлайн форматқа көшкен сәтте Польшадағы студенттер Қазақстанға қайтуды жөн санаған. Соның бірі – Айдана Жанболатқызы. Варшава − Қарағанды рейсімен елге аман-есен табаны тиген студентпен осы аптада желі арқылы тілдестік.
Қаладағы «Мұрагер» мектебін үздік тәмамдаған Айдана Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың экономика факультетіне оқуға түскен. Білім алу барысында шет мемлекетте тәжірибе алмасуды көздеген ол академиялық ұтқырлық бағдарламасымен қаржы мамандығы бойынша Польшаға алғаш барған студент екен.
− Негізі оқушы кезімнен-ақ ағылшын тілін үйренуге бейім болдым, тіпті аудармашы мамандығына оқуға түсу басты арманым еді. Алайда ата-анамның қалауымен қаржы мамандығының көптілділік тобына тапсырдым. Екінші курстан кейін жаз мезгілінде тәжірибе алмасуға банк орталығына бардық, мамандыққа деген қызығушылығым сол кезде ғана ояна бастады. Банкте қаржы саласына қатысты терминдермен, ресми құжаттармен танысып, өз ісімнің нағыз маманы болуға деген құлшынысым арта түсті, − дейді Айдана.
Еуропаны көрсем деген тілегі орындалған кейіпкеріміз Лодзь қаласының қай саласында болмасын белгілі бір шектеудің жоқ екенін айтады. Студенттерге оқумен қатар жұмыс істеуге де жағдай жасалғанын тілге тиек еткен Айдана қаланың басқа да ерекшеліктеріне тоқталып өтті.
− Қалада көліктер жаяу жүргіншілер жолынан екі метр қашықта тоқтап, асықпай күтіп тұра беретініне таң қалдық. Тіпті көліктердің жай жүргені соншалық қала ішінде артық дыбыс, шу естілмейді. Сондай-ақ жергілікті халықтың басқа тілді түсініп тұрып, өз тілінде жауап беретіні ерекше ұнады. Әрі мұнда тек ағылшын тілін білу жеткіліксіз, себебі алдымен сол жақтың ана тілін білуді талап етеді. Әдетте мәдениеттілік Еуропадан бастау алады дегенді жиі естиміз ғой, алайда мұндағы тұрғындар тазалыққа аса мән бермейтін болып шықты. Жол қауіпсіздік ережелері қатаң сақталғандықтан болар, көшеден бейнебақылау жүйелерін көре алмадық. Сол себепті көшенің кей тұсындағы тазалыққа ешкім назар салмайды, − дейді 21 жастағы бойжеткен.
Алдағы уақытта халықаралық банкте жұмыс істеуді жоспарлап жүрген талапты студент әңгіме барысында Қазақстанның Польшадағы елшілігіне алғыс айтуды да ұмытпады.
− Коронавирус Польша аумағына да таралған уақытта елге қайтамыз деп шештік, бірақ ұшақта вирус жұқтыру қаупі жоғары болған соң ата-анамыз Лодзьда бола бергенімізді қалады. Алайда Польшада қауіпті дертті жұқтырғандар саны мыңнан асқан сәтте мұнда қалудың да еш қажеттігі жоқ екенін түсіндік. Тіпті жатақханада студенттер де ауырып, бірте-бірте барлық мекеме карантинге жабылып жатты. Осыдан соң ата-анамызбен ақылдасып, елшілікке хат жаздық. Олар бізге дер кезінде көмектесіп, 207 қазақстандық студент пен қызметкерге арнайы ұшақ жіберіп, бізді елге қайтарды. Қазір туған жерімізде, жақындарымыздың жанында қашықтан, онлайн түрде білім алып жүрміз, − дейді Айдана.
Гүлдана ЖҰМАДИН