Доллардың өсуі тауар бағасына қатты әсер етеді – өндіруші
Доллардың өсуі бағаға әсер ететіні сөзсіз, бірақ біз қайткенімен шетелдік тауарларға тәуелдіміз. Бұл жайында «Қазақстанның үздік тауары» көрмесіне қатысып жатқан «Жетісу» аяқ киім фабрикасының менеджері Жадыра Мигманова Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісімен сұхбаттасу барысында айтты.
Менеджердің айтуынша, доллардың құбылып тұруы сырттан келетін шикізат бағасының көтерілуіне әсер етеді.
«Доллардың өскені, әрине, бағаға қатты әсер етеді. Біз шетелдік затқа қайткенмен тәуелдіміз. Мәселен біз келісімшартты жыл бойына бірақ жасап қоямыз, ал доллар өскенде бізге қиынға соғады. Айналып келіп тауардың бағасын еріксіз көтеруге мәжбүр боламыз», -дейді Ж. Мигманова.
Фабрика шикізатты Тараз, Көкшетау, Семейден алдырады екен. Алайда бұл жеткіліксіз екен, аяқ киімнің табандарын Ресей және Түркиядан жеткізеді.
«Арасында үкіметтің тендрына қатысамыз, сол арқылы әскерилерге және арнайы мамандарға арналған аяқ киімдерді де тігеміз. Бұл бағыт бойынша жылына 250 мың аяқ киім тігіледі. Сондай-ақ, күнделікті киюге арналған түрлі аяқ киімін шығарамыз. Жақында қаламыздағы «Гранд Парк» сауда үйінде өз дүкенімізде аштық. Бағаға келсек 17-35 мың теңге арасында», -дейді ол.
Алматылық тағы бір өндіріс орны доллар бағасы өскенімен тауар құнын көтермей ұстап отырғандықтарын жеткізді.
Сабын өнімдерін шығаратын «Адал плэнт» ЖШС-і шикізатты Малазия, Индонезиядан алып келеді екен, дегенімен доллардың өсуіне байланысты көптеген тапсырысты ел ішінде беретін болған.
«Доллар өскенімен тауар бағасын көтеріп жатқанымыз жоқ. Бұған дейін бірден қатты көтерілген кезде көптеген өндірушілер 30-40 пайызға дейін қосты, оның ішінде Түркиялық компанияларды айтса болады, ақыр соңында олар біздің нарықтан кетуге мәжбүр болды. Біз 10-15% көтердік. Қазір шикізаттардың көбін өзімізден іздеуге көштік. Сыртқы қаптамаларының көбін өзімізде тапсырыс берудеміз. Бастапқыда бәрін Түркияға тапсырыс беріп шығартатынбыз. Экспортқа шығып жатырмыз, Қытай, Қырғызстан және Ресейге жеткізудеміз, әрине оларға басқа баға қойылады. Осы экспорттың арқасынада Қазақстандағы бағаны ұстап тұрмақпыз», - дейді «Адал плэнт» ЖШС-нің бизнесті дамыту жөніндегі менеджері Толқын Исабекова.