Мемлекеттік қарыздар деңгейі ерекше бақылауға алынады - Тимур Сүлейменов
Қазақстанның мемлекеттік қарыздар деңгейі ерекше бақылауға алынатын болады. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті.
«Мемлекеттік қарыздар деңгейі ерекше бақылауға алынатын болады. Қазіргі уақытта мемлекеттік қарыздың, яғни Үкімет, Ұлттық банк және жергілікті бюджеттердің жиынтық қарыздарының деңгейі ЖІӨ-нің 26 пайызын құрайды. Бұл қауіпсіз деңгей. Ал 2022 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес ол 23,7 пайызға дейін қысқарады», - деді ол. Сонымен қатар ол Қазақстанда Ұлттық қордың валюта қаражатын пайдалану тұжырымдамасы аясында ковенант бар екендігін атап өтті. «Қазіргі уақытта ковенант 97,5 пайызды құрайды. Сондықтан бұл мәселе біздің бақылауымыздың аясында тұр. Біз бірінші кезекте ведомствоаралық комиссия туралы ережені әзірледік. Ол квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарызының шекті көлемін айқындайтын болады. Бүгінде ол Әділет министрлігінің қарауында жатыр және таяу аралықта Үкімет кеңсесіне енгізіледі. Соған сәйкес ағымдағы жылдың ішінде квазимемлекеттік секторлың барлық субъектілермен олардың сыртқы қарыздарын көлемін келісу бөлігінде жұмыстар жүргізіледі», - деді Тимур Сүлейменов.