Мониторинг
Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментімен 2019 жылдың 6 айында өнімнің қауіпсіздігін мониторингілеу мақсатында жүргізілген санитариялық-эпидемиологиялық сараптамаға барлығы 2068 өнім сатып алынды. Мониторинг шеңберінде алынған өнімдердің басым көпшілігі тағам өнімдері болып табылады - 1586 сынама, яғни 76%. Бұдан бөлек, сараптамаға балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдерден 105 сынама, парфюмерлік-косметикалық бұйымдардан 133 сынама, тұрмыстық химия өнімдерінен 94 сынама, жеке гигиеналық заттардан 67 сынама алынды.
Жүргізілген зертханалық сараптамалар нәтижесімен сатып алынған өнімдердің 271 үлгісі техникалық регламенттердің талаптарына сай келмей шықты, атап айтқанда, микробиологиялық көрсеткіш бойынша – 78, физикалық-химиялық көрсеткіш бойынша – 75, таңбалануы бойынша – 118 сәйкессіздік анықталды. Олардың ішінде 93 сынама отандық өнімдер үлесінде болса, 146 сынама Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде өндірілген өнімдерге тиесілі, ал 32-сі өзге елдерде өндірілген өнімдер үлесінде. Сәйкессіздіктердің көпшілігі кондитерлік, кулинарлық және құс еті мен оның өнімдерінен анықталды.
Микробиологиялық көрсеткіштер мен басқа да анықталған сәйкессіздіктер бойынша 10 нысан жоспардан тыс тексерумен толық қамтылып, жауапты тұлғаларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес айыппұлдар салынды.
Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымның толық орындалмауына байланысты 7 нысан бойынша істер Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жолданып, сот қаулысына сәйкес әкімшілік шаралар көрілді. 2019 жылдың 6 айында Әкімшілік соттың қаулысымен барлығы 1 237 250 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментімен тағам өнімдерінің қауіпсіздігіне жүргізілетін мониторинг жұмыстары қала мен барлық ауданда әлі де жалғасуда.
Құрметті тұтынушы! Сауда орындарынан кез-келген өнімді сатып алмас бұрын оның әзірленген және жарамдылық мерзіміне, қаптамасында өнім туралы мәліметтердің толық әрі анық болуына, орамасының бүтіндігіне, пішініне, қажетті құжаттарының болуына баса назар аударыңыз. Егер Сіз өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне күмән тудыратын қандай да бір сәйкессіздік анықтасаңыз Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін
қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің сенім телефоны 23-70-22 нөміріне хабарласуыңызға болатындығын хабарлаймыз.
Қызылорда облысының туарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті