100 мың отбасыға 50 мың теңгеден беріледі
Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады, деп хабарлады Elbasy.kz сайты.
Кездесу кезінде праймериздің қорытындысы талқыланды. Ресми мәліметке сәйкес, 10 073 үміткердің 36 проценті – әйелдер, ал 29 проценті – 35 жасқа дейінгі жастар. Праймериз кезінде 20 мыңнан астам ұсыныс жиналды. Соның ішінде тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым мен көлік, білім мен денсаулық мәселелері бар.
Партия төрағасы праймериздің нағыз әлеуметтік лифт болғанын жеткізді. Соның арқасында партияның құрамы жаңарды, белсенді азаматтар анықталды.
«Бұл партияның кең ауқымды шарасы болды. Оған көп адам қатысты. Бұны алғаш рет өткізіп отырмыз. Праймериз кезінде біраз мәселе мен ұсыныс айтылды. Оған мән беруіміз керек. Себебі Nur Otan – нақты істердің партиясы. Біз бәрін орындауымыз қажет», – деді Назарбаев.
Сондай-ақ, ол партия сайлауалды бағдарламаның жобасында көрсетілген міндеттерді орындауы тиіс екенін жеткізді. Осы құжат саяси бюроның отырысында талқыланған болатын.
Кездесуде Елбасы партия мен «Birgemiz» қорына әлеуметтік жағынан осал топқа кіретін 100 мың отбасыға 50 мың теңгеден қосымша көмек беру мәселесін пысықтауды тапсырды.
«Партияның орталық аппараты және біздің активіміз біраз шаруа атқарды. Сол үшін барлығына алғыс айтамын. Алда әлі нақты істер көп. Осы жұмысты ел игілігі үшін жалғастыра берген жөн», – деп түйіндеді Назарбаев.