» » ҚОЛ АЛЫСПАЙТЫН САЙЛАУ

ҚОЛ АЛЫСПАЙТЫН САЙЛАУ

  2021 жылы 20 наурызда Мәжіліс депутаттарының өкілеттігі аяқталады. Осыған орай ел билігі Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлауды 10 қаңтарда өткізуді жоспарлады. Биылғы саяси науқанда біршама өзгеріс болғалы тұр. Мәселен, Үкімет екі сайлауды бірге өткізу арқылы 10 миллиард теңге үнемдейді. Үнемдегеннің өзінде қос сайлауға кететін шығын көлемі 10,8 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 28 млн 988 мың теңге сайлау жәшігін жасауға жұмсалады. Тағы бір айтатын өзгешелік, жергілікті мәслихат депутаттарын да партиялық тізіммен сайлап, Мәжілістің бір бөлігін жастар мен әйелдер құрауы тиіс деп бекітілген. Ал бұл заңдылық біздің өңірде қаншалықты орындалғанына тоқталсақ.
Бүгінде облыстық мәслихатқа праймеризге қатысушылар арасынан рейтингісі жоғары 53 кандидаттан тұратын партиялық тізім дайындалды. Ондағы әйелдердің үлесі – 3 есе артса, 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 15 пайызға жетіп, үміткерлердің орташа жасы – 8 жасқа төмендеген. Ал қызметтегі депутаттардың 12-сі ғана жаңа тізімге енгізілген. Бұл жаңа сайлау науқанында енгізілген оң өзгерістер десе болады. Елде алғаш рет өткізілген праймеризде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева, СПК "Байқоңыр" АҚ-ның тәуелсіз директоры Ғалым Әміреев, "ҚазПошта" АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Аида Әбибуллаева көп дауыс жинап, үздік үштікке тұрақтады. Сайлау заңдылығына сай бұл үміткерлер депутаттық мандатты оңай еншілей алады. Бұдан бөлек, депутаттық мандатқа кімдер үміткер болады?
Ережеге сәйкес, мәжіліс депутаттығына соңғы 10 жыл бойы ел аумағында тұрып жатқан, 25 жасқа толған және сайлау құқығына ие ҚР азаматы кандидат бола алады. Олардың тізімін саяси партия өзі ұсынады.
– Жоспарға сәйкес Парламент Мәжілісіне кандидаттарды ұсыну кезеңі ағымдағы жылғы 10 қарашадан 30 қарашаға дейін жүргізіледі. Мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну 10 қарашадан басталып, 4 желтоқсанда аяқталады. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутатын сайлаудың қорытындысын сайлау өткізілген күннен бастап жеті күн мерзімінен, яғни 2021 жылғы 17 қаңтардан кешіктірмей, ҚР Орталық сайлау комиссиясы анықтайды. Ал мәслихат депутаттарын сайлау қорытындысын сайлау өткізілген күннен бастап бес күннен кешіктірмей, яғни 2021 жылғы 15 қаңтардан аумақтық сайлау комиссиялары анықтайды, – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев.
Биылғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі, депутаттық мандатқа үміткерлер тізімін партия енгізеді. Саяси науқанға Әділет министрлігінде 6 саяси партия тіркелген. Бірлескен сайлауда облыс, қалалар мен аудандарда дауыс беретін азаматтарға үш бюллетень беріледі. Бірі – Мәжіліс, екіншісі – облыстық мәслихат, үшінші бюллетень қалалық немесе аудандық мәслихат депутатын таңдауға арналған. Осылайша үш бюллетень бөлек саналып, нәтижесі де бөлек шығарылады.
Қызылорда облысы бойынша, облыс, қала және аудан мәслихатына сайланатын депутаттар саны – 152. Атап айтар болсақ, облыстық мәслихат депутаттығына – 33 мандат, Қызылорда қаласы – 22 мандат, Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында – 15 мандат, Қармақшы ауданында – 13, Жалағаш, Сырдария аудандарында – 12 мандат шегі айқындалды. Партиялық тізім бойынша мәслихат депутаттарына сайлау алғаш рет өткізіліп отырған соң, сайлау жарнасын барлық партия өзі енгізеді. Саяси партия өз қаражатын жергілікті атқарушы органдардың шотына партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін заңда белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді, яғни 212 500 теңге. Бұрын сайлауға қатысушы әрбір үміткер бұл жарнаны өз қалтасынан төлесе, енді жарнаны партия төлейді.
– Биылғы сайлаудың басты ерекшелігі ретінде бұрын облысымыздан 147 депутат сайланатын болса, биыл 152-ге артты. Сонымен қатар сайлауда әйелдер мен жастарға 30 пайыз басымдық беріледі. Бұрынғыдай депутаттар арасында дебат өткізілмейді. Бәсекелестік партия арасында болады. Шетелдегі азаматтар үшін 56 мемлекетте сайлау учаскесі ашылады, – деді облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Қожамжар Наурызбаев.
Облыс бойынша 385 сайлау комиссиясында 2817 мүше жұмыс істейді. 9 аумақтық сайлау комиссиясы, 376 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс атқарады. Облыстық бюджеттен комиссия мүшелерін электоралды оқытуға 32 млн теңге қаржы қаралып, 1176 комиссия мүшесін оқыту қараша айының 10-ы мен 20-сы аралығында каскадты әдіспен өткізіледі.
Елімізде індет жұқтырушылар саны күн санап өсіп жатқанын да ескерген жөн. Себебі бұл көрсеткіш қаңтар-ақпан айында да өршиді. Осы орайда сайлауға қатысушылар қатаң талап сақтау қажет. Орталық сайлау комиссиясы сайлау процесіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Денсаулық сақтау министрлігімен "ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңінде COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі ұсынымдар" әзірледі. Денсаулық сақтау вице-министрі, Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Ерлан Қиясовтың айтуынша, сайлау процесінің депутаттыққа кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңінде маска тағып, бір реттік қолғап киген жөн. Сонымен қатар қолды залалсыздандыру мақсатында антисептикті жиі қолданып, адамдар арасында арақашықтық сақтау да маңызды. Мұнан бөлек, қол алысып амандасуға, тікелей қарым-қатынасқа шектеу қойылады.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА
19 қараша 2020 ж. 616 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031