» » Отбасы бюджеті: үй мен үнем

Отбасы бюджеті: үй мен үнем

   
Үнемшіл адам тиыннан теңге құрайды, ысырапшыл табыс тапқанмен тақырға отырады. Қаржыгерлер тұлғаның табысты болуы тікелей өзіне байланысты екенін айтады, яғни басты мәселе − жоспарда. Осы орайда жас отбасылар үшін бюджетті қалай жоспарлау керек екенін мамандармен бірлесе отырып талқыладық.

                                          
Бюджет: отбасыңыз қай түрін таңдайды?

     Отбасы бюджеті − отбасы кірісі мен шығысын есептей отырып жасалған қаржылық жоспар. Қаржы жоспарын дұрыс құру мен нақты орындау отбасы мүшелеріне тікелей қатысты. Мамандар отбасының қаржылық жоспарын құру сіз таңдаған бюджет түріне байланысты екенін айтады, яғни алдымен бюджет түрін анықтап алған дұрыс. Оған төмендегі 3 категория кіреді:
         1.Бірлескен отбасылық бюджет;
         2.Бөлек отбасылық бюджет;
         3.Араласқан отбасылық бюджет.
Бірлескен отбасылық бюджетдеперлі-зайыптылардың кірістерін бірге жинақтап, қаражатты барлық отбасы шығыны мен жеке шығындарға жоспарлы түрде жұмсауын айтамыз. Көп отбасылар осы тәсілді қолданады.
Бөлек отбасылық бюджетте әр отбасы мүшесі өз табысына жеке иелік етеді. Мұндай отбасылар батыс мемлекетінде жиі кездеседі. Олар бір-бірне қаржы жағынан тәуелді болғысы келмегендіктен, отбасы шығынын жеке төлейді, тек аса көп қаражат қажет шығындарда ғана бірлесіп шешім қабылдайды.
Араласқан отбасылық бюджетбірлескен және бөлек отбасылық бюджет сипатына ие қаржылық жоспар. Бұл жерде отбасы мүшелері бірлесіп ақша жинайды, алайда оған барлық табысын бермейді, алдын-ала келісіп жоспарланған соманы ғана жинап отырады. Ал табыстың қалған бөлігін өз қалауынша жұмсайды.
      Әдетте отбасылық бюджетті есептеу барысында келесі айда жұмсалатын шығын мен кіріс назарда болады. Осы орайда барлық отбасы шығыны, балаларды қамтамасыз ету, отағасының және әйелінің жеке шығынынан бөлек, жуық арада болуы мүмкін тосын жағдайға қаржы қарастырған дұрыс.

Отағасы & отанасы: кім басқарған дұрыс?
Жас отбасы мүшелері отау құрған сәттен бастап бәрінің ортақ мүдде үшін жұмсалатынын ескеру керек. Енді сіз жалғыз емессіз, яғни табысыңызды оңды-солды жұмсай алмайсыз. Көп жағдайда жастар «отбасы бюджетін қайсысымыз басқарған тиімді?» деген сауалға жауап іздеп, әр тарап өз пікірін дәлелдеуге тырысады. Осы орайда ел арасында жиі кездесетін бірнеше жайтқа назар аудардық.
       Ер адам – үйдің асыраушысы, бірақ оны жаратып, бәріне жеткізуші –отанасы. Себебі, базардағы азық-түлік бағасы, коммуналдық төлем, тұрмыстық заттар, баланың киімі мен оқу құралына жұмсалатын қаржыны әйел адам жақсы біледі және орнымен жұмсайды. Бірақ бұл кезде «ақша кімде, билік сонда» немесе «кімнің табысы көп, сол бюджетті басқарады» деген қате пікірден аулақ болған дұрыс.
       Әдетте ер адамның отбасында беделі биік, бірақ бюджетті әкелер жоспарласа ұсақ-түйек дүниелер ескерілмей қалуы мүмкін. Алайда ер адам қаржыны нақты жоспармен жұмсап, қатаң қадағалай алады. Ең дұрысы, табысты бірге жоспарлап, жеке меншікке айналдырмау керек дейді қаржыгерлер. Себебі, ақша − билік немесе абырой емес, бар болғаны екеуіңізге ортақ дүние. Бастысы, отбасы бірлігі, содан кейін ғана бюджеттік жоспар.
 
Үнемшілдік үлгісі

Әлия Тасқараева, қаржыгер:

− Отбасылық қаржыны дұрыс жарату үшін төмендегі қарапайым ережені ескерген абзал. Алдымен, отбасыға ең қажетті дүниені жалақы түскен күні алу қажет немесе одан келесі күні. Себебі, бірнеше күннен кейін ақша жоспарлы емес бағытта жұмсалып, шашырап кетеді.
Өзіңіз ойлағандай өмір сүру үшін қомақты қаражат табудың жолын қарастырған жөн. Болмаса ақшаны барынша үнемдеудің тәсілін табыңыз, мысалы бір айдағы шығын көлемін барынша азайту. Әдетте жас отбасылар өздері ойламаған шығынды ескере бермейді. Мысалы, серуендеуге шыққан сәтте табан астында тамақтануға қаржы жұмсауыңыз мүмкін. Әрине бұл сізге жақсы демалыс сыйлайды, бірақ әмияныңыздан 30-40 мыңның қалай алынғанын өзіңіз де елемейсіз. Сондықтан барынша жоспармен жүру керек.
Ай сайынғы төлемнің нақты есебін шығарып отыру керек. Мәселен су, жарық, жылу, газ, такси төлемі. Коммуналдық төлем бағасын өзгерте алмайтыныңыз белгілі, мысалы 1 м3 суға 70 теңге. Бірақ мұндай ресурсты үнемдемесек, шығынның азаймасы анық. Ал такси қызметін шұғыл жағдай болмаса, пайдаланбаған жөн. Оның орнына жаяу жүрген әлдеқайда пайдалы. Тағы бір мысал ретінде қарапайым салфетканы қарастырайық. Дастарқан басында оны пайдалану мәдениетті көрінеді, бірақ оған да қаржы жұмсалатынын ұмытпаңыз. Оның орнына әдемі майлықтар алып қойсаңыз қажетіңізге жаратып, кез келген уақытта тазарта аласыз. Жарықты да арнайы лампа көмегімен аз пайдалануға болады. Әрине, ондай лампаның бағасы қымбат болуы мүмкін, бірақ 2-3 айда шығынның орны толады. Мұның бәрі елеусіз дүние болғанымен, қалтадағы қаржыға едәуір әсер ететін факторлар.
Супермаркетке кірген сәтте менмұндалап тұратын акцияға қызығудың қажеті жоқ. Әсіресе азық-түлікті акция арқылы алмаған дұрыс, бұл көп жағдайда әйел адамға қатысты. Көбіне заттар «50% акция» деп тұрған сәтте адам миында «арзан баға, ертең бітіп қалуы мүмкін, бүгін үлгерейік» деген ой қылаң береді, солай қажетті, қажетсіз дүниені алу ықтималдылығы жоғарылайды. Сондықтан дүкенге бармас бұрын үйге нақты не қажет екенін жазып алыңыз. Мысалы, 5 кг пияз, 1 кг конфет деген тәрізді. Бұл жаңылысып, асығыс шешім қабылдаудың алдын алады.
Тез бұзылатын өнімдерді ертерек алмаған абзал. Егер сақтайтын қолайлы орын болмаса немесе азық-түлік көбейіп кетсе, оның бәрі жарамсыз болып қалады. Ысырапқа жол бермеңіз.
Шығын шықпас үшін...
Әдетте отбасылық шығын маңызына қарай  негізгі және болмашы деп бөлінеді. Негізгі шығынды азық-түлік, коммуналдық төлем, несие, үйге қажетті жиһаз немесе техника құрайды. Ал екінші топқа киім-кешек, ойын-сауық, демалыс үшін жұмсалатын шығындар енеді. Қаржыгерлер отбасылық шығынды азайту мақсатында төмендегідей әдісті ұсынады.
«5 конверт» әдісі

Бұл әдіс бойынша шығын түрін анықтап, негізгі төлемді конвертке бөліп, салып қоясыз. Конверт саны өзгеруі мүмкін, бірақ басты мақсат қаржыны өзге игілік үшін алмау керек. Сол кезде есеп жүргізу оңайлай түседі.
«Қауіпсіздік» қорабы
Бұл – сізге кез келген жағдайда мүмкіндік сыйлайтын қор. Сол үшін ай сайынғы табыстың 10%-нан 30%-ын депозитке салыңыз. Күтпеген жағдай кезінде (той, науқастанған сәтте, сыйлық алуда) бұл сізге көмектесері анық.   
«Жұмсау», «үнемдеу» және «беру»
   Жанбота Қалдыбаева, "Қайсар" футбол  клубының есепшісі:
− Қазіргі нарықтық кезеңде адами капиталдың дамуы үшін отбасы бюджетін дұрыс жоспарлаудың жауапкершілігі зор. Қандай да бір ұйым алға қарай ілгерілеуі үшін әртүрлі шешімдер қабылдап отырады. Үй шаруашылығын басқару да сол секілді. Дегенмен оның өз ерекшеліктері бар. Әр отбасының қаржылық мүмкіндігі әртүрлі. Отбасы мүшесі саналатын жасөспірім де өз бетімен табыс таппаса, тек ата-анасының берген ақшасын пайдаланса, оның отбасы бюджетіндегі жағдайын пассивті деп айтуға болады. Өмірлік тәжірибемнен қаржыны үнемдей білуге қатысты бірнеше кеңесті ұсынсам. Қалтадағы ақшаңызды үш топқа бөліңіз. Мұны «жұмсау», «үнемдеу» және «беру» деп қарастырсақ болады. Қай бағытта үнемдеп, қай тарапта қанша ақша жинайтыныңызға мән беріңіз. Ақша есебін жүргізе білу үшін өзіңіз жинаған, тапқан және апта ішінде жұмсаған ақшаны есепке алуды үйренген жөн. Содан соң алынған сомаларды кестеге жазған абзал. Бұл міндет өздігінен орындалатын машығыңызға айналып кетуі қажет және қолайсыз жағдай тудырмауы тиіс. Ақшаның қайда кеткенін тұрақты түрде жазып отырған дұрыс. Бұл жаттығуларды бір-екі жыл аралығында әдетке айналдырсақ, отбасылық бюджетті тиімді басқара аламыз.
          P.S. Психологтар отбасында қаржыны сауатты жұмсай білуді бала кезден үйренген дұрыс деп есептейді. Жоғарыда айтқанымыздай, отбасы бюджетіне бекем болу үшін шығынды азайту жолын қарастыру керек немесе табыс табудың қосымша жолын қарастырған жөн. Ең бастысы қаржыны бірге ойласып, бірлесе жоспарлаудың ұтымды екенін ұмытпаған жөн.


Гүлдана ЖҰМАДИН
07 маусым 2019 ж. 2 438 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031