100 мың отбасыға 50 мың теңгеден беріледі
Елбасы партияға «Birgemiz» қорымен бірлесіп, бүкіл ел бойынша тағы 100 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасыға 50 мың теңге көлемінде қосымша төлемдер ұйымдастыруды тапсырды.
«Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Бауыржан Байбекті қабылдады, – деп жазады elbasy.kz.
Кездесуде жуырда өткен праймериздің нәтижелері талқыланды.
Партия Төрағасы бірінші орынбасарының ақпаратына сәйкес, партия мүшелерінің 84,2 пайызы дауыс беруге қатысты. Оның 88 пайызы онлайн режимінде дауыс берді. Тіркелген 10073 кандидаттың 36 пайыздан астамы әйелдер, ал 29 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар. Ішкі партиялық іріктеу нәтижесінде 20 мыңнан астам ұсыныс жиналды. Оның ішінде тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, инфрақұрылым мен көлік, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына қатысты ұсыныстар бар.
Нұрсұлтан Назарбаев праймериз сабақтастықты сақтай отырып, партия қатарын жаңартуға мүмкіндік берген нағыз әлеуметтік лифтке айналғанын атап өтті.
– Бұл біраз адам қатысқан партияның ауқымды іс-шарасына айналды. Біз оны алғаш рет өткізіп отырмыз. Партия назар аударуға тиіс көптеген ұсыныс пен мәселе көтерілді. «Nur Otan» – нақты істер партиясы. Біз қабылдаған бағдарламалар міндетті түрде орындалуы керек, – деді Елбасы.
Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті партияның сайлауалды бағдарламасының жобасына жеке тоқталды.
– Саяси кеңестің Бюросында республикалық сайлауалды бағдарламаның жобасын талқылаған едік. Қазіргі күрделі ахуал ескеріле отырып, бағдарламада біздің мақсаттар бен ауқымды міндеттер бекітілді. Бұл жұмысқа партияның барлық мүшелері жұмылдырылады. Себебі, мұның бәрі халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталып отыр. Біздің сайлау алдындағы уәделеріміздің бәрін орындау үшін жан-жақты қамдану керек, – деді партия Төрағасы.
Кездесу барысында Елбасы партияға «Birgemiz» қорымен бірлесіп, бүкіл ел бойынша тағы 100 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасыға 50 мың теңге көлемінде қосымша төлемдер ұйымдастыруды тапсырды.
– Партияның орталық аппараты мен біздің актив ауқымды жұмыс істеді. Мен оларға қажырлы еңбегі үшін алғысымды білдіремін. Алда әлі атқаратын шаруа көп. Ел игілігіне бағытталған жұмысты жалғастыруымыз керек, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.