Салон салон дегенде...

Әсел мемлекеттік бағдарлама аясында үстемақысы жеңілдетілген несие арқылы 2 млн. теңге алып, өз кәсібін кеңейтті. Салтанатты түрде ашылған сұлулық салоны кәсіби, білікті мамандармен толықты. Мамандар арнайы курстардан біліп алып, шеберлік көрсетуде. Бет әрлеуден бастап, шаш сәндеу, қас-кірпікті әсемдеу сынды түрлерін жасайды. Салон тұтынушысының көп екенін әрлі-берлі жүрген нәзікжандылардан байқауға болады.
"Қазіргі таңда тойға бару үшін де сән салонының қызметіне жүгінеміз. Бір салонға шашты да жасатып, боянып та шығамыз. Ал біз үшін ең маңыздысы – салон қызметкерлерінің жауаптылығы, қызметін сапалы жасағаны. Бұл турасында кейіпкерімізден мін табылмасы анық". Бұл – жалағаштық бойжеткендердің пікірі.
Кейіпкеріміз аудан орталығында кәсіп санын көбейтіп қана қоймай, жұмыссыздар санын да азайтты. Бүгінде сән салонында 4 адам келушілерге жылы шырай танытып, қызмет көрсетуде.
– Негізінен бірнеше жыл сән салонында жұмыс жасап, кейін өз кәсібімді бастадым. Бұл кәсіпке келмес бұрын арнайы курстарда оқыдым. Басқа салондардың жұмысымен таныстым. Әрдайым тұтынушы талғамынан шыға білуге жұмыс жасаймыз. Келген адамдар біздің жұмысымызға ризашылық білдірсе, еңбегіміздің жемісі сол. Сондықтанда ең бірінші сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз, – дейді жас кәсіпкер.
Сән салоны – бизнесті дамыту үшін тиімді кәсіп түрі. Бір көшенің өзінде оннан аса салон болса таң қалмайсыз. Есесіне әрқайсының өз тұтынушалары бар. Біздің кейіпкеріміз Әсел де өз тұтынушысын тапқан. Ол ендігі кезекте кәсібін кеңейтуді жоспарлап жүр. Ол үшін арнайы мамандардың көмегіне жүгініп, үйренгенін тәжірибе жүзінде іске асыруда.
Мөлдір САБЫРЖАН