АДАМ ЖАНЫНА АРАША БОЛА АЛАСЫЗ БА?
Қоршаған ортамызда, яғни аялдамада, дүкенде, көшеде және т.б. жерлерде өзін жайсыз сезінген, жүрегі қысылған, басы айналып құлаған, мұрнынан қан кеткен, аузынан көбік ағып жатқан адамды көрсеңіз, алғашқы медициналық көмек көрсете аласыз ба? Ал облыс аумағында болып жатқан әртүрлі іс-шараларға атсалысып, қатысып жүрген еріктілер ше? Адам үсігенде, судан шығарғанда, жарақат алғанда бірінші болып көмек бере ала ма? Қысылтаяң шақта адам өмірін құтқара ала ма? Себебі, алғашқы медициналық көмек берудің басты қағидасы – алғашқы секундтарда дұрыс әрекет ету арқылы дәрігерлер келгенше адамның өмірін сақтап қалу.
Еріктілерге алғашқы медициналық көмек көрсетудің негізгі қағидаларын түсіндіру, медицинаның алғы шарттарын ұғындыру, ептілікке, жылдамдыққа, мейірімділікке, ұжымшылдыққа баулу мақсатында ағымдағы жылдың қараша айының 4-і күні «Болашақ» жоғары медицина колледжі және «Қазақстан еріктілерінің лигасы» жастар ұйымы қала еріктілері арасында «DENSAULYQ LIFE» алғашқы медициналық көмек көрсету сайысын өткізді.
Сайыс 4 кезеңнен тұрды. Бірінші кезең «Медицинаның алғы шарттары» деп аталды. Бұл сайыста әр қатысушыға қол жуу, медициналық қолғап киіп-шешу, маска киіп-шешу ережесін көрсету тапсырмасы беріліп, команда басшысына COVID-19 туралы сұрақ қойылды. Сайыстың «Сенің әрекетің» атты екінші кезеңінде командаға ситуациялық сұрақтар беріліп, қатысушылар үстел үстіне қойылған медициналық құралдарды пайдалана отырып, мысалмен жауап берді. «Кім жылдам?» деп аталатын үшінші кезеңде жасырылған медициналық белгілері бар стикерлерді жылдам жинау шарты қойылды. Көп стикер жинаған команда көп ұпайға да ие болды. «Өмір – қымбат» деп аталған соңғы кезеңде қатысушылар симмуляциялық орталықта өкпе-жүрек реанимациясын көрсетті.
«Болашақ» жоғары медицина колледжінің психологы А.О.Көпжасар еріктілердің ұйымдастырушылық қабілетін, дарынын, мінез қырын анықтауға арналған психологиялық тест жүргізді.
Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені «Медишл», І орынды «Зиялылар», ІІ орынды «Антисептик», ІІІ орынды «Антивирус» командалары алды. Сондай-ақ, сайыс барысында өзін жан-жақты көрсете білген жастарға «Жылдам ерікті», «Ақылды ерікті», «Білімді ерікті», «Епті ерікті» номинациялары берілді.
Өзін құрметтейтін әрбір адам баласы өмір сүруге қажет қаржылық, діни, медициналық, құқықтық сауаттылығын арттырып отыру керек. Медицинаның алғы шарттар мен алғашқы медициналық көмек көрсетудің негіздерін үйреткен бүгінгі сайыстан жастардың алары көп болды деп ойлаймын.
Аида СМАИЛОВА