» » ШИКІЗАТҚА ТӘУЕЛДІЛІКТЕН АРЫЛУ КЕРЕК

ШИКІЗАТҚА ТӘУЕЛДІЛІКТЕН АРЫЛУ КЕРЕК

Дәурен Жолдыбек – «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Ұлыбританиядағы Norwich Business School магистрі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік Қоғамы және Ұлттық банкте қызмет еткен, қаржыгер сарапшы:
ШИКІЗАТҚА ТӘУЕЛДІЛІКТЕН АРЫЛУ КЕРЕК
Елде жарияланған төтенше жағдай салдарынан ел экономикасы да, халықтың әлеуметік жағдайы да төмендеді. Ал статистика көрсеткіші ел экономикасында өсім байқалатынына сендіруде. Мұның қаншалықты рас екенін, алдағы уақытта экономикамызда қандай өзгерістер болатыны жайында белгілі экономист Дәурен Жолдыбекпен әңгімелескен едік.
– Еліміздегі жас отбасыларға, ата-аналарға қаржылық сауаттылығын арттыру үшін қандай пайдалы кеңес берер едіңіз?
– Әр отбасы өз қаржысын үнемдеу үшін ең бастысы сауатты болу керек. Неге десеңіз, қазір қаржы алаяқтарының түрі көбейді. Олардың құйтұрқы әрекетіне төтеп беруде сауатты болудың маңызы жоғары. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан аумағында белең алған «Индиго-24» деген қаржы компаниясы 1 млн берсең, 5 айдан соң 2 млн аласың деп халықты тақырға отырғызған. Осы тұста әр адам ескеруі керек нәрсе, еліміздегі қай қаржы ұйымы болса да, 50 пайыздан жоғары өсім бере алмайды. Беремін десе де сенбеу қажет. Өйткені еліміздегі екінші деңгейлі банктердің тұтынушылық несиеге үстемақысы 30 пайыз. Яғни біздің банктер осы үстемақымен күн көруде. Нарықтық қатынасты ел болғандықтан біздегі барлық тұрғындардың қаржылық сауаттылығы қалыпты деңгейде болу керек. Біздің халық көбінесе қаржылық сауаттылықтың аздығынан несие рәсімдеу кезінде, басқа да қаржылық шарттар жасағанда олқылықтар жібереді. Сондықтан барлық ата-ана үйінде балаларына ақшаның қадірін, ысырапсыздыққа жол бермеуді, оны тиімді жұмсауды толықтай айтып отыру керек. Егер қаржылық сауаттылығы жоғары болса, ел тұрғындарының басында проблемалық несие мәселесі деген болмас еді.
– Теңгенің құнсыздануы мұнай бағасына тәуелді. Бұдан бөлек, теңгенің әлсіреуіне әсер ететін қандай факторлар бар?
– Мұнай бағасының көтеріліп түсуі әлемдік экономикаға қатты әсер етпейді. Тек ғана мұнайы тапшы елдерге әсер етеді. Мысалы, мұнай бағасы түссе, мұнайды импорттайтын Еуропа, Қытай, Үндістан бұдан тек пайда көреді. Ал мұнайды шығарушы Қазақстан, Ресей, Таяу Шығыс елдерінің экономикасы, валютасы құнсызданады. Яғни бұл елдердің экономикасының шикізатқа тәуелді деген сөз. Сондықтан мұнай бағасы түссе, теңгенің құнсыздануы заңдылық. Мұнайға деген тәуелділіктен арылмайынша, теңгенің құнын арттыра алмаймыз.
– Ұлттық банктің теңгені еркін айналымға жібермеуінің себебі неде?
– Себебі, Н.Назарбаевтың өзі: «Еркін айналымға жіберуіміз керек, себебі теңгемізді ұстап тұру үшін 28 миллиард доллар жұмсалды» деген болатын. Ал 28 миллиард доллар аз қаражат емес. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, «ЭКСПО-2017» көрмесінің өзіне 3,5 миллиард доллар жұмсалған. Ал сол көрмені өткізу үшін біз әлеуметтік бағыттағы қаншама шығындарды тежедік. Сондағы қаржы – 3,5 миллиард доллар. Ал теңгемізді 1-2 жылдың көлемінде ұстап тұру үшін кеткен қаражат – 28 миллиард доллар. Ол ақшаға қаншама әлеуметтік жобаларды шешуге болатын еді.
– Қазіргідей тұрақсыз уақытта ақшаны қай валютада сақтаған жөн?
– Ақшаны төрт валютада сақтаған абзал. Атап айтар болсақ, АҚШ доллары, евро, теңге, юань. Неге бір ғана валюта емес деген сұрақ туындайды. Себебі, барлық валютаның бірден құлдырауы мүмкін емес. Бір валюта екінші бір валютаға құнсыздануы мүмкін. Мысалы, теңгенің АҚШ долларына деген сияқты. Сол кезде сіздің теңге әлсіреген жағдайда, өзге валютадағы қаржыңыз арқылы оның орнын толықтыра аласыз. Ал кәсіпкер болсаңыз, қай елдің тауарымен жұмыс жасасаңыз, сол елдің валютасында сақтаған абзал. Қазір халықтың банкте ақша жинауға деген ықыласы артқан. Мәселен ҚР банктерінде халықтың жинаған 10.400.000.000.000 теңге ақшасы депозитте жатыр. Қысқасы 10,4 триллион теңге. Сол ақшаның: Халық банкте – 33.4%, Каспий банкте – 18.1%, Жилстройда – 9%, Сбербанкте - 8.4%, Банк Центр Кредитте - 5.9. Елдегі үздік 5 банк осылар. Қалғаны өзге банктерде жатыр.
– Жалпы пандемияның әсерінен ел экономикасы біршама әлсіреді. Бұл олқылықты қалпына келтіруде неден бастаған жөн?
– Ішкі нарықты өзіміз толтырып, мемлекеттендіру процестерін жүргізу керек. Мұны мұнай қоры орындарынан бастаған дұрыс. Себебі мұнай бюджетке түсетін пайданың басым бөлігін құрайды. Біздегі мұнай саласында инвесторлар неге көп? Себебі мұнайдан түскен пайданың 90 пайызы солардың қалтасында кетеді. Тек 10 пайызы ғана бюджетке түседі. Бұл өте тиімсіз. Егер біз мұнай қорларының кем дегенде 50 пайызын мемлекеттендіретін болсақ, бюджетке келетін табыс көбейер еді. Бірақ бұл жұмысты жолға қою үшін үкіметке бір неше бастама көтерген абзал.
– Жуырда Әлеуметтік қорғау министрі ең төменгі жалақы мөлшерінің артпайтының, ал күнкөріс минимумы 32 668 теңгені құрайтынын мәлімдеді. Бұл дегеніміз 32668 теңгеге 1 ай өмір сүруге болады деген сөз. Бұл көрсеткіш қайдан алынған? Дамушы елдермен салыстырып айта аласыз ба?
– Еліміздегі ең төменгі жалақы 42500 теңге болса, минималды күнкөріс деңгейі 32668 теңге. Енді осы қаржыны 55/45 пайыз көлемінде 2-ге бөлеміз. Себебі дәл осы ақшаның 55% (17968тг) тамаққа кетеді. Ал 45% (14700тг) коммуналдық төлемге, киім-кешек, жолпұл, мәдени орындарды аралауға жұмсау керек. Сонда 1 адамға 1 айға деп бағана министр айтқандай, 43 затты грамдап алуға болады. Дәл осыны минималды тұтыну себеті деп атайды. Бұл қаражатқа күн көру мүмкін емес. Сондықтан үкімет әлеуметтік көмек беруді жолға қойған. Әлеуметтік көмек барлық елдің тәжірибесінде бар нәрсе. Егер әлеуметтік көмектің көлемі тым көп болып кетсе, онда ол халықты масылдыққа итермелейді. Мәселен, батыс елдерінде әлеуметтік көмек көлемі өте жоғары. Ондайда жұмыс істеп тағы біраз ақша тапқанша, істемей-ақ осы ақшаға өмір сүре берейін деген ой қалыптасады. Қазақстанды бұл дәрежемен салыстыру әлі ерте. Қоғам әлеуметтік көмекке зәру. Мемлекеттен көмек алатын адамдардың тізімі ең төменгі күнкөріс шегі бойынша есептелетіні отырғаны белгілі. Бірақ төменгі күнкөріс деңгейі қазіргі таңдағы өмір сүру дәрежемізге сәйкес емес. Бұл жәрдемақымен әлеуметтік проблема шешілмейді. Неге? Себебі әлі де болсын төменгі күнкөріс деңгейі нақты есептелмей жатыр. Мұның екінші жағы бар. Күнкөріс деңгейі өскен сайын айлық есептік көрсеткіш те өзгереді. Сол арқылы салық есептелетіндіктен, оны да ұлғайтады. Ертең ол тағы халықтың мойнына жүк болып түседі. Сондықтан бұл бірден шешіле салатын мәселе емес. Таяқтың екі ұшы барын ескерген жөн.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұқбаттасқан: Айгүл ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ
31 қазан 2020 ж. 362 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031